«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК — ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық басшыларының тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде меморандум әзірленді. Құжатта әр елді мекеннің ерекшелігі, даму деңгейі ескерілген. Өйткені бір ауылда әлеуметтік нысандар жұмыс істесе, енді бірінде тіпті балаларға арналған қарапайым ойын алаңы да жоқ. Биылдан бастап жергілікті билік бұл олқылықтарды жоюды қолға алмақ. Ауыл-аймақты көркейтуге шаруашылықтар қол ұшын береді.

Ауылда егін егіп, мал бағып байып отырған шаруашылықтар сол елді мекеннің көркеюіне өз үлесін қосуы тиіс. Тұрғындардың тілегіне құлақ асып, жағдайларын жасауға міндетті. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің арасында бұл жұмыстан ат тонын ала қашатындар да баршылық. Жағдай жасалмаған ауылда жастар қайдан тұрақтасын? Салдарынан елді мекен болашағы жоқ деп танылып, құрып кетіп жатыр.

– Өңірде өз жұмысшыларына жағдай жасамайтын кәсіпорын жетекшілері бар. Ондай бизнесмендердің жұмысы да жүрмейді. Өйткені ауыл тұрғындары жақсы өмір іздеп қалаға кетеді. Салдарынан кадр жетіспеушілігі мәселесі туады. Дұрыс жалақы төлемеген соң өз міндетін тиісті деңгейде орындағылары да келмейді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аққайың ауданының Полтавка ауылында тұрғындармен өткен кездесуде.

Ауылдарды дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарламалар да бар. Алайда бұл – жеткіліксіз. Сондықтан шаруалар елді мекенді аббаттандыруға, көркейтуге үлес қосқаны жөн. Серіктестіктер жыл сайын есеп беру жиынын өткізіп, оған барлық тұрғындар қатысуы тиіс. Бұл заңмен бекітілгенімен, әзірге орындалмай келеді. Кейбіреулері бұл талапты тек қағаз жүзінде атқарады, өйткені ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Биылдан бастап бұл кездесулердің өткізілуі бақылауға алынбақ.

– Осындай кездесулерде, менің пікірімше, міндетті түрде ауылды дамыту жоспары талқылануы тиіс. Себебі бизнесмендер, сол жерде жұмыс істеп, сол жерден пайда тауып отыр. Сондықтан ауылды дамытуда мемлекетпен қатар жауапкершілікті сезінуі керек. Сол жерде еңбек етіп жатырсың ба, халқына көмектес, жағдай жаса, – дейді Құмар Ақсақалов.

Облыста басқаларға үлгі боларлық кәсіпкерлер де баршылық. Мәселен, “Полтавское” ЖШС-ы ешқандай меморандумсыз-ақ ауылдық округтің тұрғындарына бұрыннан қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын отын және көмірмен қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызып, ескілерін қалпына келтіру үшін қаражат бөледі. Айталық, 2019 жылы серіктестік фельдшерлік-акушерлік пункт салып, моншаны күрделі жөндеуден өткізді. Жұмысшыларына арнап үй салып, мал ұстайтындарды жем-шөппен қамтиды.

– Шаруашылық есебінен үйлерге су мен кәріз жүйесі тартылды. Тіпті жиһаз алуға да көмектесеміз. Үйлерге мал қорасы салынып, ауласы қоршалды. “Полтавское” серіктестігі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп көңіл бөледі. 2021 жылы осы мақсатқа 314 млн. 697 мың теңге жұмсалды. Әлеуметтік сала қызметкерлеріне және өз жұмысшыларымызға арнап 6 баспана тұрғыздық. Қазір ауылға өзге облыстардан адамдар көшіп келіп жатыр. Бәріне жұмыс бар, – дейді “Полтавское” ЖШС-ы директорының орынбасары Ерлан Зікірин.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандум ауылдардың дамуына серпін беруі тиіс. Әкіммен кездесу барысында тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, Полтавка елді мекенінде балалар көп, басым бөлігі спорт секцияларына барғылары келеді, алайда ауылда жаттықтырушы жетіспейді. “Меморандум талаптарына ауылға қажетті мамандарды тартуды да қосуға болады. Спорт және би залы болса, онда жұмыс істейтін маман міндетті түрде болуы қажет”, – деді облыс әкімі.

Илья Кудряков,

журналист.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp