Темір жол вокзалына қонақ қарсы алуға бардым. Пойыз келмепті. Вокзалдағы жағалай қойылған орындыққа жайғастым. Күтіп алушылар да, жолаушылар да көп. Бір сөзбен, ығы-жығы адам. Пойыз келгені хабарланған соң қажет вагонға қарай жақындадым. Қасымдағы жігіт те біреуді күтіп алуға келген сияқты, әлсін-әлсін вагондардың нөміріне қарап қояды. Ұзын бойлы, мес қарындау, қымбат киінген бір кісі шірене басып түсіп келе жатты. Әлгі жігіт оның сөмкесін ұстай алып:
– Елеке, абайлап түсіңіз, баспалдақ мұз, тайып кетпеңіз, – деп құрақ ұшып жатыр. Ол болса, тұнжыраған күйі жерге түсті де:
– Ей, жігіт, мен саған Елеке емеспін, Елкен Саркитбаевич де, қалай-қалай сөйлейсің өзің? – деп зірк ете қалмасы бар ма? Сырттан бақылап тұрған біздер ол кісінің орынсыз әрекетіне таңдана әрі жиіркене қарадық. Жігіт қайтсін, қарсы уәж айта алмай, кешірім сұрап, дегенін амалсыз қайталады. Бұдан адамның атын әкесінің есімімен қосақтап айту, оның өзінде орысша “вичті” қосуды кейбір адамдар абырой көретінін аңғарғандаймын.
Осы тектес оқиғаны өткенде әріптесімнің үйінде де естіп едім. Әлдебір мекеменің табалдырығын жаңадан аттаған жас маман алғашқы күннен бастап бастығын “Сәуле Кердеңбайқызы” деп атапты. Бір емес, екі емес, күнде айтыла бергеннен кейін бір күні директор қызды оңаша шақырып алып: “Мені бұдан кейін Кердеңбаевна деші”, – деп ескерту жасаған екен. Жаңа келген жас маман бұған алғашында аңтарылса да, кейін жұмыстан шығып қалмау үшін соның айтқанын жөн көріпті.
Қазіргі жастардың көбі ескіге қарсы, жаңалыққа жаны құштар. Елдік мәселелерге келгенде өз ойын еркін білдіреді. Қазақтыққа жат дүниені жатырқай қабылдайды. Осыны кей шенділер неге түсінбейді екен? Неге біз әлі күнге “ұлы”, “қызы” деп айтуға арланамыз? Әсіресе қызметте жүргендердің көбі бұл жалғауды өздеріне мәртебе көретін сыңайлы. Мектептерде де әлі бар. Бұл өзге ұлттың тілінен ажырай алмай қалғанымызды білдірмей ме? Өзгеретін кез келді ғой, тіпті өтіп барады. Ол кезде идеология басқа болды дейік. Ал қазіргілерге не жорық?
Асқар ЕРНАЗАР,
зейнеткер.