«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азаматтар табысын арттыру — басты міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында елдің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы баяндалып, биылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды. Жиынды ашқан Президент былтыр ел экономикасының 4 пайызға өскенін, бірақ қаңтар оқиғасы біздің өмірімізді түбегейлі басқа арнаға бұрып жібергенін айтты.

– Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық – 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға ұлғайды. Дегенмен инфляция деңгейі межеден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Тәртіпсіздік салдарынан көптеген қазақстандық зардап шекті. Шағын және орта бизнес шығынға батты. Соңғы деректер бойынша бизнеске 100 млрд. теңге көлемінде залал келді. Жаңа үкіметтің алдында ел экономикасын тұрақтандыру және инфляцияны төмендету бойынша міндет тұр. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде санауымыз қажет. Ең бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыруымыз қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Президент қазіргі сәтте елде миллионға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөріс мөлшеріне де жетпейтінін жеткізді.

“Табыс – келешекке деген сенімді оятып, халықтың әл-ауқатын арттыратын басты фактор. Өкінішке қарай, соңғы уақытта халық табысы экономиканың жақсаруы есебінен емес, әлеуметтік трансферт есебінен өсті. Тек қана әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыға күн көріп отырған адамдар да аз емес. Бес жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға қысқарған. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға өскен. Қазір азаматтардың табысы жалақыға емес, бюджет шығынына тәуелді болып тұр. Қарызға батып, кедейлікке ұрынған адамдар саны көбеюде. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынды азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс”, – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент әкімдердің бюджеттік дербестігі туралы да сөз қозғады.

“Барлық деңгейдегі әкімдердің бюджеттік дербестігін арттыру қажеттілігіне арнайы тоқталғым келеді. Өңірлердің 82 пайызы дотацияда отыр, бұл дұрыс емес. Бұл – біздің әдістемеміздің, бюджетаралық қатынастардың ерекшелігі. Әкімдер қашан көрсең жалпы және мақсатты мәндегі трансферт сұрап министрлік табалдырығын тоздырып жүреді. Сосын орталық деңгейіндегі шығыны мол бастамалар “Жергілікті бюджетке лақтырамыз, ал әкімдер өздері реттеп алсын” деген ұстаныммен шешіледі. Қазір олай жұмыс істеуге болмайды”, – деді.

Мемлекет басшысы формальды ережелер мен процедураларды көзсіз ұстану процестің нәтижеге қысым көрсетумен аяқталатынын да айтты.

“Жылдар бойы тапсырмалар беріліп, сарапшылар рекомендациялар әзірлеп келеді. Бірақ соның бәрі бюрократия батпағына батып, кертартпалыққа ұрынып жатады. Сондықтан да бюджеттік жоспарлау бойынша шешімтал реформа жүзеге аспады. Мұны қалай түсінуге болады? Жаңаша жұмыс істеуге қабілеттің жетпеуі ме, әлде өздері бас июге мәжбүр болып отырған министрлік пен әкімдіктерге әсер ету тетіктерін жоғалтып аламыз деп қорқу ма? Сол себепті цифрландыруға сәйкес теңдестірілген шешім қабылдауға бір ай уақыт беремін”, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында сөз алған Премьер-Министр Әлихан Смайылов былтыр ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрап, тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторы – нақты сектор болғанын атап өтті.

“Өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,38 пайызға жетті. Тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі экономикаға салған инвестициялар 9,5 пайызға ұлғайды. Тікелей шетелдік инвестициялар 2021 жылдың 9 айында шамамен 50 пайызға өсіп, 18,8 млрд. долларды құрады.

11 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда мен инвестиция тарту саласында біраз өсім байқалды. Сыртқы сауда айналымы 15,4 пайызға өсіп, 91,4 млрд. долларға жетті. Тауарлар экспорты 25 пайызға артып, 54,5 млрд. долларды құраса, импорт көлемі 4,2 пайызға өсіп, шамамен 37 млрд. доллар болды”, – деді Үкімет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті “Атамекен” ҰКП-ның мүшелік жарнасынан босатуды тапсырды. Мемлекет басшысы отандық бизнес құрылымындағы шағын компаниялар үлесінің 90 пайызды құрап отырғанын мәлімдеді.

“Палатаны реформалау кезінде оның шағын бизнесті дамыту, қорғау және қолдаудағы функционалын біріктіру қажет. Бұл ретте шағын бизнесті міндетті мүшелік жарнадан босату маңызды”, – деді Президент.

Ә.Смайылов қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің шұғыл берген 108 тапсырмасының 44-і орындалғанын, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймағында қоғамдық тәртіп қалыпқа келгенін айтты.

“Коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілді. Жанар-жағармайға және газға шекті бағалар белгіленді. Үкімет жанында отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Утилизациялық алымдар мемлекетке берілді. 100 пайыз мемлекеттік ұйым – “Жасыл даму” акционерлік қоғамы жауапты оператор болып айқындалды”, – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, автокөлік пен ауылшаруашылық техникаларына салынатын утиль алымы айтарлықтай төмендейді. Бұл бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар Премьер-Министр жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы үшін 100 млрд. теңге бөлінетінін де жариялады. Жиын барысында Мемлекет басшысы отандық автоөндіріс жайына да көңіл бөліп, өнеркәсіп саясатында негізінен автокөлік жасау саласына басымдық берілгенін, алайда отандық өнім үлесі әлі де төмен екенін айтты. “Ашылып жатқан жұмыс орындары да аз. Өнеркәсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуға тиіс. Әсіресе даму мүмкіндігі жоғары салаларға баса мән беруді тапсырамын”, – деді. Сонымен бірге утилизациялық алым мәселесіне де пікір білдірді.

– Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утиль алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы, тұтынушылар үшін автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін, – деді Президент жиында.

Пандемия дауылынан банк секторының аман шыққаны әрі біршама табысқа жеткені де белгілі. Әрине, кірісі мол саланың тиімділігін оңды пайдалана білу қажет. Мұны Президент жиі айтып жүр. Осы жолы да арнайы тоқталып, банктерді тиімді жобаларды несиелеуге ынталандыратын реттеушілік механизм құру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ инфляция деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайыз дәлізінде болуға тиіс деп тапсырма жүктеді.

“Ұлттық банк инфляция дәлізін 2022 жылы 4-6 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 3-4 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін тәуелсіз ақша-несие саясатын, ақылға қонымды саясат ұстану керек. Нақты экономиканы кредиттеу туралы да ұмытуға болмайды. 2018 жылдан бері банк секторын орнықты дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Проблемалы кредиттердің шығынын жабу үшін банктерге 700 млрд. теңге бөлінген. Алайда банктер тарапынан кредит қолжетімділігі және көлемі бойынша қарымта қадам байқалып отырған жоқ. Ескі проблема. Үнемі айтып жүрміз. Өтімділігі жоғары профициттер өсіп жатыр. Бұл проблеманы білеміз. Ол банктердің атын да білеміз. Бүгінде аталған профицит 12 трлн. теңгедей болған. Бұл қаражат экономикаға, оның ішінде бизнестің ақылға қонымды жолмен дамуына, ипотекалық нарыққа жұмыс істеуі керек. Реттеу тетігін құру керек. Сол арқылы банктердің тиімді жобаларды қаржыландыруға ниеті болуы керек. Бұл – Ұлттық банктің жаңа басшылығы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті”, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ұлттық банктің жаңа төрағасы Ғалымжан Пірматов дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізу жалғасатынын мәлім етті.

“Баға өсімін одан әрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Ол Үкімет тарапынан тауар нарықтарындағы дисбаланстарға жол бермеуге бағытталған жүйелі шаралармен қатар орындалуға тиіс”, – деді Ғ.Пірматов.

Президент шұғыл түрде орындауды міндеттеген тағы бір сектор – кеден саласы.

“Кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет. Бұл бюджет үшін айрықша маңызы бар сала. Тағы да қайталап айтамын, ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары ауыр болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 млрд. доллар болуы соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін”, – деді Президент.

Мемлекет басшысы саланың қызметін заң бойынша қатаң реттеуді тапсырды. Сондай-ақ кеден мен логистика саласындағы проблемаларды халықаралық ойыншыларды тарту арқылы шешуге болады деген нұсқа айтты. Қ.Тоқаев отырыс барысында еркін экономикалық аймақтар қызметін де сын тезіне салды. Президенттің айтуынша, ең алдымен бюджеттегі тиімсіз әрі шығыны көп жобаларды анықтап, одан түбегейлі бас тарту қажет.

– Еркін экономикалық аймақтардың көбі инвестиция әкелу ісінде тиімді болған жоқ деп бірнеше рет айтқанмын. Ал оларға шамамен жарты трлн. теңгедей болатын ауқымды салықтық ынталандыру топтамасы берілді. Нәтижесінде, не алдық? Кейінгі үш жылда аталған еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан да аспайды. Ал олардың экспорттық үлесі тіптен жалпы ел экспортының 0,1 пайызына ғана тең. Осы мәселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған Индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық одақтардың басшылығы пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлықты емес. Олардың әкімшіліктерін тәртіпке шақырыңыздар. Үкіметке бір ай уақыт беремін. Заңға өзгеріс енгізуден бастап қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар, – деп міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын садағына құрылыс саласы да ілікті. Ол елде санаулы құрылыс компаниясының ғана үстемдікке ие болып отырғанын, коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс та солардың қолына шоғырланғанын атап өтті. Айтуынша, ондай компаниялар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізіп отыр.

“Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиядан арылту және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын. Ондай монополист компаниялардың аты да белгілі. Тендерді ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беретін, олар тағы басқа қосалқы мердігерлерге беретін компаниялардың атауы белгілі. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын”, – деді Қ.Тоқаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жыл сайын елімізде салынатын тұрғын үй көлемінің артып келе жатқанын айтатыны белгілі. Биылғы меже – 17 млн. шаршы метрге жеткізу. Мемлекет басшысы бұл деректің қаншалықты сенімді екенін тексеру қажет дегенді баса айтты.

– Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан 1 млн. шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордадағы ахуал – осының айқын дәлелі. Қалада алдағы 3 жылда сағатына 900 Гкалл жылу тапшылығы болуы мүмкін. Дәл осындай мәселе кейбір облыс орталықтарында да бар. Құрылыс жоспарын ескере отырып, оған қанша коммуналдық инфрақұрылым қуаты қажет болатынын болжай білуі керек. Үкімет бұл жұмысты әкімдермен бірлесіп атқаруға тиіс. Осы талдаудың негізінде нақты шаралар қабылдау қажет. Мұнан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.

– “Отбасы банк” пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Квазимемлекеттік сектор мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент сөзінше, квазимемлекеттік сектордың инвестициялық жобаларының құны тым асыра көрсетілетіні жасырын емес.

“Оны аз десеңіз, құрылыс барысында баға тағы да өседі. Бүгінде “Самұрық-Қазына” қоры 12 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл – энергиямен қамтамасыз етуге, газ өндіруге, темір жол инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар. Жұмыстың жалпы құны – 3,4 трлн. теңге. Әрине, аталған нысандар халыққа қажет. Алайда жобалардың құнына және мердігерлердің конкурссыз таңдалуына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Кендірлідегі су тұшытатын зауыттың жобасы шетелдегі дәл осындай жобалардан 3 есе қымбат тұрады. Екібастұздағы ГРЭС пен Алматыдағы энергетикалық торапты жаңғыртуға тым көп қаражат бөлініп отырған жоқ па? Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуға тиіс. Реттелетін мемлекеттік сатып алу жүйесінің жағымсыз жағы да бар. Бөлінген қаржыны қалайда игеру керек деген ұстаным дұрыс емес. Әрбір әрекетті, тіпті болмашы қадамның өзін келісу қажеттігі туралы талап та мүлде орынсыз”, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы делдал компаниялардың нарыққа зиян тигізіп жатқанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың өз игілігіне жарайтын қаржысы сондай ұйымдардың қалтасына кетіп жатыр.

“Әңгіме әртүрлі монополиялық оператор делдалдары мен қажетсіз агенттіктердің комиссиясы мен тарифтері туралы болып отыр. Бұл проблеманы білесіздер. Сұрақ – олардың қызметі үшін кім төлейді? Яғни оның негізінде мемлекеттік органдардың қоғам мүддесі емес, белгілі бір компаниялар мүддесін ғана басшылыққа алған нормативтік-құқықтық актілер жатыр. Үкіметке осы түйткілге ерекше мән беру және “Атамекен” ҰКП-пен бірлесіп әр жағдайды жеке қарастыру және оларды түзету үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылады”, – деді Президент.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалған мәселелердің бірі – шетке кеткен ақшаны елге қайтару жайы. Бұл шаруаны орындау үшін Президент Үкіметке екі ай уақыт берді. Осы екі айда Үкімет елден заңсыз шығарылған ақша қаражаттары мен активтерді қайта әкелу бойынша тиімді ұсыныс дайындауы қажет. Президент бизнестен салықтық әділдік, әлеуметтік жауапкершілік талап етілетінін де атап өтті.

“Оның бір көрінісі – “Қазақстан халқына” қорына қаражат аудару. Бұған дейін де айттым, бүгін де қайталаймын, қордың қалыптасуы ірі ұлттық буржуазия есебінен жүргізілуге тиіс. Әрине, шетелдік инвесторларды қоса алғанда басқа да компаниялардың жарнасы қабыл алынады. Тағы да айтамын, бұл мәжбүрлеу емес. Бұл – табысты компаниялар мен азаматтардың игілікті жалпы, ұлттық мақсатқа қол ұшын созуы”, – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда субсидия қанша өссе де, салада ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болған жоқ. Президент осылай деді.

“Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд. теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған”, – дейді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Сондай-ақ үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру міндеті де жүктелді.

Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайтынын мәлімдеді.

– Жауапты тұлғалардың атом стансасын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек, егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айрылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.

– “Жаңа Қазақстанды” құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді, – деді Президент.

(“Egemen Qazaqstan”,

9 ақпан 2022 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp