Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тікелей қолдауымен өңіріміздегі жас қаламгерлердің кітаптары баспадан шықты. Сағындық Сәбитұлының “Дөңдегі ауыл”, Аманжол Зағыпардың “Тағдырымның тамшылары”, Нұргүл Оқашеваның “Нұр” атты жинақтары мен “Қызылжар ақындар антологиясы” атты кітап оқырманға жол тартты. Жаңа жинақтар Алматыдағы “Алейрон” баспасынан басылып шықты. Бұл – Қызылжардың жас қаламгерлерінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуы.
– Бірден төрт қаламгердің кітабының жарық көруі өңір басшысының мәдениет саласына деген айрықша қамқорлығы десек те болады. Игі бастама жалғасын табады деген үміттемін. Қызылжар – ежелден ақын-жазушы, әнші-жыршылардың мекені. Киелі топырақта атақты жазушылар салып кеткен сара жолды жалғайтын жас қаламгерлер баршылық, – дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдриисов.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.