Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобының өмір сүру деңгейін арттыру, масылдық көңіл күйді барынша азайту және өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылардың нақты кірістерін арттыру мақсатында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (МАӘК) көрсету биыл да жалғастырылады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен азаматтарға төленетін уақытша қаржылық қолдау. 2021 жылы жалпы сомасы 704,9 млн. теңге болатын көмекпен 10326 азамат немесе 2470 отбасы қамтылды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда өткен жылы көмек алушылар саны 6,5 пайызға азайғанын көрсетеді. Үстіміздегі жылы осы қолдау түрімен 930,1 млн. теңге сомасына 7157 азамат немесе 1602 отбасы қамтылады.
Көмек көрсетудің негізгі бағдары табысы аз азаматтардың табыстарын есепке алудың ашықтығы және еңбекке тарту, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету есебінен ынталандыру болып табылады. Осыған байланысты, еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтілді, мысалы, ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан немесе жасалған әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда отбасының барлық мүшелері қолдау алу құқығынан айырылады.
2021 жылы 671 аз қамтылған азаматқа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орны, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, жастар тәжірибесі, сондай-ақ бизнесидеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру, ара шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, тігін ісі, жиһаз жасау, қызмет көрсету саласы және т.б. сияқты кәсіпкерлік қызметпен айналысуға жәрдем берілді. Жұмыспен қамту шараларына қатысқан 600-ден астам отбасы материалдық жағдайын жақсартып, аз қамтылғандар санатынан шықты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл ақшалай төлемдерден және жұмыспен қамту шараларына жәрдемдесуден басқа, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, мектепке дейінгі жастағы балалар қолдау алу кезеңінде оларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары ұсынылады. Азық-түлік жиынтықтары Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары бойынша физиологиялық ерекшеліктерді, өнімдердің тағамдық және энергетикалық құндылықтарының арақатынасын және оларды жасына сәйкес пайдалану нормаларын ескере отырып топтастырылады. Сондай-ақ мектеп жасындағы балаларға тиісті оқу жылы кезеңінде мектепте ыстық тамақ, мектеп формасы немесе спорттық киім, жазу керек-жарақтары беріледі, қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүру көзделген.
Биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті ұсыну кезінде әлеуметтік әмиянды есептеу жоспарланған, алушыларға банк картасын пайдаланудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Әлеуметтік әмияннан қаражатты банк картасына аударып, оны әдеттегідей пайдалануға болады немесе қолма-қол ақшамен ала алады. Әлеуметтік әмиянға есептелген қаражат банктер, коллекторлар және салық органдарының өндіріп алуынан қорғалады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жеке куәлік жеткілікті. Осы құжатпен ауылдық округ әкіміне, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталалығына жүгінуге немесе “электрондық үкіметтің” “eGov.kz” порталы арқылы өтініш беруге болады.
Жаслан ТӨЛЕГЕНОВ,
облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек және бюджеттік қаржыландыру бөлімінің жетекшісі.