Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары өңірде қарқын алды. Баспасөз туры барысында “Қазавтожол” ҰК” АҚ-ның жергілікті бөлімшесі басшысының орынбасары Жанат Өсербаев пен “Қазақавтожол” ЖШС-ның облыстық филиалының жетекшісі Игорь Суровцев жолдарды қарғын судан қорғау шаралары жайлы айтып берді. Бұл қос мекеме бірлесіп, республикалық маңызы бар жолдар бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеген.
Биыл облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 19 көпір тексеріліп, 607 су өткізгіш құбыр қардан тазаланған. Шудасай, Шарық, Қамысақты өзендері арқылы өтетін 72 құбыр мен 4 көпір тұрақты бақылауды талап етеді.
– Су басу қаупі бар учаскелер тізімі жасалды. Көпірлердің маңы, су өткізу құбырлары қардан аршылды. Инертті материалдар қорын жинақтау жалғасуда. Аталмыш жұмыстарға 250 адамнан тұратын 14 бригада мен 60 инженерлік техника тартылған. Бригадалар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қауіпті учаскелерде қатаң бақылау жүргізіледі, – деді Игорь Суровцев.
“Қазақавтожол” ЖШС-ның облыстық филиалы 5344 текше метр қиыршық тас, 10 мың дана қап, 9 металл құбыр, 3 сорғы, 23 тонна дизель отыны, 10 тонна бензин дайындап қойған.
“Қазавтожол” ҰК” АҚ-ның жергілікті бөлімшесі басшысының орынбасары Жанат Өсербаев сақтық шаралары жоспар бойынша атқарылып жатқанын айтты.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.