Ақжар аудандық Мәдениет үйінде облыстық білім басқармасының, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы және “Серпер” өнер мектебінің ұйымдастыруымен тәлімгер ұстаз, “Күйтартыс” жобасының негізін қалаушы Серікбай Қабжанұлын еске алуға арналған “Домбыра-дастан” атты дәстүрлі байқау өтті. Онда Петропавл, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау қалалары және Ғабит Мүсірепов, Қызылжар, Ақжар, Уәлиханов аудандарынан 17 жас домбырашы өз бақтарын сынады.
Байқау 12-14 және 15-17 жас ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырылды. 12-14 жастағы оқушылар Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сүгір сияқты қазақтың ғажайып күйшілерінің жеті бірдей шығармасын орындаса, 15-17 жастағылар Нұрғиса, Сүгір, Құлшар, Құрманғазы, Махамбет, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сынды күйшілердің он күйін тартты.
Сайыс екі айналымнан тұрды. Байқау қорытындысы бойынша 12-14 жас аралығындағылар сапында өнер көрсеткен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының өнер мектебінің оқушысы Аманали Кенжебеков пен Ақжар ауданының “Серпер” өнер мектебінің оқушысы Әнуар Байназарға бас жүлде бұйырды. Бірінші орынды Теміртау қаласынан келген Нұржігіт Тулешов, екінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өнер мектебінің оқушысы Асанәлі Тойболат пен “Серпер” өнер мектебінің оқушысы Арман Айдапкелов, 3-орынды осы мектептің тәрбиеленушісі Әйткен Шахмұрат пен Қызылжар ауданының “Мерей” өнер мектебінің оқушысы Даниял Мұрзахметов және Уәлиханов ауданының өнер мектебінің оқушысы Айбек Сағадат иеленді. Серікбай Қабжанұлы атындағы сыйлық Теміртау қаласындағы Ғ.Жұбанова атындағы өнер мектебінің оқушысы Диляра Туякпикке табыс етілді.
Байқаудың 15-17 жас ерекшелігі ережесіне сәйкес өнер көрсеткен Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Ақнұр Сәбит бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі бірінші орын “Серпер” өнер мектебінің тәрбиеленушісі Жансая Шергалиева мен Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің шәкірті Асанәлі Оразға, екінші орын Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің студенті Ұлықпан Азатбекке бұйырды.
Жүлде алған жас домбырашыларға диплом, кубок, медальдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Тұңғышхан БЕКЕНАЙҰЛЫ,
“Серпер” өнер мектебі домбыра сыныбының мұғалімі.
Ақжар ауданы.