1931 жылдың қаңтар айында Шыңғыстауға (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының маңы) сол кездегі Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, жазушы Сәбит Мұқановтан арнайы хат келеді. Хатта ол Шәкәрімнің еңбектерін басып шығаруға көмектесетінін және сол үшін қолжазбаларын жіберуді өтінеді. Кейін Шәкәрім Құдайбердіұлы Сәбит Мұқановқа жауап хат жазады. Хат мәтіні “Шәкәрім: ғылыми-танымдық басылымынан” (Алматы, 2013, 377-379 беттер) алынды. Сол жылдың күзінде Шәкәрім Құдайбердіұлы жазықсыз атылғаны белгілі. Демек, бұл соңғы хаттарының бірі болуы мүмкін. Хат мәтінін газет оқырмандарына ұсынбақпыз.
“Ардақты Сәбит бауырым! ХII. 11 жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгiнгi Аягөзге жүрмек адамнан осы хатымды асығыс жаздым. Қолымда барынан аз ғана жазбамды жiбердiм. Олар: “Бәйшешек бақшасы”, “Нартайдың әңгiмесi”, “Қазақтың түп атасы”, 25 жасымда жазған “Бозбала мен кәрiлiк”, 32 жасымда жазған “Баламен айтысып жеңiлгенiм”. Қолымда қаражаттың жоқтығынан бұларды өзiңiз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған “Қазақ айнасы”, “Еңлiк – Кебек”, “Қалқаман – Мамыр” деген өлеңдерiмдi әрбiрiнен өз қаражатыммен 1000 дана бастырып елге таратып едiм. “Қазақ қырғыз, хандар, түрiк” шежiресiн де бiр мың қылып бастырып таратып едiм. Соларды балаларға iздетiп, шежiренiң бiр жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшiрiп жатырмын түзетiп. “Әдiл-Мәрия” деген романымның көшiрмесi Алматыдағы осынан барып қызметке тұрған Бақдәулет Құдайбердiұлында шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинский көшеде, №63. Сол балада Американың Бичер-Стоу деген әйелi жазған құлдар тұрмысы жайынан “Том ағай балағаны” деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бiрақ оларды бастырам деп рұқсат алып едi. Бұл екеуін бір баламыз өлең де қылып еді. Табылса, менiң сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесiн өзiңiз бiлесiз.
Қолымда “Шын бақ әңгiмесi” деген пьесаға аударуға лайықты бiр романым бар болса да, басқа кiсi оқи алмастық черновой болғандықтан көшiрмей жiберуге болмайды. Және Пушкиннiң “Дубровский” деген романын қазақша өлеңге аударып, ана бiр жылы Семейде бастырып едi. Ол үйде бар едi, мына адамнан жiберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерiм бар еді. Бiрiншi, уақыт тығыз болып, екiншi, 45 жасымнан бергi өлең сөздерiм философия жағына салынып, “об отвлеченного вопроса объективное рассуждение” болғандықтан, “өкiмет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба” деп жiбермей қалдым. Себебi – жан сыры, жаратылыс сыры, дүниедегi тамам шатақ дiндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенiмде “Жан не? Дiн не? Барша адам қалай жаралған? Адамға Жаратушы жағынан не өзiнiң ар, ынсабы жағынан салынған мiндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлгеннен соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не қылған жөн?” деген сияқты ылғи дене сезiмiмен сезiлмей, iш жаққа, әдетiне, дiнiне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын – нүктесi таза ақылмен ғана бiлетiн iстер туралы: дiн ғылымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кiтап, айтқан сөздерiн өзiмше сынға алып, дұрысын алып, терiсін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен “пәлен пайғамбар, түгілен философ, профессор айтты” дегенге тоқтап қалмайын. Өз ақылым қабыл алмағанды кiм айтса да терiс көрем. Бiрақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кiм болса да бас ұрам. Мақтанып кеттiм. Мақтан емес, iздегенiм тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмайым. Ерiксiзбiн. Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылық арым “барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жiберiп, алдымен осыны басуын неге тiленбейсiң?” деп еркiмдi билеп, “Жан сыры, жаратылыс сыры” деген қысқаша қорытындымды тағы жiбердiм.
Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға жақсы переводпен (смыслын) переводтап, ғылымды азаматтың бiрi еңбек етiп, переводын өзiме көрсетер ме едi? Қазақшасы тез басылып шығар ма едi? Тiрi күнiмде не қарсы айтылған дәлелдi сындарын, не бiлiмдi ойшылдардың қабыл алғанын бiлiп өлсем армансыз болар едiм. Бұл “Жан сыры, жаратылыс сыры” басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтiнем. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрiн қайтарып отырарсыз.
Тағы бiр тiлегiм – менiң қай жазбам болса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан елу данасын жiберсеңiз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшiн. Қайсысы басылса да, “Мұтылған” деген атыммен басылғаны жөн болар едi. Бiр сөзiм, менiң кейбiр өлеңдерiм қазақты бұрынғы өлең, жырларының әнiмен айтылмайды. Әрқайсысының өзiм шығарған әнi (мотивi) бар. Әндi хатпен ұғындыруға болмайды. Өзiм барып ұғындыруға, жергiлiктi өкiмет басындағы кейбiреулердiң қараңғылығынан, қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр. Қош! Бақытты болыңыз!
Мұтылған (Шәкәрiм Құдайбердiұлы).
“Хат 1931 жылдың
3 ақпанында жазылған”.
Баспаға ұсынған
Зарқын Тайшыбай,
Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.