Облыстық балалар ауруханасына жаңадан сатып алынған компьютерлік томограф орнатылып, іске қосылды. Заманауи қондырғының жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.
2021 жылы шығарылған “General Electric Revolution EVO” заманауи компьютерлік томографы ми, кеуде қуысы және құрсақ ауруларын жоғары дәлдікпен диагностикалау функцияларымен, сондай-ақ аурулардың бастапқы белгілерін лезде анықтау және туа біткен патологияны диагностикалау сынды басқа да зерттеулермен ерекшеленеді. Бұл құрылғы балаларға арналғандықтан радиациялық әсері аз.
– Енді балаларды бастан-аяқ тексере аламыз. Өткен аптада 80 бүлдіршінді тексердік. Гидрацефалия, туа біткен өкпе эмфиземасы сынды аурулар тек компьютерлік томографтың көмегімен ғана анықталады. Өңіріміздің тұрғындары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелгендер үшін зерттеу тегін жүргізілсе, шетелден келгендерге бұл қызмет ақылы түрде көрсетіледі, – дейді балалар ауруханасының сәулелік диагностика бойынша дәрігері Виталий Туник.
Ауруханаға компьютерлік томограф аппаратымен бірге заманауи инжектор қойылады, бұл қан тамырлары мен барлық ішкі ағзаларды зерттеуге мүмкіндік береді.
– Бірнеше жыл бұрын тұрғындар компьютерлік томографтардың жетіспейтіндігін және ұзын-сонар кезекте тұратындарын жиі айтып шағымданатын. Біз бұл мәселені біртіндеп шешіп келеміз. 2017 жылдан бастап компьютерлік томограф аппараттарының саны 4-тен 8 бірлікке дейін ұлғайтылды. Өткен жылы 11 ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алып, бұл құрылғының жетіспеушілігі мәселесін де шештік, – дейді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.
Жуырда қалалық көпсалалы ауруханада тағы бір компьютерлік томография кабинеті ашылады. Қолданыстағы аппараттар 1-ші қалалық аурухана мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық ауруханаға жіберілді.
Облыстың емдеу мекемелеріне заманауи медициналық жабдықтар сатып алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы 5 жылда бұл мақсатқа 14 млрд. теңге бөлініп, 2 мыңнан астам қондырғы жеткізілген. Ауруханаларда ангиограф, маммограф, УДЗ, рентген аппараттарының тапшылығы мәселесі шешілді.
Рабиға ЕРАЛЫ.
“Soltüstık Qazaqstan”.