Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында “Мейірімділік пен достық керуені” атты іс-шара өтті. Жоба АҚШ пен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастың 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.
Қорғалжыңнан бастау алған керуен Көкшетауды басып өтіп, Қызылжарға да келіп жетті. Америка мен Қазақстан халықтарының достығын, ұлттық дәстүрлері мен мәдениетінің ұқсастығын көрсету мақсатында ұйымдастырылған, іс-шара аясында “Өнертапқыш әйелдер”, “Топырақ құпиялары” атты бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, ұлттық тағамдар дайындау акциясы, волейбол турнирі, америкалық кинематографистердің фильмдерін, театрландырылған қойылым көрсету, екі елдің мәдениеті туралы ашық дәрістер оқу жоспарланған.
Іс-шараға жиналған бескөлдіктердің қарасы қалың болды. Әсіресе жастардың екі елдің мәдениетіне деген қызығушылығы зор. Олар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сағаттарында Қазақстан мен Америка халықтарының бойтұмарларымен танысты.
“Мейірімділік пен достық керуені” жобасының басты мақсаты – жас ұрпаққа екі халықтың ортақ құндылықтары бар екенін көрсету. Аталған керуеннің келесі бағыты Степногорск, Семей қалалары, жалпы еліміздің 10 қаласын аралау жоспарланған.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.