Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқасы” шырқалды.
Нақтырақ айтсақ, мәнерлеп сырғанаудан латвиялық спортшы Денис Васильев қысқа бағдарламада қазақтың ұлы ақыны Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас” әнімен өнер көрсетті. Қазақ ақынының әнімен мұз айдынында қалықтаған Васильев 85,30 ұпай еншілеп, 16-орынға жайғасты. Енді ол еркін бағдарламада сынға түседі.
Денис Васильев осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылы бірінші рет Пхенчхан Олимпиадасына қатысқан болатын. Онда ол жарысты 19-шы орынмен аяқтаған. Бейжің – оның екінші жаһандық додасы. Спортшы Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас” әнін таңдау себебін айтқан жоқ.
Қазақ жанкүйерлері үшін Бейжің Олимпиадасынан Абайдың әнінен басқа мақтанышпен жеткізер жаңалық жоқ. 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева бұл жолы сенімді ақтай алмады. Жүлдеге ең жақын болғандар – шорт-тректен Қазақстан құрама командасы. Олар бесінші орынға жайғасты.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.