1 наурыз – Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Осы датаға орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мектеп оқушылары үшін ерекше шара ұйымдастырды. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойына арнайы техникаларды қойып, балаларды құтқарушы мамандығымен, атқаратын жұмыстарымен таныстырды.
Мұндай шара дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл жолы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мектеп оқушыларын арнайы техникаларымен таныстырып, оқыс оқиға бола қалған жағдайдағы шұғыл әрекет ету тәсілдерін көрсетті.
– Мұндағы техникаларды біздің күнделікті жұмыста қолданамыз. Яғни өрт кезінде өрт сөндіру техникалары дайын тұрады, боран бола қалған жағдайда іздестіру жұмыстарын жүргізуге арнайы техникалар шығады. Оқушылар ерекше қызығушылық танытты, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Қуат Махметов.
Сондай-ақ шара барысында оқушылар өртсөндірушілердің формасын киіп көріп, апат кезінде адамдарды іздейтін қызметтік иттерді тамашалады. Экскурсия қызықты өтіп, балалардың көбі өскенде құтқарушы болғысы келетіндерін айтты.
Алдағы ай “Азаматтық қорғаныс айлығы” деп жарияланған болатын. Сондықтан осы тектес танымдық іс-шаралар бір ай бойы өткізілмек.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.