Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығына сәйкес Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин Бостандық ауылында есеп берді. Жас әкім сағаттап баяндама жасаған жоқ, тұрғындармен “сұрақ-жауап” форматында еркін сұхбаттасып, шетін мәселелердің түп-тамырына бойлауға тырысты.
Аудан аумағында автомобиль жолдарының желісі 467 шақырымды, кентішілік жолдар оның жартысына жуығын құрайды. Өңірді дамыту бойынша кешенді жоспар қолға алынғаннан бері 185 шақырым жол қалпына келтірілген. Әлі 25 шақырымы жөндеуді қажет етеді. 38 ауылдың 25-і орталықтандырылған магистральды су құбырына қосылған. Былтыр Новодубровное, Михайловка, Қызыләскер, Раздольное, Степное, Бике елді мекендеріне ауызсу жеткізілген. Становоеде модульдік мұнара орнатылған. Белоеге дейін тартылатын 14 шақырымдық су құбырының жобасы екі жылға жоспарланған.
4 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. “Әйтеке би” және “Қызыләскер” серіктестіктері тауарлы-сүт фермасын, “Белое Агро” шаруашылығы жартылай фабрикаттар әзірлейтін цех, “Ахитовка” жеке кәсіпкерлігі шағын сүт өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлікті өркендетудің тиімді тетігіне айналған. Шағын кәсіпкерлікті қолдауға 482,4 млн. теңге бағытталып, “Мирончик”, “Сабиров”, “Al Zere Mramor” жеке кәсіпкерліктері қайтарымсыз грантқа ие болған. “Мәулен” жеке кәсіпкерлігі этноауыл жасау жобасын ұсынып, туристер үшін қызмет көрсетпек.
Әрине, ауданда барлық мәселе шешімін тапты деп айтуға ерте. Мамлютка қаласында орнатылған қазандықтар былтыр қайта-қайта істен шығып, апаттық режімде жұмыс істегенін, нысанды сенімді басқаруға беру үшін бірнеше рет байқау жарияланса да, нәтиже шықпағанын, оның ақыры мердігермен соттасуға дейін ұласқанын, “Тарлан” жабық хоккей корты бір жыл бойы жарықсыз қалғанын, жер телімі дұрыс рәсімделмегендіктен, құзырлы органдар ғимаратты қабылдап алудан бас тартқанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Әкім алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермеуді ойластырған болу керек, жүзеге асырылатын жұмыстарды орындалу мерзіміне дейін нақпа-нақ баяндап, сөзінің арасына: “2020-2021 оқу жылында Бостандық орта мектебінің түлектері арасынан 2 “Алтын белгі” және бірнеше үздік аттестат иегерлерінің болуы – мақтан тұтарлық жаңалық. Биыл ауылдың 90 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өтеміз. Клуб үйін қайта жаңғыртуды аяқтаймыз”, – деген жан жадыратар лебіздерін қосып отырды.
Меңгесер, Афонькино, Андреевкадағы Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бастау жоспарланған. Жобаның құны – жарты миллиард теңге. Новомихайловка, Краснознаменное, Андреевка ауылдарында тұрғын үймен біріктірілген тірек пункттері, ағаш-жаңқа жиhаздарын қалдықсыз өңдейтін цех тұрғызылып, 80 жұмыс орны пайда болады. Тауар өндірушілермен 22 меморандум жасалып, жалақы көбейтіліп, тұрақты жұмыс орындары құрылмақ.
– Былтыр Бикеге су тартылды, Меңгесер мен Белоеге жарық шамдары орнатылды. Қызыләскер, Краснознаменное, Михайловка бағыттарындағы жол учаскелері, Леденово, Андреевка, Афонькинода мектептер жөнделді, – деді Владислав Геннадьевич.
Әңгіме тақырыбы Бостандық ауылына қарай ойысқанда Андреев ауылдық округінің әкімі Берік Жұқышевтың қысқаша есебі тыңдалды. Округте тұратын тұрғындардың саны – 840. 10427 гектар алқапқа астық егіледі, сондай-ақ мал өсірумен айналысады. Биыл “Аделя” дүкені жанынан наубайхана бой көтереді. Арнайы жоспарға енгізілген фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу да – осы жылдың еншісінде. Бостандық шағын ауыл санатына жататынына қарамастан, орта мектеп жұмыс істеп тұр. Оқушылардың саны – 59. “Әттеген-айы” – ауыл тұрғындарының өз балаларының саны 15 қана, қалғандары “уақытша баспана” жобасына қатысушы маңайдағы елді мекен оқушылары. Білім ошағының былтырғы түлектері 100 пайыз грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарына түскен. Ұжым үш жас маманмен толыққан. 10-сынып оқушысы Садыржан Ақжол “Абай” және “Мағжан оқулары” байқауларының жеңімпазы атанса, оның жетекшісі Гүлжайна Пірімбетова Білім және ғылым министрі тарапынан марапат алған. Балғын спортшылар – ұлттық спорт түрлерінен облыста мақтаулылар қатарында.
Есептік кездесуге қатысқан осы ауылдың тумалары – Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықов пен ардагер-журналист Нұрсайын Шәріп округ аумағында жұмыс істейтін шаруашылықтар тарапынан жан-жақты қамқорлық жасала бермейтінін сынға алды. Олар көпбейінді өндірістік кооперативтер, қаржылық шығынды анағұрлым аз қажет ететін жылыжайлар құру, профилакторий, ағаш өңдейтін цех салу, жақын орналасқан мәдени нысандарды бір орталықтан жылыту идеясын алға тартты. 130 үйдің 60-қа дейін қысқарғанын, бұл үрдіс жалғаса берсе, мектепке жабылып қалу қаупі төнетінін ашына айтты. Оңтүстіктен көшіп келген ағайындардың балалары мектепті толтырып отырғаны көңілге демеу саналғанымен, былтыр бар-жоғы 8 сәбидің дүниеге келуін, 3 адамның қайтыс болғанын ескерсек, табиғи өсім 5 адамды ғана құрайтыны ойландырмай қоймайды. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” мемлекеттік бағдарламасы арқылы биыл екі отбасы қоныстанса, осында 3-4 жыл бұрын көшіп келген 10 дүнген отбасының жартысына жуығы басқа жаққа кетіп қалған. Негізгі себеп – жұмыссыздық.
Бұрындары Бостандық тұрғындары бау-бақшамен айналысуға судың жоқтығын сылтау ететін. Қазір әр үйге су тартылып, дәретхана, душ кабинасына дейін қойылған. Алайда қосалқы шаруашылықпен шұғылданушылар қатары әлі де селдір. Маңдай терлерін шүмектете төгіп, жерде еңбек етіп, экологиялық таза өнімді дастарқанға қоюдың орнына дүкеннен сатып алғанды тәуір көреді. Тұрғындарда 890 бас Зеңгі баба, 1560 бас Шопан ата, 470 бас Қамбар ата түлігі бар. Тұрғындар малдың аздығын жайылым тапшылығына әкеліп тірегенімен, жоқтан бар жасап, қосалқы шаруашылық арқылы табысын дөңгелетіп отырған іскер отбасыларды көргенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан: “Қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Осындай жағдайлар “мемлекеттен ала берсем” деген көзқарас қалыптастырды. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады”, – деген сөздер еріксіз ойға оралады. Қуаныш Қабдырахымов осыдан екі жыл бұрын жер жәннаты – Жетісудан көшіп келген. Отбасында, анасын қосқанда, 7 жан бар. 4 баласы мектеп жасында. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілген үйге қоныстанған. Әр отбасы мүшесіне берілген бірреттік жәрдемақыға екі баспана сатып алған. Оның біреуін Отан алдындағы борышын өтеп жатқан шаңырақтың үлкеніне дайындап қойған. Екінші ұлы да ержетіп келеді. Қаз өсіргенді қолайлы көріпті. Кәсібі бардың нәсібі бар деген осы. Былтыр құс санын жарты мыңға дейін жеткізіпті.
Ауылдағы клуб ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынғанымен, тендерді Шығыс Қазақстан облысынан ұтып алған мердігер қаражаттың жетіспеушілігін сылтау етіп, істі аяқтамай тастап кеткен. Бүгінде ғимарат жабық. Оның ішінде орналасқан кітапхана қорын сақтап қалу қиын болып тұрған көрінеді. Кездесуде туған жерінің жанашыры, сырттан келген ағайындарға баспана тұрғызып берумен айналысып жүрген Ерлік Мұхамеджановтың аталмыш құрылыс мекемесінің есебін аудандық қоғамдық кеңесте қарау туралы ұсынысын жиналғандар қолдады.
Владислав Лукин айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын айта келіп, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі интернет жылдамдығын арттыру үшін мұнара тұрғызып беретінін жеткізді. Бұл шаруашылықпен жасалған меморандумда көрсетілген. Әкім өзімен бірге ере келген бөлім жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, бірқатары қолма-қол шешімін тапты. Есепті кездесуден кейін әкім жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін қатыстыра отырып, ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.