Балалық шақ – ұмытылмас сәт, шынайы қуанышты кезең. Кез келген ата-ана ұл-қызының бақытты, дені сау болып өскенін қалайды. Біздің қоғамда әр бала қамқорлыққа алынған. Балғын жастың қалай өсетініне мемлекет жауапты десе де болады. Мұғалімдер қауымына да жүктелетін міндеттер қыруар. Белгілі педагог Василий Сухомлинский: “Балалар сұлулық, ойын, ертегі, музыка, сурет, қиял, шығармашылық әлемінде өмір сүруі керек. Бұл әлем баланы оқуға және жазуға үйретеді. Оның алға қарай талпынысы басынан өткеретін білу құмарлығының алғашқы сатысына көтеріліп, өзін қалай сезінетініне байланысты”, – деген екен.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу және оқыту процесінде күнделікті сабақтарының үздіксіздігі мен әр балаға лайықталған арнайы тәсілдемелерді қолдануы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс бағдарының өзегі, тіні болып саналады. Балаға мектепке дейін арнайы мұғалімдерден қажетті көмек алатындай және сенімді қадам жасайтындай етіп білім беру мен тәрбиелеу өте маңызды. Мұны психологтың тілімен айтқанда “көзге көрінбейтін байланыс” дейді. Екі тарап бір-бірінің көңіл күйін қалай сезінеді, айтулы оқиғалар мен құбылыстарды қалай қабылдайды – басты сұрақ осы. Мүгедек балғынның жанын түсіну, олардың сауалдарына тиянақты жауап берумен қатар барынша жанашырлық жасау, балалық шақтың бал қызығын сездіре отырып білімге жетелеудің, жақсы дағдыларға үйретудің мәні айрықша.
Түзету кабинетінің мамандары балалармен түзету-дамыту сабақтарын өткізуде бірінші кезекте толыққанды білімін қалыптастыруға ден қойып, танымдық іс-әрекеттері мен шығармашылық қабілеттерін дамытады, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына үйретеді. Жүйелі түрде ұйымдастырылатын тәрбиелік, танымдық іс-шаралар жеміссіз емес. Балғындарымыз республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Кез келген жеткіншекті тәрбиелеп, білім беріп, жақсы адам қатарына қосу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бала айналасынан, қоршаған ортадан өзіне деген сүйіспеншілік сезім мен аялы қамқорлықты сезіне білсе, сенімі артып, алға ұмтылады.
Марина ШЕРСТОБИТОВА,
“Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті” КММ-ның жетекшісі.
Жамбыл ауданы.