«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірде бес жылда 400-ден астам ауыл мектебі жаңғыртылмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 2 млрд теңгеге 21 мектеп күрделі жөнделмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының алқа отырысында ведомство басшысы Нәзір Жәшібеков биыл да білім беру нысандарын жөндеу жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді. Бүгінде осы салаға облыс бюджетінің 35 %-ы бағытталып келеді. Нәтижесінде былтыр 4 млрд теңгеге 52 мектеп күрделі жөнделді. Осылайша соңғы үш жыл ішінде облыс мектептерінің 64 %-ы жөнге келтірілді.

«Былтыр елде «5000 мектепті жаңғырту» жобасы басталды. Соның аясында былтыр 84 ауыл мектебінің кітапханалары, асханалары жаңғыртылды. Пәндік кабинеттер, жиһаз және 237 млн теңгеге 18 автокөлік сатып алынды. Биыл 24 нысан, соның ішінде 21-і «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделеді. Сондай-ақ 28 пәндік кабинетті, мектеп жиһазын, көркем әдебиетті, лизингке 29 мектеп автобусын сатып алуды жоспарладық. 44 білім беру мекемесінің қазандығы ауыстырылады. Жалпы 5 жыл ішінде 416 мектепті жаңғыртамыз», – дейді Нәзір Жәшібеков.

Былтыр облыс орталығының толық комплектілі мектептері жан басына қатысты қаржыландыруға көшті. Осылайша 47 мектеп өз қаржысын өз керегіне жұмсауға мүмкіндік алды.

«Орын жетіспеушілігі, апатты және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу міндеті тұр. Әсіресе облыс орталығында мектептерге бала сыймай жатыр. Бұған дейін 600 және 900 орындық екі мектеп салынды. Былтыр 900 орынға арналған тағы бір мектеп пайдалануға берілді. «Копай» ауданында 1200 орындық білім ордасын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Петропавлдағы қажеттілікті толық қанағаттандырады. Бұдан басқа Тайынша ауданының Вишневка елді мекенінде апаттық мектептің орнына 120 орындық жаңасы салынып жатыр», – дейді басқарма басшысы.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp