«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үйренеріміз де, ұтарымыз да көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – өңірдегі көпсалалы жалғыз жоғары оқу орны. Бүгінде оның қабырғасында 6,5 мыңнан астам студент 60 бакалавриат, 70 ма­гистратура, 7 докторантура ма­мандығы бойынша білім алады. Оқу және ғылыми жұмыстармен 29 ка­федра, 7 факультет шұғылданады. Академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар мен доценттер бар 437 оқытушы жұмыс істейді. Жыл өткен сайын мате­риалдық-техникалық база нығайып, білім сапасы жақсарып келеді. Соңғы кездердегі басты жаңалығымыз – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің АҚШ-тың Ари­зона университетіне 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілетіні. Бұл төңіректе әртүрлі, кейде ұшқары, асығыс әңгімелер де айтылып қалып жатыр, сондықтан осы мәселе төңірегінде байыпты талдау жасауға тырысып көрейік.

Жоғары оқу орындарының бір-бірімен қоян-қолтық араласа отырып, білім сапасын жетілдірудің әдіс-тәсілдері, озық технологиялары, бәсекелестік қарым-қабылеті, инфрақұрылымдық, техникалық мүмкін­діктері, кадрлық, оқу-бағдарламалық әлеуеттері бойынша тәжірибе алмасатын халықаралық үрдіс бұрыннан бар. М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университетінің тығыз әріптестік байланысқа ұмтылысы – соның бір мысалы. Бүгінгі уақыт талабынан туындаған өміршең жоба жайлы идея әбден иіні қанып, түрлі талқылаулардан өткен. Тиісті орындар тарапынан қолдау тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр білім саласындағы стратегиялық се­ріктестікті қамтамасыз ету үшін Ари­зона университеті делегациясымен кездесуінде шетелдік және отандық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік, ғылыми және академиялық даму жайы жан-жақты талқыланған болатын. Мемлекет басшысы жаhандану үдерісінің әлем елдеріндегі білім беру саясатына тигізетін әсері артып келе жатқанын айта келіп, кейінгі жиырма жыл ішінде еліміз жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жандандырып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестік қатынастар көптеген саланы қамтып отырғанын, әсіресе ғылыми зерттеу және студенттер мен оқытушылар алмасу бағыттарындағы ықпалдастық үлкен маңызға ие болғанын атап өткен.

Аризона университеті еліміздің Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық серіктесі болу, сондай-ақ білім беру сапасын бірлесе арттыру жөніндегі бастамаға қолдау білдірген. Осыған орай әлемнің жетекші оқу орындарымен байланыстардың кеңеюі отандық университеттердің академиялық және зерттеушілік әлеуетін арттыруға мүмкіндіктер беретін басымдығы жан-жақты зерттеліп, америкалық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық аясында өңірлік университет базасында халықаралық стандарттарға сай бірлескен білім бағдарламалары әзірленді.

Аризона университетінің өкілдері өңірімізде үш рет болып, стратегиялық серіктес ретінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін таңдауының өз себебі де жоқ емес. Біріншіден, Солтүстік Қазақстан – инвестициялық климаты қолайлы облыс. Екіншіден, білім беру саласында оң өзгерістер көп. Үшіншіден, университет болашақта отандық және шетелдік жастар шоғырланатын қалашыққа айналады деген үміт бар. Мұндай дәрежеге сәйкес болу мақсатымен заманауи оқу корпусы, 1200 орындық екі жатақхана тұрғы­зылуда. Білім ордасы толық жаң­ғыртудан өтіп, материалдық-техникалық база айтарлықтай нығаяды. Сонымен қатар студенттердің санын 10 мыңға дейін жеткізу межеленген. Осы жоспарды іске асыруға Аризона университетімен арадағы ынтымақтастық та өз септігін тигізбек.

Қоғамдық, ғылыми-зерттеу бағытындағы оқу ордасы саналатын Аризона университетінің іргетасы 1885 жылы қаланған. Содан бергі аралықта бір миллионға жуық маман даярлаған екен. Әлем бойынша 600-ден аса жоғары оқу орнымен бай­ланыс орнатқан. Ғылымға ерекше басымдық беріледі. Тек былтырдың өзінде ғана студенттер жүргізген зерт­теу жұмыстарына 850 млн. АҚШ дол­лары бөлінген. NASA ғарыш агенттігімен бірлесіп, бірнеше жобаны игеруде. Оқу орнында Нобель сыйлығының – 3, Пулитцер сыйлығының 2 иегері қызмет атқарады.

Біздің алға қойып отырған басты мақсатымыз – АҚШ-тағы сапалы білімді қазақстандық жастарға қолжетімді ету, білікті мамандардың елімізде орнығып, қалыпты еңбек етуіне ықпал жасау. Мұндай мүмкіндікке бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қол жеткізіп отыр. Студенттер мұхиттың арғы жағалауындағы оқытушылардың сабақтарына онлайн форматта қатысып, дәріс тыңдай алады. Бұдан бөлек, академиялық ұтқырлық пен қосдипломды білім беру жүйесі де қарастырылған.

Игі бастаманы жүзеге асыруға Білім және ғылым министрлігі мен облыстық әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалған. Бүгінде екі университет пен министрлік арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Оның аясында қосдипломды білім алу, жоғары білікті оқытушыларды тарту, зерттеу әлеуетін арттыру, озық тәжірибе орталықтарын құру жайттары ойластырылған. Жаңа кәсіптер атласы негізінде инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленіп, шетелдік әріптестермен академиялық білім алмасу шаралары жалғасын табады. Мұның бәрі университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, зерттеу және инновациялық экожүйесін қалыптастыруға бағытталады.

Қазіргі кезде М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ды Аризона университетінің басқаруына беру туралы заңдық, құқықтық, ұйымдық шаралар рәсімделіп, жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстары басталып кетті. Бұл кезеңде іріктеу жаңа ережелер мен стандарттар бойынша жүргізіледі. Сөз арасында, мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру меншік құқығының сенімгерлікпен басқарушыға ауыспайтынын, яғни мүлікті сенімгерлік басқару шартымен рәсімделетінін айта кеткен жөн. Се­німді басқару шеңберінде универси­теттердің оқу базасы мен бағдарламасы өз стандарттары негізде түзіледі. Атап айтқанда, университеттің негізгі ережелері мен жарғысына сәйкес Аризонаның оқу бағдарламалары енгізіледі. Студенттерге дәріс беруге оқытушылардың 30 пайыздайы шетелден тартылады. Ең бастысы, қаржылық адалдық бойынша жоғары көрсеткіш көрсету қажет. Бұл тікелей аккредитациядан өтіп, халықаралық рейтингте жоғары орынды иелену үшін маңызды. Аризона оқытушылары сабақ беретін арнайы студенттер тобы құрылып, бес жыл көлемінде жыл сайын бір мыңға жуық грант бөлінбек. Жергілікті студенттер Аризонадағы кампуста бір семестр оқуға жіберіледі. Бұл студенттер М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университеттерінің дипломын қатар алады.

Қолжетімді әрі сапалы білім – Мемлекет басшысы ұстанған басым бағыттардың бірі. Парламент Мәжілі­сінде сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрлігі алдына сапалы білімді қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойды. Солардың бірі – жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, соған орай Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу. 2025 жылға таман кемінде 5 филиал құруға тапсырма берілді. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену келмеске кеткенін, басымдықты техникалық мамандықтарға беру қажеттігін атап көрсетті.

Біз осы бағыттағы жұмыстарға қызу кіріскенімізді атап өткім келеді. Сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталып, университет базасында халықаралық кампус құру жұмыстары жалғасуда. Арнайы бағдарламада үш тілде білім беруге негізделген, инженерлік, агротехникалық, жаратылыстану, педагогикалық мамандықтарға үлкен мән берілген. Ең бастысы, білім беру бағдарламасы бірегей болады. Университет оқытушылары біліктілік арттыру курстарына жіберіліп, АҚШ-тан тағылымдамадан өтеді. Екі тараптың шарт-талаптары, ұйымдық, құқықтық мәселелері айқындалған­нан кейін бірегей академиялық жоба жаңа оқу жылынан бағдарламаға енгізіліп, оқуға бір мыңдай талапкер қабылданбақ.

Ерлан ШУЛАНОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың басқарма төрағасы – ректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp