«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көмір тапшылығынан жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі туындады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы теміржол тұйықтарының бірінде бүгін 100-ден астам жүк көлігі жиналып қалды. Өңірде бірнеше күннен бері көмір болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл қыс басталғалы тұрғындар көмір тапшылығын көріп отыр. Өңірге әкелінген қатты отын қажеттілікті толық өтемейді. Салдарынан теміржол тұйықтарында ұзын-сонар кезек. Кей көлік жүргізушілері бос қайтпау үшін кезекке таңсәріден келіп тұрады екен.

«Таңғы сағат 6.00-де келдім. Мен келгенде бұл жерде біраз машина тұрды. Білмеймін, ала алам ба, жоқ па? Бір аптадан артық көмір болған жоқ», – дейді Петропавл тұрғыны Олег Иванов.

Бүгін облысқа 7 вагонмен 490 тонна «шұбаркөл» көмірі жеткізілді. Көптің күткені де осы отын. Бір көлікке 5 тоннадан артық артылмайды.

«4 ақпаннан бері өңірге «шұбаркөл» көмірі жеткізілмеді. Сол себепті бүгін осындай ұзын кезек туындаған. Қазір жолда 980 тонна «қаражыра» және 1190 тонна «шұбаркөл» көмірі келе жатыр. Бұдан басқа облысқа көмір жеткізуші ақпан айына 100 вагон көмірге 7 мың тоннаға тапсырыс берді. Оның 30 вагоны келді. Қатты отын жылыту маусымы аяқталғанға дейін әкелініп тұрады», – дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов.

Мамандардың айтуынша, бүгін таңертең Петропавлдың теміржол тұйықтарында 1830 тонна көмір болды. Оның 140 тоннасы Екібастұз көмірі, 1200 тоннасы – Майкөбенікі. Қалғаны сұранысқа ие – Шұбаркөлдікі. Баға өскен жоқ, сапасына қарай 9-15 мың теңге аралығында.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp