«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ — ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан”, – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім берген білім мен тәрбие – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, өмірлік азық алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақта бағытынан таймасы анық. Осы жолда еңбек етіп жүрген жас мұғалім Жансая Қасеннің айтуынша ұрпақ болашағы, еліміздің ертеңі қазіргі ұстаздардың қолында.

Жансая Қасен Оңтүстік өңірдің тумасы. 2012 жылы мектепті аяқтаған соң М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне физика және астрномия мамандығына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, туған жеріне барып жұмыс істеуді мақсат еткен бойжеткенге тағдыр басқа жолды таңдап қойыпты. Оқу оқып жүргенде болашақ жарымен танысып, осы өңірде қалу бұйырған екен.

2016 жылы университетті қызыл дипломмен аяқтап, Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы Қожаберген жырау атындағы мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.

– Бұл мамандық – менің өз қалауым. Еңбек жолын ауылда бастағаныма еш өкінбеймін. Алғашқы кезде өзіндік қиыншылықтары болды. Мектеп әкімшілігінің қолдауының арқасында көптеген белестерді еңсердім. Шәкірттерімнің жетістіктері қанаттандыра түсті. Алдымда одан да биік белестер бар. Тынбай жұмыс істей берсек, ол мақсатқа де жетеміз деген үміттемін, – дейді Жансая Қасен.

Жас маман осы уақыт аралығында үш “Алтын белгі”, екі “Үздік аттестат” иегерін, олимпиада жүлдегерлерін даярлап, ұстаздық жолда өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. “Жолдасымыз екеуіміз алғашқы жылы жалдамалы үйде тұрып жаттық. Кейін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жайлы естіп, қажетті құжаттарымызды тапсырдық”, – дейді Жансая Бақытқызы. Үй алу кезінде таңдау құқығын жастардың өздеріне берген екен. Біраз уақыт жайлы баспана қарастырып, таңдаған үйіне өтініш берген. Сол жылдары үй алу үшін берілетін қаражат көлемі 3 млн. 400 мың теңгені құрапты.

– Жас мамандарға “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының көмегі көп. Басыңда баспанаң болса, жұмысыңа да бар ықыласыңмен берілесің ғой. Армандаған үйімізге қол жеткізген соң, бар мақсатымыз ерінбей елімізге еңбегімізді сіңіру болды, – дейді жас ұстаз.

Бүгінде ауылдарда кадр тапшылығы – түйіткілді мәселелердің бірі екені белгілі. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Қойылатын басты шарт – ауылға келген жас өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек. “Қазір ауыл десе, көбі ат тонын ала қашады. Менің ойымша, ауылдарда өмір сүруге жақсы жағдай жасалған, интернет те, жол да, бәрі бар”, – дейді Жансая Қасен.

Алтынай ҚАЗИҚАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp