«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛЫ ҮЙ — БАЗАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Сулышоқ ауылында 17 баласы бар отбасы тұрады. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева өздерінің жеті баласынан бөлек, жетімдіктің тауқыметін тартқан он жеткіншекті бауырына басқан. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруде.

– 2002 жылы тұңғышым Нұрбекке аяғым ауыр болып, перзентханаға барғанда балалар бөлімшесінде алты бірдей жетім нәресте жатты. Оларды көріп, жүрегім ауырып кетті. Бір-екеуін үйге алып кеткім келді. Перзентханадан шыққан кезде де артыма жалтақ-жалтақ қарап, қимай қоштастым. Жолда келе жатқанда осы балаларды асырап алсақ қайтеді деген ой келді, – дейді Гүлнұр Қозыбайқызы. Бұл отбасы 2017 жылы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша Талдықорған қаласынан қоныс аударған.

Балалардың оны ұл, жетеуі қыз. Бәрі шетінен шебер, ән айтып, би билейді. Құрақ құрап, көрпе-жастық тігеді, түрлі бұйымдар жасайды. Ал ұлдар әкесіне қолқанат. “Балалардың өтірік айтпауын қатты қадағалаймын. Бір-біріне қамқор, үлкендердің кішкентайларға жанашырлық танытқанын қалаймын. Сондай-ақ кішкентайларға үлкендерінің атын ататқызбаймын, “аға”, “көке”, “тәте” немесе “ләлә” деген өздерінің қойып алған аттары бар. Ол да – тәрбиенің бір түрі”, – дейді көпбалалы ана.

Көпбалалы отбасыға мемлекет тарапынан аз да болсын қолдау көрсетіледі. Өздерінің 7 баласына жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ асырап алған балаларға да ай сайын бағып-қағуына қаржы қарастырылған.

– Аналарымыздың, әжелеріміздің мерекесі құтты болсын! Тек қана жақсылық тілеймін. Әр отбасынан баланың күлкісі кетпесін, ойыншықтың сылдыры естіліп тұрсын. Келіншектерге айтарым, көп балалы болудан қорықпаңыздар. Оның еш қиыншылығы жоқ. Біздің Сулышоқ ауылында көпбалалы отбасылар көп, – деп 17 баланың анасы Гүлнұр Ахаева ақ тілегін жеткізді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp