«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында алты мәселе қаралды. Алдымен №2 жылу-электр орталығындағы апаттық жағдай талқыланды. Бұл кәсіпорын өңірдің 8 ауданын электр қуатымен, ал облыс орталығын жылумен қамтып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, №2 жылу-электр орталығы әбден тозған. Пайызбен өлшейтін болсақ қазандықтар – 73, турбоагрегаттар 82 пайызға ескі.

– Петропавл жылу-электр орталығында 12 қазандық бар. Қазіргі уақытта соның біреуі қайта жөнделіп жатыр. Сондай-ақ 7 турбоагрегат іске қосылған. 2019 жылы “Севказэнерго” акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында кәсіпорындағы қондырғыларды жөндеуге және жаңартуға 1 млрд. теңге, 2020 жылы 1,3 млрд., былтыр 830 млн. теңге бағытталды. Алайда атқарылған жұмыстар оң нәтиже бермей отыр, – деді Бақыт Ілиясов.

Биыл “Севказэнерго” акционерлік қоғамы отын жеткізетін қондырғы мен №8 қазандықты жөндеуге 1,1 млрд. теңге бөлмекші. Қоғамдық кеңесте белгілі болғандай, 2020-2021 жылғы жылыту маусымында жылу-электр орталығында 13 технологиялық апат тіркелсе, биыл олардың саны 39-ға дейін жетті. Бұл жылу және электр қуатымен қамту сапасына кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Қазіргі уақытта жартылай опырылып құлаған мұржаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бақыт Ілиясовтың сөзінше, монополист компания жылу-электр орталығының жұмысын қалпына келтіру мақсатында арнайы жол картасын әзірлеген. Сәуірдің 15-нен бастап мұржаның қалған бөлігі бұзылатын болады. “Кәсіпорындағы ұсақ-түйек ақаулардан бөлек, жылу-электр орталығында биыл 5 рет апат орын алды. Салдарынан 12 қазандықтың бесеуі, кей кездері екеуі ғана жұмыс істеген уақыт та болды. Тәжірибе көрсеткендей, жылу мен жарық сапалы берілуі үшін кемінде 9 қазандық пен 6 турбоагрегат іске қосылуы шарт. Алдағы жылыту маусымына дейін кезең-кезеңмен жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл мақсатқа 17,9 млрд. теңге қажет. Қазір “Севказэнерго” компаниясы қаражат іздестіріп жатыр”, – деді Бақыт Ботажанұлы.

Қоғамдық кеңес мүшелерін тұтынушылардың жылу мен жарық үшін төлейтін ақшасы қайда кетіп жатқаны қызықтырды. Бұл сұраққа жауап берген Бақыт Ботажанұлы “Севказэнерго”-ның негізгі табысы электр қуатынан түсетінін, ал жылудың ақысы шығындарды да жаппайтынын жеткізді. Себебі жылудың тарифі 2018 жылы бекітілген болатын. Жиында қоғам белсенділері тарапынан тозығы жеткен жылу-электр орталығының орнына газбен жұмыс істейтін жаңа станция тұрғызу сынды ұсыныстар да айтылды.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысынан жылу-электр орталығын мемлекет меншігіне өткізу мүмкіндігі жайлы сұрады. Соңғы кездері әлеуметтік желіде “Севказэнерго” компаниясына тиесілі жылу-электр орталығын мемлекет тарапынан қаржыландыру қажеттігі көп айтылуда. Себебі монополист қысқа мерзім ішінде қажетті 18 млрд. теңгеге дейін қаражатты таба алатынына күмән бар, сондай-ақ энергетиктер қарапайым халықтың жағдайын емес, өздерінің пайдасын көп ойлайтыны туралы сын көп айтылуда.

Бұл сұраққа жауап берген басқарма басшысы мұндай мәселе көтерілмегенін айтты.Жиында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің көктемгі су тасқынына дайындығы жайлы да айтылды. Бүгіндері тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстар қыза түскен. Өңірімізде арнайы штаб құрылып, мамандар өзен-көлдердегі жағдайды күн-түн демей бақылауға алған.

– Апат айтып келмейді. Құтқарушылар кез келген жағдайға даяр болуы шарт. Қазірдің өзінде құқық қорғау органдары мамандарынан 8 арнайы топ құрылды. Олардың құрамына 475 адам кіріп, 134 техника бекітілді. Биыл көктем әдеттегіден кеш келеді. Сол себепті өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жалғасуда. Синоптиктер алдағы уақытта қар аралас жаңбыр жауатынын айтуда. Бұл Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне әкелері сөзсіз, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов.

Бүгіндері су тасқынының алдын алу мақсатында ауылдардан 596 мың текше метр қар шығарылып, 257 шақырым арық тазартылды. Бұған қоса 598 су өткізгіш құбыр тазаланды. Қоғамдық кеңес мүшелері Былғары зауыты шағынауданындағыдай дамбалар өзге елді мекендерде тұрғызыла ма деген сұрақ қойды. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев мұндай ауқымды жұмыстар келер жылға жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

– Былғары зауыты кентіндегі дамба су тасқынының алдын алуға өз септігін тигізді. Мұндай қорғаныс аса қажет. Келер жылы Қызылжар ауданында Есіл өзені жағасындағы елді мекендер жанынан осындай екі дамба тұрғызу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжат әзірленіп, қаржы жағы нақтыланғаннан соң олардың құрылысын бастайтын боламыз, – деді Сәтжан Әйтенұлы.

Кеңесте Петропавл қаласының бас жоспары да таныстырылды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевтің сөзінше, шаһардың 2035 жылға дейінгі дамуын қамтитын бас жоспар қалалық және облыстық мәслихаттарда мақұлданған, кейін оны Үкімет бекітті. Бас жоспарға сәйкес қала бес аймаққа бөлінген: орталық, солтүстік, шығыс, батыс және оңтүстік. Әрқайсысында тұрғын үй және халыққа қызмет көрсету нысандары салынады. Өкінішке қарай, жол құрылысына қатысты ақпарат кең көлемде берілмеген. Мұны қоғамдық кеңес мүшелері сынға алды. Қайролла Төлеуұлы алдағы жылдары қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілетініне назар аударды. Сол кезде шаһардың инфрақұрылым желілері жайында да мәліметтер міндетті түрде енгізілмек.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp