«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЯСЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңғыруға үлкен назар аударды. Жасыратыны жоқ, жергілікті жерлерде бар ауыртпалық ірі шаруашылықтарға түседі. Жолдауда айтылғандай ауылдық округтер мардымсыз бөлінген қаражатты місе тұтады. Облыс орталығы мен Шаховское елді мекені арасындағы 14 шақырым жолды күрделі жөндеу жайы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқаны – сөзіміздің дәлелі. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілі енгізілсе, олар зор ресурстық қолдауларға ие болып, өзі де, сөзі де нық шығып, ешкімге жалтақтамас еді. Мемлекет басшысы оған қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтауды тапсырды. “Өзін-өзі басқару туралы” Заңды әзірлеу кезінде жергілікті проблемаларды тиімді шешудің тетіктері ұсынылады деген үміттеміз.

Президент таяу уақытта бағалардың шарықтап кетуі мүмкіндігін ашық айта келіп, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Біз де өз тарапымыздан алмағайып өзгерістер жағдайында ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуді әркез басты бағдар етеміз. Шаховское ауылында орналасқан “Крахмал-Агро” ЖШС-ы 2017 жылы құрылып, 9500 гектар алқапқа дәнді, майлы және бұршақты дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Үлескерлердің саны 600-ге жуық. Былтыр серіктестіктің табысы 524 млн. теңгені құрап, осы қаражат есебінен орташа айлық жалақы 170 мың теңгеге жеткізілді. Жыл қорытындысы бойынша жақсы жұмыс нәтижелерін көрсеткен механизаторларға “он үшінші” еңбекақы төлеу дәстүрі енгізілді. А.Сапрыгин, М.Кожаков, В.Таций сияқты таңдаулы механизаторларымыз алғашқылардың қатарында осындай құрметке ие болды.

Ауыл шаруашылығы техникасы паркі 85 пайызға жаңартылды. Көктемгі, күзгі науқандық жұмыстар “New HOLLAND”, “JOHN DEER”, “Буллер”, “JSB”, “БУРГО”, “ДЖЕРАРДИ”, “КОНДОРАМАЗОН” секілді егіс кешендерімен, заманауи техникалармен атқарылады. Соңғы үш жылда 267 млн. теңге мөлшерінде субсидия алдық. Топырақ құрамына агрохимиялық талдау жүргізіп, ғылыми мәліметтер негізінде әр гектарға 100 килограмға дейін минералды тыңайтқыштар сіңірілді. Соның нәтижесінде орташа өнімділік 19,3 центнерден айналды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өткеннен тағылым ала отырып, келешекке сеніммен қадам басу жолдарын белгілеп берді. Басты мұратымыз, егемен еліміздің болашақтағы бейнесі – Жаңа Қазақстан құру десек, отаншылдық рухы жоғары ұлт қана көздеген мақсатына жете алады. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданатын болса, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асары даусыз. Өзгерістер адал еңбек, озық білім, үздік тәжірибе – осы үш тағанды білгірлікпен, тиімділікпен ұштастырғанда ғана жақсы үрдістерге негіз қаланары сөзсіз. Мұның бәрі оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үрдіс екенін жақсы білеміз және де бәрімізден жоғары жауапкершілікті, жанқиярлық еңбекті талап етеді. Біз осыдан бес жыл бұрын тәуекел етіп, Қостанай облысынан етті бағыттағы Әулиекөл тұқымды ірі қара малын сатып алдық. Қазір саны мыңнан асты. Биыл тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілсе, сиыр 2000 басқа дейін көбейеді. Шаруашылықта 202 жылқы және 400 бас қой өсіріледі. Соңғы 5 жылда 1 млрд. теңгеден астам инвестиция игеріліп, 290 млн. теңгеге мал қорасы, жемшөп цехтары, қоймалар қалпына келтірілді. 800 млн. теңгеге техника сатып алынды.

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктеріне қаражат жүйелі түрде бөлініп отырады. 2020 жылы 1 шақырымға су құбыры тартылып, тіршілік көзі 10 үйге кіргізілді. Көпбалалы отбасы Анастасия Курбатова отынмен қамтамасыз етілді. 3 отбасының жерлеу рәсімдеріне 1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Шаховское орта мектебіне кеңсе заттары, спорт жабдықтары, жиһаз, құрылыс материалдары және жылыту аспаптары әперілді. Оқушылардың Тараз қаласына таэквандодан жарысқа баруына 340 мың теңге бөлінді. Жолдарды күтіп-ұстау – серіктестік міндетінде. Заманауи талаптарға сай фельдшерлік-акушерлік пункт, полиция және байланыс бөлімшелері тұрғызылды. Биыл екі қабатты ғимарат жөнделіп, жаңа демалыс орталығына айналады. Ауылды абаттандыруға 1,5 млн., күл-қоқыстарды жинауға 500 мың теңге, грек-рим күресінен ауыл командасының облыстық жарыстарға қатысуына 350 мың, 1-9 сынып оқушылары үшін тегін тамақтануға 4,3 млн. теңге қарастырылған. Екі студенттің оқу ақысы серіктестік есебінен өтеледі. Зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлеріне, қарттар мен мүгедектерге азық-түлік пакеттері беріледі.

Жақында облыс басшылығының тұрғындармен кездесуі барысында 14 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге республикалық қазынадан 900 млн. теңге қарастырылып, қажетті құжаттардың рәсімделіп жатқанын естіп, көңіліміз бір марқайып қалды. Жұртшылық пен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық, тығыз байланыс орнататын болса, алынбайтын асу болмайды. Осы кездесуде Ғалия Шауқарова есімді ауыл тұрғыны былтыр бір орама шөпті 18 мың теңгеге қызы сатып әпергенін қынжыла жеткізді. Наталья Овчинникова мал бағатын жайылымның тарлығын, сапасыз жол жайын сөз етті. Басқа да әлеуметтік мәселелер қамтылды. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп “тисе – терекке, тиме се – бұтаққаның” керімен сөйлеудің негізсіз екенін айта кеткім келеді. Біз бір орама шөпті 5 мың теңгеден саттық. Шаруашылық жұмысшыларына тегін тараттық. Соған қарамастан кей адамдардың атқарылған істерге көңіл толмаушылығын ескеріп, көмегімізді жалғастыратын боламыз.

Біз Прибрежное ауылдық округі әкімдігімен меморандумға қол қоя отырып, орташа айлық жалақыны 30 пайызға дейін көтеру, дивидент мөлшерін түскен табыстың бес пайызынан төмендетпеу, кемі бес жұмыс орнын құру, көшелерді жарықтандыру, спорт алаңқайын салу, дүкендерді бірінші қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру сияқты міндеттемелер алдық. Оған ішкі мүмкіндіктеріміз жеткілікті. 3324 тұрғыны бар үш елді мекен қарайтын ауылдық округ өркендеп келеді.

Біз үшін әлеуметтік әріптестік іскерліктің, бедел өлшемінің басты көрсеткіші болып қала береді. Оның түпкі мәні – бизнесті ілгерілету, халықтың өмір сапасын жақсарту.

Диас ДАЙЫРОВ,

“Крахмал-АГРО” ЖШС-ның директоры.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp