«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСФАЛЬТ ТӨСЕЛГЕНІМЕН, АУЫЗСУ ӘЛІ ЖЕТПЕПТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданының орталығына жақын орналасқан Белое ауылында ауызсу мәселесі осы күнге дейін шешімін таппаған. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарында Покровкадағы осыған ұқ­сас жағдайды тілге тиек еткен едік. Аудандық әкімдік қаржы бөлінгенін, биыл жазда тұрғындар ауыз­суға қарық болатынын айтып қуантты. Ал Белое ауылына кезек қашан келерін дөп басып айту қиын.

Жақында ауылдың ахуалымен танысу мақсатымен Белоеға барып, не күлеріңді, не жыларыңды біл­мейтіндей бір оқиғаның куәсі бол­дым. Ауылдың әкімі Болат Бәкин қа­зақ­шаға мүлдем шорқақ екен. Қыз­метке тағайындаларда мемлекеттік тілден тест тапсырды ма деген са­уал туындайды. Журналист ретінде қойған қарапайым сұрақтарға жауап бере алмаған соң аудармашы іздеуге тура келді. Екі қазақтың бірін-бірі түсіне алмағаны біздің елде аса бір таңғаларлық жаңалық емес шығар. Бұл жерде екеуіміздің сұхбат­тасуымызға кім дәнекер болғаны ма­ңызды. Осы әкімдікте қызмет істейтін ұлты орыс Мария Бирюкова аудармашылық жасады. Естіген құлақта айып жоқ. Орыс қызының көмегімен қажетті ақпараттарды сұрап алдым (Қазақшаға судай Мария жайлы газетімізде бұған дейін жаз­ғанбыз).

Мен мақаланы жазып болғанша, яғни наурыздың 18-і қазақшаға шор­қақ әкім Болат Бәкин қызметінен ке­тіпті. Оның міндетін қазір екі тілге де жүйрік Мария Бирюкова уақытша атқарып жүр екен.

Белое ауылдық окургіне Белое, Щучье, Чистое, Сливное және Ко­валь сынды бес ауыл кіреді. Ок­ругте 668 адам тұрады. Медици­налық пункт, мектеп бар екен. Бір әттеген-айы округ орталығынан бас­қа төрт ауылдың бірінде де мектеп жоқ. Оқу­шылар Белое орта мек­тебінің ин­тер­натында жатып оқиды. Ар­найы көлікпен аптасына бір рет үйлеріне апа­рып-алып келеді.

Ауылдың көркі кіріп, тұрмысы тү­зеліп келе жатқанын аңғаруға бо­лады. Ауылішілік үш көшеге ас­фальт салынса, қалған жолдарға қиыршық тас төселіпті. Байланыс жүйесі ойдағыдай, интернет барлық жерде ұстайды. Орталық көшелерді түнде жарықтандыру үшін 20 шақты шам орнатылыпты. Тұрғындарды ендігі қинап тұрған мәселе – ауыз­судың жайы. Ауылға кіреберіс жер­дегі құдықтан сатып алады. Ал күн­делікті жуынуға және басқа мақ­сатқа пайдаланатын суды әркім өзі қазып алған құдықтан алады, одан қалды ауылдағы жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктердің бірі жақын маңдағы көлден әкеліп береді екен.

Ауыл тұрғындарының бір бөлігі “Кулик”, “Торкин және Со”, “Белое-Агро” сынды үш шаруа қожалы­ғында жұмыс істеп, күнделікті нә­пақасын айырып отыр. Қалғаны мектеп пен медициналық пунктте істейді. Жеке шаруашылықпен ай­на­лысатын тұрғындар да жоқ емес. 2019-2021 жылдар аралығында “Еңбек” бағдарламасы аясында Оң­түстіктен бес отбасы көшіп келген. Үшеуі Белоеда тұрса, қалған екеуі Чистоеға тұрақтаған. Бір қандасы­мыз мемлекеттен грант алып, азда­ған мал сатып алған екен.

Ауылдағы жалғыз мектепте сабақ тек орыс тілінде жүреді. Оңтүстік өңірден көшіп келген ағайын амал­сыздан балаларын орысша оқытуға мәжбүр. Біз үш қабатты білім ордасына бас сұғып мектеп директоры Елена Хоменкомен тілдестік. Мектеп 1976 жылы салынған екен. 460 балаға арналған. Қазір онда 117 оқу­шы білім алады. Даярлық тобында – 11, шағын орталықта – 26 бүлдіршін тәрбиеленуде. Іргедегі Чистое, Коваль және Щучье ауылдарынан қа­тынап оқитын 28 бала интернатта тұ­рады. Директордың айтуынша, бала саны соңғы уақытта көбейе бастапты. Биыл 1-ші сынып табалдырығын 19, өткен жылы 14 бала аттаған.

– 2020 жылы мектепке жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, шатыры мен те­резелері ауыстырылды. Білім оша­ғы жылы. Оқушылар да тәртіпті. Ке­лесі оқу жылында математикадан сабақ беретін мұғалім алмақшымыз. Осы мектепте 11 жыл білім алып, маман иесі атанып қайта келіп жат­қан жастар да бар. Біз оларды құшақ жая қарсы аламыз. Өз ауылыңа қызмет етуден артық бақыт бар ма?! – дейді мектеп директоры.

Оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың 6 баласының сабақ үл­герімін де сұрадық. Директордың сө­зінше, бүгінде орысшаға тіл сын­ды­рып жүрген көрінеді. Олардың біреуі шағын орталықта, қалғандары 1, 5, 7, 8-ші сыныптарда оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы көрінеді. Бұл ауылда қандастарымыздың санын көбейтіп, аталған білім ордасын аралас мек­теп етіп ашса артық болмас еді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp