Бірде жаратылысынан нәзік, әдемі, қайсар, төзімді әйел затына қатысты бір ақпарат оқыдым. Есімдері тарихта алтын әріптермен өшпестей жазылып қалған тізімнен аттарынан ат үркетін Клеопатра, Жанна д Арк, Тереза Ана, Индира Ганди, Коко Шанельді кезіктірдім. Бұлардың қай-қайсысы болсын еш таныстыруды қажет етпейтін ерекше, аңыз жандар. Бір кезде тізімнің жуан ортасынан жеңілуді білмейтін, Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген парсының әйгілі патшасы Кирдің басын кесіп алып, әскерінінің тас-талқанын шығарған сақ патшайымы Тұмардың (Томирис) есімі көзіме жылы ұшырап қоя бергені.
Ұлы даланың символы іспеттес тұлғаның әлемге танымал 10 әйелдің қатарынан орын алуы қуантты әрі ойлантты. Қуантқаны – тарих қатпарларына шегініс жасайтын болсақ, отағасының адал жары, сенімді серігі, ақылшысы, отбасының берекесі болумен қатар ұлтымыздың ұйытқысына айналған, мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге белсене араласқан аналарымыздың аз еместігі. Ойлантқаны – қорамсақ жебе асынып, жауының құтын қашырып, үлкен ерлік танытқан, ұлы жеңістерге рухтандырған, сұлулық, ақылдылық, инабаттылық, ержүректілік қасиеттер бір басына тоғысқан аяулы жандар жайлы білеріміздің мардымсыздығы.
Қазақтың қос шынары Мәншүк пен Әлия, бұлбұл үнді Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, сахнаның көркі Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова десе, елең етпейтін жан кемде-кем. Осылайша бергі кезеңді санамалаумен ғана шектелеміз. Жастардан Хиуаз Доспанова, Аққағаз Досжанова, Патшайым Тәжібаева, Нұрсұлу Тапалова кім деп сұрай қалсаң мүдірері анық. Бұлар қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, дәрігер, геолог, балерина екенін оларға айтып отыру қажет. Өйткені мұның бәрі – өзгенікін таңсық, өзіміздікін қаңсық етіп өсірген тәрбиенің салдары. Бәлкім, жас буынды сөгуге де болмас. Мәселен, Хиуаз апайымыз екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, ерлігі мен батырлығы үшін екінші дәрежелі “Отан соғысы”, “Қызыл жұлдыз”, “Қызыл Ту” ордендерімен марапатталғанымен кейінгі жылдары есімі көп еленбей қалды. Тек жұртшылықтың табанды талап етуімен ғана еліміздің батыр қызына Халық Қаhарманы атағы берілді. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин “Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, мақтаны, елдің көркі”, – деп сипаттаған қаншама асылдарымыз көзден де, көңілден де таса қалып жатыр десеңші.
Әлем тарихында өшпес із қалдырған, ерлігі мен даналығы қатар өрілген Тұмар патшайымның Кирмен соғысын грек тарихшысы Геродот “Ең кескілескен және ұлы шайқас”, – деп суреттеген. Меніңше, оның шетсіз де шексіз далада шашырап жүрген сақ тайпаларының басын біріктіріп, жұдырық сияқты жұмылдыра білуі – кейінгі ұрпаққа үлкен сабақ. “Бөлінгенді бөрі жейді” деп аталарымыз текке айтпаған. Сақ әйелдерінің тағы бірі – Зарина патшайымның “Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ, елім тәуелсіздігінен айрылса, мен бақытсыз боламын”, – деген байламы кешегі елді шалыс қадамдардан сақтандырады.
Жаған бегім жайлы да айта кетейік. Ол – қазақ хандығының негізін құрушылардың бірі Жәнібек ханның жары. Баласы Қасым ханның қасқа жолын салып, қазақ хандығының шекарасын шегендеуіне айтарлықтай ықпал жасаған. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әйелі Бопай ханым табиғатынан салиқалы, байсалды мінезімен ерекшеленген. Ел басқару ісіне араласып, ханның арқа сүйер тірегі болған. Ауыл-аймақ оны “Бара бәйбіше” деп сыйлаған. Қазақтардың тұрмыс-салтын терең зерттеген орыс тарихшысы А.Левшин “Бопай өзінің ақылдылығының арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті. Оның жеке мөрі болды”, – деп жазды.
Жәңгір ханның әйелі Фатима ханшаның білімділігі мен мәдениеттілігі, алты тілді білуі, даналығы талайларды таңғалдырған. Шоқанның әжесі Айғаным ханым да бірнеше тілді меңгерген, елді ақылмен басқарған. Сібір қазақтары туралы жарлық шығарарда патша төңірекке өте ықпалды, беделді Айғаныммен санасқан. Бұл мысалдардан аңғаратынымыз, қазақтың әйелі от басы, ошақ қасында қалып қоймаған, ел анасы деңгейіне дейін көтеріле білген. Домалақ, Ұмай аналар да ақылын, қайратын жүрегіне бағындырып, қиын-қыстау кездерде жұртын қиын өткелдерден аман-есен алып шыққан. Әйел түсінігі тар ауқымға сыймайтынын аңғарған Мұхтар Әуезовтің “Ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе”, – деуі сондықтан.
Қазір жаhандану үрдісінің өмірімізге тереңдеп енгені соншалық, ұлттық құндылықтарымыз көмескі тартып бара жатқандай көрінеді. Гендерлік саясатты, тең құқылықты алға тартып, әйелдердің мансапқа ұмтылуы, отау құру секілді отбасылық бақытын кейінге ысыруы, бала тәрбиесіне, үй тірлігіне жете көңіл бөлмеуі, шешім қабылдауда ер азаматтардың пікірлерін ескере бермеуі салдарынан сүйіспеншілік, мейірімділік, күйеуін сыйлау, пір тұту дағдыларынан көз жазып қалғандаймыз. Қазіргі әйел келбеті “бір қолымен бесік тербеткен, екінші қолымен әлемді тербеткен” аяулы да сыршыл жанға ұқсаңқырамайды.
Әрине, қыз-келіншектердің қоғамдағы орны айрықша, еліміздің ілгері дамуына қосып жатқан еңбектері зор. Бірақ қандай қызмет атқарса да, биік лауазымның тұтқасын ұстаса да, қоғам қайраткері атанса да, нәзік болмысын, парасаттылығын жоғалтпағаны абзал. Әйел өмірінің мәні – мейірімділігінде, имандылығында. Басты ерекшелігі – аналығы мен даналығында. Осы бір егіз ұғымдар тамырынан ажырамасын десек, Ұлы даланың тарихнамасында аты аңызға айналған есімдер ескерусіз қалмағаны жөн.
Сандуғаш БАЙКЕНОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі.