Қазақ халқының тарихында жазылмас жара секілді, бетін тырнап ашсаң, сыздауықша солқылдап қоя беретін қасіретті кезеңдер аз емес. Солардың бірі – 1920-1921 және 1928-1933 жылдары ұлтымызға қырғидай тиіп, қынадай қырып салған зұлматтың бірі – ашаршылық. Оның ауыр зардабын тартпаған отбасы кемде-кем болар. Бала кезімізде әкесінен, шешесінен, ұлынан болмаса қызынан, әйтеуір, бір туысқанынан тірідей яки өлідей айырылып, тағдырдың ауыр теперішін көргендер жайлы ауылдың қариялары ауыр күрсініспен айтып отыратынын талай еститінбіз.
Бертінге дейін жабық тақырыпқа айналып келген ақтаңдақтар ақиқатын түбірлей зерделеуде Парламент Сенаты ұйымдастырған ғылыми конференция көп жайттың бетін ашты. Бұл мәселе бұрын да қозғалғанымен, беті қалқып қана алынатын, соқталы мәселелер бір қайнауы ішінде қала беретін. КСРО-дағы, соның ішінде Қазақстандағы ашаршылық пен ұжымдастыру мәселелеріне қатысты тарихнамалық қор өте ауқымды. Деректер жинастыруға бастапқыда батыстық ғалымдар мен жазушылар да атсалысты. Алайда әлем картасының алтыдан бірін алып жатқан мемлекеттің қолдан жасалған «озбыр олқылықтары», оның ішінде, әсіресе саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбының «аузына» қара құлып салынғандықтан, қазақ жазушыларының өздеріне сирек қалам тартуға тура келетін (Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесі, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебіндегі» естеліктер).
Соңғы кезде шаң басқан архив сөрелерінен табылған құжаттар ашаршылық мәселесі қазақ саяси қайраткерлерін де қатты толғандырғанын айғақтайды. Оған нақты мысалдың бірі – Тұрар Рысқұловтың, сондай-ақ атақты «бесеудің» И.Сталинге жазған хаттары. Қанды қырғын жағдайлары белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың НКВД архивінен алынған Алаш қозғалысы қайраткерлерін соттау процесі деректерінде жан-жақты сипатталады. Былтыр Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» атты көлемді ұжымдық монографияны жарыққа шығарды. XX ғасырда ашаршылықтың төрт рет болғаны тарихтан белгілі (1911 ж., 1920 ж., 1930 ж., 1946-1948 ж.). XX ғасырдың жиырмасынша жылдарындағы мерзімді басылымдарда ашаршылық туралы мәліметтер кездескенімен, авторлардың көбі кеңестік-партиялық аппараттың қызметкерлері болды. Олар ашаршылықтың себептерін бұрынғы патшалық отарлау саясаты, бірінші дүниежүзілік соғыс пен азамат соғысы, халықтың сауатсыздығы салдарынан деп көрсетті. Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында басылған мақалаларында кеңес билігіндегі Түркістан халықтарының ауыр тағдырын ашына жазып, Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы большевиктердің құйтырқы саясатын, шеткері аймақтардағы өзге ұлттарға қарсы жасалған кеңестік террорды аяусыз әшкерелейді. Оның «Туркестан под властью Советов» деген еңбегін ерекше атап өтуге болады.
1988 жылы қараша айында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнология және археология институтында «Қазақстанда және Орталық Азия республикаларындағы ұжымдастыру: тәжірибелер мен сабақтар» тақырыбында бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары мәселесіне жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделеу міндеті қойылды. Осыдан кейін ғана тың мұрағат құжаттары негізінде кешенді зерттеуге, тұжырымдамалық ой-қорытындылар жасауға жол ашылды. Қазақстандағы ашаршылық туралы алғашқы мақалаларды 1990 жылы «Вопросы истории» ғылыми журналында М.Қозыбаев, Ж.Әбілғожин, қазақ демографы М.Тәтімов жариялады. Осылайша танымал басылым арқылы тарихи деректер әлемге белгілі бола бастады.
Ертеде шыққан еңбектерде XX ғасырдың 30-жылдарындағы шаруалардың наразылығы «бұзақылық», «басмашылық қозғалыс», «бүліктер мен тәртіпсіздіктер» ретінде түсіндірілді. Белгілі тарихшы Т.Омарбеков күштеп ұжымдастыру мәселелеріне зерттеудің өзіндік концепциялық тұжырымын қалыптастырды. Ол XX ғасырдың 20-30 жылдардағы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ беттерін» ашқан алғашқы тарихшылардың бірі болды. 1991-1993 жылдары «Жұлдыз» журналында «Халық қаһары» деп аталатын мақалалар топтамасын басып шығарды. Онда Қазақстандағы күштеп ұжымдастыруға қарсы ірі шаруалар көтерілістерінің тарихы бөлек қарастырылды.
Академик М.Қозыбаев, Ж.Әбілғожин, М.Тәтімов зерттеулерінде 1930-1933 жылдардағы ашаршылық пен әртүрлі аурулардан құрбан болған қазақтардың жалпы саны 1,7 млн. деп көрсетілді. XX ғасырдың басындағы қазақтар санының өзгеру қозғалысын терең зерттеген демографтардың бірі, бірегейі – М.Тәтімов. Оның мәліметтері бойынша 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы төңкерістер мен азамат соғысы, 1921 жылғы ашаршылық салдарынан 850 мың қазақ қырылған, 200 мыңы туған жерінен тыс жерлерге еріксіз көшіп кеткен. Бұл еңбектердің маңызы өте зор, тәуелсіздік жылдары отандық демография жаңа деңгейге көтерілді.
Мемлекет тарихы институты дайындаған «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулықтарында КСРО-дағы тоталитаризм сипаты мен күштеп ұжымдастыру, ашаршылық тарихы жаңаша көзқарас тұрғысынан баяндалды. Ашаршылық нәубетінің айшықты көріністері С.Елубайдың «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» трилогиясында, А.Мекебаевтың «Құпия қойма» шығармасында, А.Тілеулиевтің «Қарақұм» деректі хикаятында шынайы бейнеленген. Созақ көтерілісі туралы ОГПУ-дың мұрағат материалдары негізінде құжаттық естеліктерді журналист М.Рүстемов топтастырды. Жазушы-құжатнамашы, отставкадағы полковник М.Омаров ОГПУ-дың тергеу материалдарына сүйене отырып, Адай көтерілісі туралы деректі повесть («Расстрелянная степь. История Адаевского восстания 1931 года. По материалам ОГПУ) жазды. Адай көтерілісінің жетекшісі Тобанияз Әлниязов туралы ақтаулық журналист Ә.Спанов «Тобанияз», алматылық жазушы Т.Жанаев «Тобанияз қыстауы» атты кітаптар шығарды.
Қазақстандағы қолдан жасалған алапат Білім және ғылым министрлігі бекіткен мектеп оқулықтарына енгізілді. Белгілі америкалық ғалым Роберт Конквест «Қасірет науқан» деген кітабында Қазақстандағы аштыққа «халықтың алапат адами трагедиясы» деген баға берді. Мемлекет тарихы институты былтыр өткен халықаралық конференция бойынша материалдар жинағын жұртшылыққа ұсынды. Осы алқалы басқосуда америкалық ғалымСара Камэрон «Голод казахов по данным западной историографии» деген тақырыпта баяндамажасады. «Аштық жайлаған дала»деген монографиясы жарыққа шықты.Бұл – өте құнды еңбек. Неміс ғалымы Роберт Киндлер «Аштық қазақ даласында бұрын да болған, халық талай жұтты басынан өткерген. Ал кеңес дәуірінде ашаршылық неге соншама ауыр болды? Халық неге қырылды?» – дей келіп, былай жауап береді: «Оның себебі – қарапайым халық не көмек, не асар жасау арқылы бір-біріне көмек бере алмай қалды. НКВД, милиция жағдайы бар адамдарды бай-құлақ деп қуғындап, елді қоршаудан шығармай қойды». Алаш азаматтары арасында өлімнің көп болғаны, көшпенділер малынан айырылып жан-жаққа тентіреп, босып кеткені шетелдік тарихшы-ғалымдарды бейжай қалдырмаған.
Сталиндік жүйе Қазақстанда тұратын ұйғыр, орыс, украин, өзбек, тағы басқа халықты да қырғынға ұшыратқан. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Украинада болған ашаршылық бойынша қабылдаған шешімде, қазақтардың өлім-жітім коэффиценті ең жоғары екенін атап көрсеткен. Онда баянадама жасаған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев зұлматтың себептері және салдары туралы терең ойлар айтты. Оның аштық зардаптарын бірігіп зерттеу, арнайы комиссия құру, шетел архивтерін ақтару, ескерткіштер ашу, арнайы фильмдер түсіру туралы ұсыныстары қолдау тапты. Еуропалық парламент ашаршылықты кеңес үкіметі тарапынан жасалған үлкен қылмыс деген шешім алуы мәселенің халықаралық аренада зор дүмпу туғызғанын дәлелдейді.
Әрбір қазақ шаңырағын шайқалтқан ашаршылық тарихына қызығушылар саны жылдан-жалға артып келеді. Себебі оның касіреті ел жадынан ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақ кеңестік дәуірдегі әлеуметтік тәжірибелер, адам құқықтарын таптау және осы сияқты келеңсіз құбылыстардың қайталанбауы үшін өткен тарихымызды білуі тиіс .
Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.