«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Даналықтың қайнар көзі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қазыналы қариялардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толады. Еліміздегі қатары қалың қоғамдық бірлестіктің құрылған күніне орай Петропавлдағы Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Ардагерлер – біздің қоғамымыздың мақтанышы” атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиынға жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңіріміздің құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, тыл еңбеккерлері қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді.

– Ақсақалын ардақтау, аталы ақылын тыңдау – қазақ халқының ежелгі айнымас дәстүрі. “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді”, – дейді дана қазақ. Бұл дәстүр ешқашан өзгермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында “Адал еңбек, озық білім, және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады”, – деп атап айтты. Бұл – ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің еңбегіне берілген нақты баға. Біз Сіздерді әрқашан құрметтеп, елге сіңірген еңбектеріңізге, жастарға берген озық тәжірибелеріңізге, ұлағатты ұрпақ өсірген қамқорлықтарыңызға бас иеміз, – деді Кемел Қарашаұлы.

Жиналғандарды мерейтойлы күнмен құттықтаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өзінің отыз бес жылдық тарихында облыстың ардагерлер ұйымы барлық жағынан шыңдалғанын және өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысып, қарқынды жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Ол аға буын Жаңа Қазақстан құру мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыруға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.

– Халқымызда “Қариялар – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі”, – деген нақыл сөз бар. Өңірдегі ардагерлер ұйымының 35 жылдағы бағындырған белестеріне көз жүгіртсек, ел көлемінде алдыңғы қатарлы ұйымдардың легінен көрініп, абыройлы биігіне көтеріліп отырғанымыз өздеріңіздің парасатты ақыл-кеңестеріңіздің, бай өмір тәжірибелеріңіздің арқасы дер едім. Егеменді еліміздің жарқын болашағын айқындайтын жас ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосып отырған ардагерлер қауымының алдында әлі де талай жауапты да абыройлы міндеттер тұр, – деді Ескендір Есмақұлы.

Бүгінгі жетістіктеріміз – қарияларымыздың зор еңбегі мен ұйымшылдығының арқасы. Өмірлік тәжірибенің ең жақсысы – ұмытылмағаны және жас ұрпаққа берілгені. Себебі ардагерлер – екі буынды байланыстыратын алтын көпір.

– “Қарты бар үйдің қазынасы бар”. Біз өз кезегімізде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне араласу арқылы елді өркендетуіміз керек. Оларды еңбекке баулып, жақсы тәрбие беру біздің қолымыздан келеді. Осы жолда жұмыс істейік, – деді облыстың құрметті азаматы, жақында тоқсан жастың төріне шыққан Жақсылық Ысқақов.

Мерекелік шараға қатысушылар алдында өңіріміздің көркемөнерпаздар ұжымдары, халық ансамбльдері, Мамлют ауданындағы Афонкино ауылы Мәдениет үйінің вокалдық тобы өз өнерлерін көрсетті. Би билеп, орыс және қазақ тілдерінде ән шырқады.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp