«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕ БАЛАМАСЫ ЖОҚ ВАГОН ӨНДІРІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі – өнеркәсіптік әлеуетімізді арттыру, осы саладағы зор мүмкіндіктерді пайдалану. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық бағытын айқындап берді. Ондағы басты талаптардың бірі – өндірілетін тауарлардың түрлерін көбейту, экспорт географиясын кеңейту арқылы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Сондай-ақ экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді.

“Өнеркәсіп саясаты туралы” Заң шикізатқа қол жеткізу қиындықтарын шешіп, отандық өнімдер бағасының қолжетімді, ал көлемінің жеткілікті болуына айтарлықтай ықпал етеді деген сенімдеміз. Президент Жолдауында стратегиялық маңызды өндірістерді анықтау қажеттігін де айрықша атап өтті. Өйткені әлемдік нарықта қалыптасқан күрделі ахуал заманауи технологияларға негізделген экономикаға басымдық берудің маңыздылығын айқындап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің экономикалық дамуында оң үрдіс бар болғанымен, жағдайдың әлі де күрделі екенін ашық айтты. Осы себепті “Қарапайым заттар экономикасы” мен “Бизнестің жол картасы” бағдарламаларының мерзімін ұзарту жөнінде шешім қабылдауы, бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемінің кемінде бір триллион теңгеге жеткізілуі сапалық тұрғыдан жаңғыртылған ұлттық индустрияның дамуына зор серпін берері анық.

Жыл өткен сайын облыстың инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Өңір негізінен аграрлық аймақ саналғанымен, соңғы жылдары индустрия саласы қарқын ала бастады. 900 млрд. теңге болатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пулдың құрылуы, осы негізде 7 мыңнан астам жұмыс орындарының ашылатыны мемлекет тарапынан өнеркәсіпті реттеу және қолдаудың айқын көрінісі дер едім. “Cool Infinity” Қазақстан – Ресей бірлескен компаниясы өз жұмысын 2019 жылы бастаса да, қысқа уақыт ішінде стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістер мен негізгі экспорттық басымдығын айқындай білді. Кәсіпорын озық жобаларды жүзеге асыруда. Көп жылға арналған бағдарламалар бойынша инвестициялық келісімдер жасау, экономикалық өсімді үздіксіз арттыру, сапалы өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар шетелге экспорттау жолдары жан-жақты қарастырылды.

Кәсіпорын “Қазақстан инжиринг” ҰК” АҚ-ның құрамына кіретін Петропавл ауыр машина жасау зауытының аумағында орналасқан. 30 мың шаршы метр жерді алып жатқан иесіз ғимараттар сатып алынып, қалпына келтірілді. Зәулім цехтар жөнделіп, іштеріне заманауи жабдықтар орнатылды. Термос-вагондар шығару бойынша инвестициялық бағдарламаға қатысып, әзірге елімізде баламасы жоқ бірегей жобаны жүзеге асыруға кірістік. Вагон жасау өндірісін неге таңдап алғанымызды қысқаша түсіндіре кетейін. Президент еліміздің көлік-логистика және транзиттік әлеуетін арттыру бойынша тиісті ведомстволарға бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Оның ішінде темір жол мен бұл бағыттағы тасымал ісі көлік кешенінің жетекші саласы, жүктер мен жолаушыларды алыс қашықтықтарға тасымалдайтын басты қатынас құралы екені даусыз. Жасыратыны жоқ, Қазақстан әлемдік нарыққа шикізат жеткізуші мемлекет ретінде танымал болғандықтан, экспортқа шығарылатын өнімдер, тауарлар, жүктер, басқа да ресурстар негізінен темір жол көлігімен тасымалданады. Ішкі географиялық орналасу жағдайымыз да темір жол көлігіне көп тәуелді.

Республика бойынша жүк көлемінің 40, жолаушылардың 60 пайыздайы діттеген жерге темір жол арқылы жеткізіледі. Оның үстіне экспорт үлесі ұлғайып келеді. Мұның бәрі саланы заман талабына сай бейімдеуді қажет етеді. Алдағы уақытта жүктер тасымалының болжамды көлемін қамтамасыз ету үшін 1,5 мың локомотив пен 50 мыңдай жүк вагонының керек екенін ескерсек, мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғаруға болады. Қазіргі таңда магистральдық желіде 65 мыңнан астам ашық вагон бар. Өкінішке қарай, сыртқа жүк тасымалдайтын вагондар өте тапшы. Осы себепті еңбек өнімділігі жоғары, озық технологияларға негізделген, жоғары сұранысқа ие вагон парктерін жаңарту үлкен қызығушылық тудырып, темір жол инфрақұрылымын жақсартуға батыл қадам жасалды.

Бүгінде аталған салада өнім өндіруші ретінде танымалдыққа иеміз. Жобаны жүзеге асыру тәжірибесі біздің ұжымға сеніп тапсырылған. Мамандарымыз вагон жасаудың қыр-сырын жетік меңгеріп алған. Жұмысымыз екі бағытта атқарылады. Біріншісі, ет, балық, көкөніс секілді тез бүлінетін тағамдарды тасымалдауға арналған термосвагондар құрастыру. Вагонның әр бөлшегі жеке-жеке дайындалады. Атап айтқанда, кузов рамаға бекітіліп, тежегіш қондырғысы орнатылады. Іші полиуретанды жабындымен қапталады. Ең бастысы, ауа өтпегені маңызды. Сыйымдылығы – 145 текше метр, қызмет ету мерзімі – ширек ғасыр. Оның ішіне тиелген өнім 10 күнге дейін бүлінбейді, сол қалпында сақталады.

Кейін цехтарға жаңа қондырғылар орнатылып, өндіріс көлемі арттырылды. Вагондарға арнайы GPS жүйесі қойылды. Осы арқылы өнімін жіберген компаниялар тауардың қайда, қандай температурада екенін бақылай алады. Қазақстанда изотермиялық вагондар шығаратын іргелі зауыт болғандықтан тапсырыс көп, көрші Ресейден де сұраныс жоғары. 2020 жылы экспорт көлемі 2 млрд. теңгеге жуықтаса, 2021 жылы 140 вагон тұтынушыларға жөнелтілді. Отандық “Масло-Дел” ЖШС-ы – 40, ресейлік “Изотранс” көлік компаниясы 65 вагон сатып алуға келісімшарт жасасты.

Екіншісі, өндірістің жаңа желісі іске қосылып, цехтар кеңейтілгеннен кейін автономды тоңазытылған вагон өндірісі игерілді. Өнімнің жаңа түрі – рефрижераторлық вагондардың тұсауы кесілді. Сынақтан өтіп, сертификатталған. Артықшылықтары көп. Салмағы 35 тоннадан асатын вагон тез бұзылатын тағам түрлерін кез келген қашықтыққа тасымалдай алады. Дизель қондырғысы 21 күн бойы автоматты түрде жұмыс істеп, өнімдер сол күйі сақталады. Климат-бақылауы бар автоматты жүйе орнатылған тоңазытқыш смартфон арқылы басқарылады. Мұның да ТМД елдері бойынша баламасы жоқ. Инвестициялық жоба он жылға есептелген. Коронавирус індеті өршіп, автомобиль жолдары жабылған кезде ерекше сұранысқа ие болды. Алғашқылардың қатарында “Масло-Дел” компаниясы тапсырыс берді. Өзбекстан, Әзірбайжан, Иран сатып алмақ ниетте. Жыл аяғына дейін 250-ден астам осындай үлгідегі вагон шығару ойымызда бар. Экспорттық келісімдердің алғы шарттары жасалуда.

Бұдан бөлек, жүк көтергіштігі жоғары изотермиялық вагонның жаңа түрі құрастырылмақ. Оған да тапсырыс бар. Жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамадан өтті, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Инвестицияның жалпы мөлшері – 7,6 млрд. теңге. Алдағы екі-үш жылда 1000-нан астам вагон құрастыру жоспарланған. Зауытта екі жүзден астам адам еңбек етеді, орташа жалақы 170-200 мың теңгені құрайды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен жасасқан меморандумға сәйкес студенттер кәсіпорында тәжірибеден өтеді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Өздерін көрсете білгендері жұмысқа орналасады.

Ақан КӘРІМОВ,

“Cool Infinity” кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp