Тәуелсіздіктің құрдасы, жерлесіміз Асылгүл Амангелдинова “жас кезде үйрен” деген ұстаныммен өмір сүреді. Саламатты өмір салтын ұстанатын келіншек біздің елде таңсық керлинг спортымен де айналысады. Бірнеше жыл Қызылжар аудандық құрамасының мүшесі болды. Ал соңғы үш жылдан бері мұздай суға шомылуды әдетке айналдырған. Шынықсаң шымыр боласың деген ұстанымға берік өңір тұрғынын әңгімеге тартқан едік.
– Қызылжардың қысында өзенге шомылу былай тұрсын, киіммен жүріп тоңып қалуға болады. Ал сіз аяз бен боранға қарамастан экстремалды суға түсумен айналысады екенсіз? “Морж” болғысы келетіндер бұл істі қашан бастағаны дұрыс?
– Мен мұздай суға шомылуды үш жыл бұрын бастадым. Бұған ойда-жоқта келдім десе де болады. Сол жылы желтоқсан айының бір күні Арман деген әріптесім суға түсу челленджіне қатысуға шақырды. Мен қолдау білдіріп, сол жолы алғаш рет өзенге түстім. Бұл істе, ең бастысы, іштегі қорқынышты жеңе білу қажет. Менің алдын ала дайындығым болған жоқ. Алайда “морж” болғысы келетіндерге бұл іске әзірлікпен келуге кеңес берер едім. Ең алдымен, салқын су құйынудан бастау керек. Сондай-ақ күн қатты суымай тұрғанда, яғни шомылуды күзде әдетке айналдырған дұрыс. Қатты тоңуға болмайды. Суық суға түсуді бастағаннан кейін міндетті түрде кемінде аптасына бір рет шомылу керек.
– Мұздай суға түсудің ағзаға қандай пайдасы бар?
– Мұздай суға шомылғаннан алатын әсерді сөзбен айтып жеткізгісіз. Өзіңді жеңіл сезініп, бойыңдағы күш-қуат артады. Денсаулыққа да пайдасы зор, иммунитет көтеріледі. Соңғы кезде әртүрлі вирустық аурулармен, тұмаумен ауырмайтын болдым. Өзімді қашанда жақсы сезінемін. Бүгінде облыстағы “морждар” клубына мүшемін. Ол жерде мен сияқты қыз-келіншектер көп, араларында кішкентай балалар да бар.
– Енді ел арасында аса көп таныла қоймаған керлингке келсек. Бұл қандай спорт түрі, облыста дамуы қалай?
– Керлинг Шотландияда пайда болған, бастапқыда оны фермерлер ойнаған екен. Гранит тастарды қатқан көл бетіне тастап, оны сырғанатып жарысқан. Бұл – командалық ойын, ұжымда төрт ойыншы болады. Көпшілік бұл спортты түсіне бермейді және бір қарағанда өте оңай сияқты көрінеді. Алайда мұнда да тактика керек. Мұз үстінде сырғанап келе жатқан тасты қарсы беттегі “үйге” неғұрлым жақындату керек. Ал ойыншылар 20 келілік тастың жолын тазалап, сырғуына жағдай жасайды. Ептілікті, дәлдікті, айла-тәсілді қажет ететінін айтқым келеді.
Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Спорттың бұл түрі біздің облыста соңғы кездері ғана дами бастады деуге болады. Қазір жастар арасында кең таралған. Жақында жылдың алғашқы жарысы өтпек. Петропавлда Сенная база шағынауданында арнайы мұз айдыны бар. Керлингке арналған мұз алаңы ерекше әдіспен құйылады, оның үсті теп-тегіс болуы керек. Мен – Қызылжар ауданы құрама командасының мүшесі болдым. Нәтижеміз жаман емес, жылда жүлделі орын алып жүрміз. Өзім облыстық турнирде қола жүлдегер атандым.
– Саламатты өмір салтын қанша жастан серік еттіңіз?
– Мен спортқа бала кезімнен әуеспін. Жамбыл ауданында мектепте дене шынықтыру пәнін Сәлімбай Сәдуев деген ағайымыз берді. Сол ағайдың арқасында спорттың барлық түрін жақсы меңгердім. Қандай жарыс болса, соған алып баратын. Баскетболдан, волейболдан аудандық турнирлерді қалдырмайтынбыз. Тіпті футболдан аудан құрамасында да ойнадым. Жеңіл атлетикамен айналыстым, бес асық ойнаймын. 6-7 сыныпта оқып жүргенде ересектердің қатарында “Ақ бидайға” қатыса бастадым. Велосипед тебемін, нысана көздеу спорты да ұнайды.
– Сіз республикалық телеарналардың бірінде өткен интеллектуалдық ойынға қатысып, жүзден жүйрік атанғаныңызды білеміз. Оқуға да көп уақыт бөлесіз бе?
– “Жүзден жүйрік” интеллектуалдық ойынына қатысуға шақырған хабарландыруды әлеуметтік желіден көрдім. Қатысу үшін 15 сұраққа жаңылмай жауап беру керек екен, тапсырманы орындап, жолдама алдым. Қазақстанның әр жерінен келген білімді қарсыластарым болды, бәрі кіл мықтылар, арасында тарихшыларда, тіл мамандары бар. Телебағдарлама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Сұрақтар қиын болды деп айтпаймын, басым бөлігі мектеп бағдарламасынан алынған, яғни мектепте алған білімім көмектесті. Елдің тарихына байланысты сұрақтар қойылды. Оны әр азамат білуге міндетті деп ойлаймын. Жалпы спорттан бөлек, оқуға да көп уақытымды арнаймын.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Мұздай суға түскеніңізге жақындарыңыз қарсы емес пе?
– Жыл соңында, яғни желтоқсанның 31-і күні тұрмысқа шықтым. Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылына келін болып бардым. Жолдасым да спортқа жақын жан, футбол ойнайды, сондықтан қызығушылығымыз бір. Ол мұздай суға түсуіме қарсы болмайды деген ойдамын. Екеуімізді табыстырған да – спорт. Биыл жазда Ақтау қаласына республикалық “Ақ бидай” ойындарына барып, сол жақта таныстық. Енді бірер күнде жұмысымды ауыстырамын, керлингтен Уәлиханов ауданының құрама командасына алындым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.