«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Петропавлда кәсіпорыннан өрт шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы «Радуга» ЖШС цехтарының бірінен өрт шығып, өрт сөндірушілерге үшінші деңгейлі шақырту бойынша жұмыс істеуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Радуга» ЖШС-нің өндірістік нысандарының бірінен өрт шыққаны жөнінде хабарлама сағат 7.00 шамасында түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде цех қою түтінге оранып үлгерген екен. Мамандар бірден іске кірісіп, «Нива» көлігін ангардың ішінен шығарды. Шамамен 40 минуттың ішінде өрт толығымен сөндірілді.

«Радуга» ЖШС-де гранула жасайтын станок істен шығып, электр сымдарынан өрт тұтанған. Үшінші нөмірлі, яғни жоғары қауіпті шақыру бойынша жұмыс істедік. Өйткені білдек тұрған ғимараттың аумағы 1,5 мың шаршы метр. Жалынның әрі қарай жайылуына жол бермей, тез қимылдау керек болды. Нәтижесінде бір білдек қана жанып кетті. Зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ. Шығын мөлшері анықталатын болады», – дейді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Владимир Хутинаев.

Маманның айтуынша, Петропавлда жыл басталғалы 10 өрт тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 %-ға аз. Сондай-ақ қаңтар айында өлім-жітім болған жоқ. Өткен жылы бір адам қаза тапты. Өрттердің басым бөлігі жылыту қондырғыларының дұрыс істемеуінен шығады.

Ал бүгін Петропавлдағы Ж.Жабаев көшесі, 151 үйде орналасқан «Фараон» дәмханасында өрт шықты. Шақырту сағат 11.37 минут кеткенде түскен. Өрт мангалдың желдету құбырында тұрып қалған майдан шыққан. Мамандар жалынның таралуына жол берген жоқ.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp