«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР МАЛҒА БІРНЕШЕ РЕТ СУБСИДИЯ АЛҒАН Цифрландыру осындай олқылықтарды жоюға септеспек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік басқаруды, экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтауды, жалпы қоғамдық өмірдің басқа да салаларын цифрландыру әлемдік трендке айналып отыр. Бұл үрдіс сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу саласына да дендеп еніп, цифрлық технологияларды пайдалану негізгі мемлекеттік міндет саналуда.

Цифрландыру мемлекеттік басқарудың ашықтығын, жариялылығын және айқындығын айтарлықтай арттыруға, сыбайлас жемқорлық сипатындағы байланыстарды, схемалар мен қатынастарды анықтауға, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін оңтайландыруға және жемқорлардың мүмкіндіктерін шектеуге үлкен жағдай тудырады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, азаматтардың шенеунікпен тікелей байланысын және тиісінше “тұрмыстық” жемқорлықтың алғышарттарын болдырмай, барлық рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді.

Мемлекеттік органдардың жұмысын цифрлық форматқа көшіру арқылы басқа да салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады. 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелерді интеграциялау мемлекеттік қолдаудың барлық қағидаттарын ұсынудың “проактивті” форматын енгізуге жол ашады. Ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдау біріздендіріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз қатарына тәуелсіз салалық сарапшыларды тарта отырып, былтыр ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізді. Сөйтіп, әртүрлі айлашарғы жасау арқылы бюджет қаражатын ұрлауға бағытталған көптеген заңсыздықтар, елеулі олқылықтар мен қылмыстық схемалар әшкереленді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасау кезінде бұл схемаларға көбінесе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін таза жолдан жаңылыстыра отырып тартқаны, субсидиялаудың қолданыстағы ақпараттық жүйелері (“Qoldau”, “Plem.kz”) жетілдірілмегені, өтінімді беру және мақұлдау үдерісінің ашық еместігі анықталды.

Жағдайды пәрменді бақылаудың төмендігі, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің аздығы, өтінімге қоса берілетін құжаттардың дұрыстығын растау үшін басқа деректер базасымен тиісті интеграциялық байланыстың жоқтығы жағдайды күрделендіре түскен. Мал шаруашылығы саласындағы ИӨС ақпараттық жүйелерінің кемшіліктері ауыл шаруашылығы жануарларының санына, түріне және жасына қатысты әртүрлі бұрмалаушылықтарға жол берген. Тіпті бір мал басын бірнеше рет субсидиялау жайттары кездескен. Бұл ретте ақпарат жүйелерінің ашық болмауы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында бәсекелестік ықпалын күрт төмендетіп жіберген.

Әкімдіктердің қызметшілері субсидияларды бөлудің нақты күні мен уақытын күнібұрын біліп, субсидиялаудағы үлесті бас пайдаларына жаратқан. Бюджет қаражатының қолдан жасалған “шектеулігіне” байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз сыбағаларынан құр қалған. Ал ауыл шаруашылығына мүлде қатысы жоқ фирмалар (шаштараздар, массаж салондары және т.б.) қаржыландырылып отырған.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің субсидиялар алу түрлері мен тәртібін білмеуін арам ойлы шенеуніктер өз мүдделеріне пайдаланып баққан. Яғни ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сеніміне ие болып, қызмет көрсетуді өз қалауларынша жүргізген. Олардың дербес деректерін пайдалану арқылы өздерінің “үлестес” фирмаларының мүддесіне қызмет еткен. Арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін жалған шарттар жасаудан арланбаған. Мұның бәрі қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптеп орын алғанын, тыйылмағанын көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған тұжырымдама шеңберінде “көлеңкелі” экономиканы болдырмау мақсатымен қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың инфрақұрылымы кеңейтіліп, үдемелі шаралар қабылданатын болады. Қызмет көрсетудің баламалы тәсілдерін қысқарту мемлекеттік емес платформаларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нормативтік-құқықтық актілер жобаларының цифрлық трансформация талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сараптама жасалады. Осындай кешенді жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын азайтып, тұрмыстық жемқорлықтың тамырына балта шабары анық.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына орай департамент өткен жылдың шілде айынан бастап сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді электрондық форматта тіркеуге толық көшті. Е-қылмыстық істі жүргізу үшін 7 жұмыс орны бейімделген. Қылмыстық процестің үш буынды моделіне өту шеңберінде қылмыстық істерді сотқа жіберу және қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар саны бойынша оң үрдіс қалыптасқанын айта кеткен жөн. Бұл ретте азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу және қосымша тергеп-тексеруге жіберу немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдеріне байланысты қаулылардың күшін жою фактілері орын алған жоқ. Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінде, сондай-ақ облыстың мемлекеттік органдары арасында электрондық құжат айналымына толық көшу жүзеге асырылды. Агенттікке қаржылық процестің барлық қатысушыларының сандық қол қою мүмкіндігі бар бухгалтерлік бастапқы құжаттаманы электрондық форматқа ауыстыру үшін электрондық платформа әзірлеу ұсынылды. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бұрмалаудың жолын кеседі. Камералдық бақылау жүзеге асырылып, жымқыру фактілеріне тосқауыл қойылады.

Тұтастай алғанда, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ақпараттық-түсіндіру және ағарту сипатындағы іс-шаралар кешенін жүргізу арқылы өңірде сыбайлас жемқорлықты жою, оның ішінде халықтың қоғамдық кеселге қарсы мәдениетін қалыптастыру басты міндет саналады. Таңдап алған бағыттың тиімділігін агенттіктің орталық аппаратының тапсырысы бойынша “Deltaplan” ЖШС-ы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындылары да айғақтайды. Өңір сыбайлас жемқорлықпен күрес деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр.

Жарқын ҒАЛЫМОВ,

облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp