Өмір болған соң аяғын аңдамай басып, істі болып, темір тордың ар жағынан бірақ шығып жататындар аз емес. Ондайда кейбіреулерінің салы суға кетіп, өмірден баз кешеді. Осындайда тығырықтан шығудың амалын айтып, ақыл қосатын адам аса қажет.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Майя Рамазанованың міндеті – сотталғандардың мамандық меңгеруін үйлестіру. Солтүстік Қазақстан облыстық сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы ретінде істі болғандарды бейіміне қарай оқыту үшін тиісті мекемелермен келісімшартқа отырады. Атап айтқанда, жазасын өтеп жатқандар дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, ағаш ұстасы, шаштараз, тігінші-модельер, құрылысшы, қаптаушы ұста, аяқ киім жөндеу шебері, ландшафт дизайнері мамандықтарын меңгеру мүмкіндігіне ие.
Бүгінде кәсіп үйрететін білім мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізіледі. Мамандар түзету орнына келіп, сабақ береді. Мұндағылар тек теориялық білім алып қана қоймай, сонымен бірге жұмыспен де қамтылады. Дәлірек айтқанда, 15 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалған, яғни жазасын өтеушілер еңбек етеді. Бүгінгі таңда әйелдер колониясындағы 40 сотталушы тігін, ал 137-сі тоқыма цехында жұмыс істейді. Ал ер-азаматтар теріден ат-әбзелдерін жасауға машықтануда. Бұл ретте “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдік қолғабыс етіп отырғанын айта кеткен жөн. “Еңбек Қызылжар” серіктестігі жұмыс берумен қатар қажетті киім-кешек, азық-түлікпен қамтиды. Мұндай қолдау сотталғандарға күні ертең бостандыққа шыққанда, өз кәсібін ашуына көмек болары анық. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, еңбекте ысылған Майя Темірханқызы қаншама жанға қол ұшын берді.
Мақаламыздың кейіпкері бастапқыда есепші болуды армандағанымен, кейін ішкі істер органында қызмет істеуді қош көрді. Бәлкім оған қажырлылық пен қайсарлық әкеден дарыған болар. Әкесі Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Ішкі істер министрлігінің колледжінде кафедра меңгерушісі. Оның темірдей қатал мінезі қызының бойында да бар. Тағдырын осы қызметпен байланыстырғанына еш өкінбейді.
Майя Рамазанова 2009 жылы Қостанай қаласындағы Ішкі істер академиясын бітірді. Бастапқыда бес жыл әйелдер колониясында, 2016 жылдан бастап ерлерді түзету мекемесінде қызмет етуде. Тынымсыз еңбегі еленіп, “Мінсіз қызметі үшін” медалі мен “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісін төсіне қадап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы “Мақтау қағазын” алды.
Ол – жауапкершілігі мол қызметті ер-азаматтармен қатар иық тіресе атқарумен бірге екі баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп, үй мен түздің шаруасын қатар алып жүрген ана. Қиындыққа мойымаған Майя Темірханқызы замандастарына үлгі.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.