«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жол биыл жөнделеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесулер өткізуде. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданына қарасты Шаховское елді мекенінде болып, тұрғындардың көптен бері шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелерімен жақынырақ танысты.

Құмар Іргебайұлы алдымен 2021 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, негізгі салалар бойынша ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтті. “Былтыр жазда құрғақшылық болғанына қарамастан озық технологияларды қолдана білудің арқасында диқандар сапалы астық өсірді. Гектар шығымдылығы 11 центнерден айналды. Астық өндірісін әртараптандыру одан әрі жалғасады, майлы дақылдар өсіруге ден қойылады. Прибрежное ауылдық округінде орналасқан шаруашылықтарға соңғы үш жылда 267 млн. теңге субсидия берілді”, – деген Құмар Іргебайұлы мал шаруашылығы саласының дамуына да тоқталып өтті. Республика бойынша былтыр 30 тауарлы-сүт фермасы салынса, соның 16-сы облысымызда бой көтерді. Соңғы үш жылда 196 мектеп, 46 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. 153 елді мекенде ауызсу сапасы жақсарды. Екі мың шақырым жол қалпына келтірілді.

“Крахмал-Агро” және “Шаховское-Агро” шаруашылықтарының басшысы Дияс Дайыров жиналғандарды атқарылған жұмыстарымен таныстырды. Серіктестік дәнді, майлы және бұршақты дақылдар өсірумен шұғылданады. Мал шаруашылығына да ден қоя бастаған. Орташа айлық еңбекақы 170 мың теңгеге жуық. Жақсы жұмыс істеген механизаторларға жыл қорытындысы бойынша “онүшінші” жалақы төленеді. Биыл орташа айлық жалақыны 30 пайызға ұлғайту белгіленген. Жеке қосалқы шаруашылықтарға мал мен құс ұстауға барынша мүмкіндіктер тудырылған. Жемшөппен толық көлемде қамтамасыз етіледі.

Жиында Прибрежное ауылдық округінің әкімі Дәурен Рамазанов пен аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың да есептері тыңдалды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде тұрғындар тарапынан сұрақтар аз қойылған жоқ.

Шаховское облыс орталығынан небәрі 12 шақырым қашықтықта орналасқанына қарамастан екі арадағы жол тұрғындарды көп жылдан бері титықтатып келеді. Ауылға кіреберіс жолдың жайы да еш сын көтермейді. Әсіресе жауын-шашынды, боранды кездерде қатынау қиын. Осыдан екі жыл бұрын жол жөнделгенімен, қазір жарамсыз күйге түскен. Сол себепті қоғамдық көлік екі араға жолаушылар тасудан бас тартқан. Ауылдықтар көшелерді абаттандыру, кентішілік жолдарды жөндеу, жарықтандыру, спорт және балалар алаңдарын салу сияқты мәселелерді де көтерді.

Есепті кездесуді қорытындылаған өңір басшысы 12 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге 900 млн. теңге қажет екенін, биыл қаражат бөлініп, негізгі жұмыс мамыр айына қарай басталатынын жеткізді.

“Кірме және кентішілік жолдардың сапалы жөнделуін тұрғындардың өздері күнделікті бақылауға алулары тиіс. Бұл іске қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді тарту қажет. Жасыратыны жоқ, кей басшылар тұрғындармен ашық жүздесуден қашқақтайды. Бар мәселе әлеуметтік жауапкершілікке, берген серттің, айтқан уәденің мүлтіксіз орындалуына келіп тіреледі”, – деген Құмар Іргебайұлы ешбір өтініш аяқсыз қалмайтынын, оның орындалуы тұрақты бақылауға алынатынын қадап айтты.

Прибрежное ауылдық округі мен “Крахмал-Агро” ЖШС-ы арасында өзара ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылып, екі тарап әлеуметтік міндеттемелер алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp