«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәслихат – ықпалды күш

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырудың іргелі міндеттерін белгілеп, алда тұрған стартегиялық мақсаттарымызды егжей-тегжейлі анықтап берді. Ауқымды бастамалар еліміздің саяси жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Тәуелсіздік жылдары небір “тар жол, тайғақ кешу” өткелдер мен асулардан аман өтсек те, бұл кезең алмағайып уақытпен тұспа-тұс келіп отыр. Тымық күнде ала құйындай соғып өткен қаңтар оқиғасы талайымызды есеңгіретіп, белгісіз үрей құшағына тұншықтырғандай күйге түсірді. Мемлекет басшысы заман қаншалықты күрделі болса да, ұстанған бағдарымыздан айнымайтынымызды ерекше атап көрсетіп, баршамызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға, ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, жаңғырту жолында ұйысуға шақырды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өтсе де, жете алмай, арманда кеткен егемендігімізге адам тілімен айтып жеткісіз зор қауіп төнген шақта тыныштық пен бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін қапысыз түсіндік.

Биылғы Жолдауды еліміздің қоғамдық-саяси өмірімен тікелей байланысты басым мәселелеріне арналған бағдарламалық құжат деуге болады. Саяси реформалардың жүйелі сипатта қамтылуы және кешенді түрде жүзеге асыру қағидаттарының айқындалуы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасымен толық үндес. Шамадан тыс президенттік өкілеттіктерден бас тарту, партияның мемлекетік аппаратқа кірігуіне жол бермеу, саяси лауазымды тұлғалардың қандай да бір партия мүшесі болуына тыйым салу, саяси ұйымдардың тіркеу рәсімін жеңілдету, парламенттік-президенттік басқаруға көшу – мұның бәрі демократияға қарай түбегейлі бетбұрыс кезеңінің басталғанын айғақтайды. Көңілге өте қонымды тұстар – сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, оның ішінде мәслихаттардың ықпалын барынша күшейтуге қатысты дер едім.

Бұдан былай аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына қолданылады. Сонымен бірге аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделі бар жаңа адамдардың саясатқа келуіне айтарлықтай ықпал етеді. Оған жергілікті жерлерде мысалдар аз емес. Облыстық мәслихаттың депутаттық құрамы алдыңғы шақырылымға қарағанда 75 пайызға жаңарып, сапалық жағынан нығайды. Бұрын депутаттық корпус тек бір партиядан ғана құралса, бұл жолы “Ақжол” және “Ауыл” партиясынан үш өкілден сайланды. Бюджет, қаржы, экономика саласын дамыту және қоршаған ортаны қорғау, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулығын сақтау, білім, мәдениет және жастар ісі, депутаттық өкілеттілік, азаматтар құқығы және заңдылықтар, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі 3 тұрақты комиссия құрылып, жетекшілігіне Сәуле Сұрағанова, Ольга Клишина және Біржан Жалғасбаев сайланды. Мен соңғы тұрақты комиссияның мүшесімін. Ерлан Алпысов, Геннадий Зенченко, Алтынбек Сапаров, Евгений Кинцель, Ерлан Тоқшылық, тағы басқа белсенді әріптестеріммен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, жұртшылықты мазалайтын мәселелерді назардан тыс қалдырған емеспіз. Тікелей өзімнің қоғамдық қызметіме келетін болсақ, сайлаушылар мүддесі үшін жұмыс істеу қашанда басты ұстанымым болып қала береді.

Жолдауда атап өтілгендей, азаматтардың өкілетті билікке деген сенімін нығайтуда мәслихаттардың рөлі айрықша. Өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға мықты мәслихаттың ықпалы мол. Осыған орай олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымы енгізілмек. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуді жаңашылдықтың бірі ретінде қабылдауға болады.

Ақжар – шалғай қоныс тепкен аудандардың бірі. Облыстық мәслихат депутаттары цифрландыру – экономиканың жедел дамуының негізгі факторы екенін ескеріп, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының орындалу барысымен таныстық. 24 ауылдың 21-нде интернет мәселесінің шешілгеніне көз жеткіздік. Новосельское, Ақсары, Қозыбас ауылдарында интернет байланысының жоқтығы анықталып, тиісті орындар хабардар етілетін болды. Ауданда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электрондық жүйеге көшірілген.

Орталық ауруханада электрондық форматтағы құжаттама, медициналық зерттеулер озық технологиялардың көмегімен жүргізіледі. 28 млн. теңгеге заманауи УДЗ аппараты сатып алынған екен. 10 мың тұрғынға 24 медициналық мекеме, 26 дәрігер, 127 мейірбике қызмет көрсетеді. Кездесуде көз дәрігері маманының тапшылығы айтылды. Астанадағы медициналық университетті бітірген жас маман Нұрсапар Басымбеков анестезиолог-реаниматолог болып жұмысқа орналасыпты. 1,5 млн. теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы алған, баспана берілген. 3 жыл ішінде оңтүстік өңірлерлен 72 отбасы қоныстанып, еңбекке қабілеттілері жұмысқа орналастырылған. 615 оқушы білім алатын Талшық мектебінде мультимедиялық тақталар мен қажетті құралдармен жабдықталған кабинеттер бар. Нысанға 56 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшелері Бестерек мектебіне арнайы ат басын тіреп, төбелер мен қабырғаларды сыз басып, көгеріп кеткенін көрді. Ғимараттың шатырын жөндеу 2019 жылдан бері көтеріліп келе жатқанына қарамастан, ешқандай шара қолданылмаған. Халық қалаулыларының ықпалының арқасында жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеуге қаражат бөлінетін болды. Кездесулердің бірінде Талшық кентінің тұрғындары мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу мәселесін қозғады. Бүгінде ауданның коммуналдық тұрғын үй қорында 52 пәтер бар. Оларда негізінен жетім балалар, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, бюджет саласының қызметкерлері тұрады. Кезектегілердің саны 168 болса, солардың ішінде жетім балалар – 62, көпбалалы отбасылар – 10, әлеуметтік жағдайы нашар жандар – 54. Өкінішке қарай, құрылыс саласын қаржыландыру азайып, мемлекеттік тұрғын үй кезегі мүлдем саябырсып қалған. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын салу тығырықтан шығар жалғыз жол емес. “Отбасы банктің” ипотекалық несиелеу аймағына Ақжар ауданының кіруі жас отбасылардың көңіліне үлкен үміт ұялатады.

Өзекті жайттың бірі – шағын елді мекендерге қатысты. Оларда орналасқан әлеуметтік нысандарға жасалған жобалық-сметалық құжаттар бола тұра, тиісті орындар қаржыландырудан бас тартады. Себеп – ауыл болашағының бұлыңғырлығы, әлеуетті ауылдар санатына жатқызылмауы. Мұндай ауылдар саны ауданда – 10. Мәселен, Қызылту мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 259 млн. теңге қажет. Оны ауданның қазынасы көтере алмайтыны бесенеден белгілі. Ал “Ауыл – ел бесігі” немесе “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламаларына енгізу үшін ауыл әлеуеттілер тізімінде болуы шарт. Бұл талап қисынсыз дер едім. Аудандармен арақашықтың ұзақтығы, климаттық ерекшелігі, шекаралық белдеулерде орналасуы ескерілуі тиіс. Экономикалық жағынан тиімсіз санайтын болсақ, қазақ ауылдарының басым көпшілігінің тағдыры қыл үстінде тұр. Парламент Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода облысқа жұмыс сапарымен келгенде тығырықтан шығу жолдарын ұсынып, жазбаша түрде тапсырған болатынмын. Бұл мәселені мүдделі органдар ескерусіз қалдырмаса екен деймін.

Былтыр менің жеке қабылдауыма 24 адам жазылып, айтылған 18 мәселе шешімін тапты. Биыл білім беру қызметкерлері аудандық ұйымының төрайымы Әзилә Бостыбаева жүгініп, елді мекендерде тұратын әлеуметтік сала мамандарына коммуналдық қызметтер ақысын төлеу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен отын сатып әперу түрінде жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Мұндай көмек шарасын 934 маман қажет ететін болып шықты. Депутаттық сауал аудандық әкімдікке жолданып, қазір жұмыспен қамту бөлімі айналысуда.

“Дамир” ШҚ-ның жетекшісі Рүстем Мұхамедиев осыдан екі жыл бұрын Жаңаауыл орта мектебіне қазандық ғимаратын салуға демеушілік жасаған. Қазандық, сорғы орнатуға 12 млн. теңге жұмсаған. Алайда мектеп ішіндегі жылу жүйелері әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен, қазандықты мектепке қосу мүмкін болмаған. Аудандық білім бөлімі облыстық бюджеттен қаржыландырылатындықтан, депутаттық сауал білім басқармасына жіберілді. Көп ұзамай “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде 36 млн. 148 мың теңге бөлінгені туралы қуанышты хабар келді. “Доломит” ЖШС-ы мен мектеп 31 млн. 586 мың теңгеге, сондай-ақ техникалық қызметтер үшін 332 мың теңгеге келісімшарт жасасты.

Саяси жаңғыру аясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі нақты белгіленіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналатын болса, ауылдардың көптен бері қордаланып қалған мәселелері де оңтайлы шешілер еді.

Орынбасар ЫСҚАҚОВА,

облыстық мәслихаттың депутаты,“Ысқақова” шаруа қожалығының жетекшісі.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp