“Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген аталы сөз бар. Кешегі тоқырау жылдарында тәлімді ұрпақ өсіріп қана қоймай, оларды ел игілігі жолында еңбек етуге тәрбиелеп, ата дәстүрді құрметтеуге үйреткен аналардың еңбегі қашанда елеулі. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында шаңырақтың шаттығы, отбасының киесі, он үш баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, “Алтын алқа” иегері Шәйкен Мырзахметова жайында оқырмандарға айтып беруді жөн көрдім.
Шәйкен Ғалымқызы 1939 жылы Шал ақын ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. Ақ жаулықты ана өткен күндерін сағынышпен еске алды. “Отбасымызда төрт бала болдық, мен соның екіншісімін. Бой жеткен кезде Шапай ауылының азаматы Қабдрахман Мырзахметовпен шаңырақ көтеріп, осы әулетке келін болып түстім. Отағасы ұжымшарда механизатор болып жұмыс істесе, мен сеялкада көмекші болдым. 1960 жылы көрші Сарыөзек ауылына қоныс аудардық. Онда да қол қусырып отырмай, жас төлдерді бақтым”, – дейді алтын құрсақты ана.
Отағасы Қабдрахман Мырзахметұлының бұл дүниеден бақилыққа озғанына да бес жыл болыпты. Алып бәйтеректей жапырақ жайған үлкен шаңырақтан шыққан өнегелі ұл-қыздары, немерелері еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етуде. Алтын құрсақты ананың 12 немересі, 17 жиені, 20 шөбересі өсіп келеді.
Шәйкен апамыз үнемі кейінгі жастарға аналық ақылын айтып отырады. “Отбасының берекесі – балада. Бала туудан қашпау керек. Әр бала өз несібесімен туады. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оның саналы ұрпақ болуына барыңды салуың керек”, – дейді ол.
Жақында 83 жасқа толған Шәйкен апамызды туған күнімен құттықтауға жан-жақтан балалары мен немере-шөберелері жиналып, ақжарма тілектерін арнады. Ақ жаулықты ана ұрпағының өсіп-өнгенін көріп, бір марқайып қалды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.