М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, абылайтанушы Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай биыл 80-нің сеңгіріне аяқ басып отыр. Өмірінің көп бөлігін ғылым мен білімге арнаған еліміздің еңбек сіңірген қайраткері жақында “Qazaqstan tarihy” порталына сұхбат берген екен. Сұхбатта Абылай хан төңірегіндегі аңыз бен ақиқаттың арасы, ғалымның “Абылай хан тарихы” атты үш томдық кітабы жөнінде әңгіме өрбиді. “Қаралы қаңтар” оқиғаларына қатысты да пікірлер айтылған. Оқырманға сол сұхбатты ықшамдап, ұсынып отырмыз.
– Осыған дейін журналистика саласында да, тарихта, абайтану төңірегінде де еңбек еттіңіз. Архивтерді ақтарып, қаншама тың мәліметтерді айналымға қостыңыз. Қай салада жұрттан артықтау із қалдырдым деп ойлайсыз?
– Мен өзімді, ең алдымен, журналиспін деп санаймын. Жасыратыны жоқ, пенде болған соң кей замандастарымыз өзінің журналистігін, мысалы, ақындықтан, жазушылықтан, ғалымдықтан төмен қойып, тіпті “журналист” десе, олқысынып қалады. Кәсіптің, мамандықтың, өнердің, ғылымның шыңына жеткеннің әрқайсысы-ақ құрметті. Бірақ мен журналистиканың шыңына жете алмай келемін, жете де алмайтын шығармын. Өйткені сол “шыңның” өзінің өлшемі қандай екенін білмеймін. Тек қана іздену, талпыну, тағы да іздену, ояң тұстарды толтыру, жетілу, тағы да іздену…
Жалпы ерте заман оқымыстысы айтты дегендей: “Мен ештеңе білмейтінімді білемін”. Бұл “қараңғымын” деген емес шығар, іштей қанағаттанбағандық, білсем, жетсем деген “тойымсыздық”, танып-білуге құмарлық болса керек және мен өзімді бақытты сезінсем, осы тойымсыздығыма қарыздармын. Шәкірттеріме де соны айтамын. Адам өмірге не үшін келеді? Көрсем, білсем, танысам, деп келеді…
Неге журналист дейсіз ғой. Өмірлік азық болғаны, жалақы табудың көзі болғаны үшін ғана емес. Бұл – алдымен, ақпарат тарату десек, ақпараттың ақиқаттығы. Адал ақпарат адам қоғамының қажетін табуға, пайдасына ұмтылып, залалынан аулақ болуға бастайды. Таратып айтпасам да, түсінікті.
– “Абылай хан тарихы” деген үш томдық шығарыпсыз. Абылай тұлғасын көрсете алдыңыз ба? Әлде бұрыннан келе жатқан “Алпамыстың қылышы… алпыс құлаш, Қобыландының құрығы қырық кез…” емес пе? Аз-кем тоқталыңызшы. Әсіресе жастарға керек мағлұмат болса.
– Абылай туралы айтыңыз дейсіз, Абай бабамыздың ескертпесін сәл бұзып айтайын: “Абылай” деп айта салу оңай емес. Мұнымды “Абылай туралы” айтып жүргендерге ескерту деп қабылдаңыз. Осынау мықты қазақтың бағасын, мына бізден гөрі артық еңбегін данышпан аталарымыз бұрынырақ беріп қойған. Солардың бір-екеуін қайталайын және сіз үшін ғана емес, жастар жағы тағы бір оқып көрсін, деген ниетпен. “Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры”, – дейді Шоқан Уәлиханов, “Абылай заманында сүрген дәуренді қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң, бұл заманғаша көрген емес”, – деген екен ғұлама Мәшһүр Жүсіп, “Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас… Өйткені “… сол аласапыран дәуірде қалың елдің “қайраңдап жан қала ма” деген “Қазықұрттай” үміті жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын”, – депті Мұхтар Әуезов.
Демек, Абылайды білуіміз керек. Бүкіл қазақ білуі керек. Менің бұл бағыттағы істегендерім, жоспарым – Абылайды таныту. Қазіргі және келер ұрпаққа. “Абылай хан сөйтіпті, бүйтіпті, былай депті” деген ауызша айтылған қисса мен аңыздың өзін елеңдеп тыңдаймыз. Ал мен сондай бір мыңнан аса басқа тілде сақталған құжатты қазақшаға аударып, ұлдарымыз бен қыздарыма ұсынып отырмын. Менен олжалы, менен бақытты жан бар ма?! Өзім осылай деп санаймын. Сол олжамды халқыма үлестіріп отырмын.
– Абылай ханға қатысты пікіріңізде Абылайдың “Сабалақ” атанғаны, Төле бидің түйесін баққаны туралы аңызды жоққа шығарасыз. Жас Абылай зиялы ортада, хан ордасында тәрбие алған деп қарайсыз. Осы пікірді дәлелді түрде баяндап берсеңіз.
– Ерекше қасиеті бар, ақыл-ойы кемел, көпшіліктен озық жаратылған тұлғалардың бағасын жақсы көрген жақын-жақтастары ғана емес, жаулары да беретінін ескеріңіз де, осы бір “сабалақ” деген жайсыз естілетін сөздің нені білдіретінін іздеген жан бар ма? Мен іздедім. Жеңілмейтін, батыл қимылдайтын, бой күші де кәміл, жауын жайратып түсіретін батырлығы үшін “сабалақ Абылай”, яғни, сабайтын, соқса, оңдырмайтын Абылай, міне, қарапайым ғана осылай түсіндірдім, батырлығы үшін жаулары, қарсыластары тарапынан берілген сипаттама екенін көрдіңіз. “Сабалах”, яғни, бұрынғы қалмақ тілінде, қазіргі моңғолша, “Сабау” деген түбірден туған сөз. Киімі жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.
Ал жетім қалып, Ораз есімді аталықтың тәрбиесінде болуы жөнінде таралған аңыздың да негізі табылды. “Аралдың (халқы өзбектер) Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты” деген жазбаша дерек бар. Ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы – бұл. “Әбілмансұр” деген есім Абылайға қатысты жазба деректерде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша “Жеңімпаз” дегенді білдіретін лақап. Шын мәнінде, толық аты-жөні – “Абылай-Мұхаммед баһадүр сұлтан”. Аңыз демекші, “Абылайдың ақ бурасы” туралы естіген шығарсыз. Бұл тіпті ХХ ғасырға таяу шыққан аңыз. Себебі Көкшетау ішіндегі “Қарағайлы” көлінің Бурабай аталуы 1845-50 жылдары көлдің жағасынан салынған шағын ғана елді мекенге орыстар “Выселок Боровое” деп ат қойғаннан ғана басталады. Оған дейін қазақтар да, орыстар да “Қарағайлы” деп атап жүрген, ал осы күні Шебачье деп жүрген көлімізді “Көкшетаудың Шалқары” деп атаған.
– Бұқар жырау, Үмбетей жыраудың айтқандары Абылай ханның өмірбаянымен қалай қабысады?
– Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандық шартына қол қойғаннан кейін, жаңа геосаяси жағдайда, қазақтар солтүстік және шығыс өңірлерін қымтай бастауы заңды ғой. Бұрынғыдай ашық-шашықты жағдай көтермейтін болды. Жерге ие болу, шекараны бекіту мәселесі тұрды. Тәуке хан тұсында билікті бір орталыққа шоғырландыру жөніндегі бастаманы тиянақтаған Сәмеке хан. Ол 1733 жылдан бастап, қазақ даласын билеудің жаңа тәртібін енгізіп, әкімшілік-аймақтық бөліктерге бөліп, оларға сұлтандар тағайындап, тайпа-руларды белгілеуге кіріседі. Мысалы, Абылай сұлтанға солтүстіктегі уақ-керей, атығай, қарауыл, Құдайменде сұлтанға батыстағы қыпшақ, Әбілмәмбет сұлтанға қуандық, керей, Барақ сұлтанға шығыстағы найман, Абылайдың немере ағасы Сұлтанмұхаммет сұлтанға Ертістің Жәміш, Железен бекіністеріне қарсы аймақтардағы қыпшақтарды басқартқан. Абылай 1733 жылы Көкшетау өңірін басқаруға тағайындалып, немере ағасы Сұлтанмұхаммет екеуі отбасымен, нөкерлерімен келіп, билік қызметіне кіріскен.
Жыраулардың атымен аңыз болып таралып, ел аузында “Абылай 20 жасында… танылып, билікке ие болыпты” деген жорамалдың шығу тегіне үңілсек те, осы 1732-33 жылдар екеніне негіз бар. Сақталған құжатта 1731 жылдың қысында “Сәмеке хан жоңғар қоңтайшысына соғыспен бару үшін 6 мың қол жинап отырғаны, оны Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан және Жәнібек батыр қолдайтыны” осы кітапта айтылған. Жоңғарлар мен қазақтардың арасында, атап айтқанда, “…1732 жылдың 16 тамызда қазақтар қалмақтармен соғысып жатыр, …қалмақ қолының саны 7 мыңнан асады. Олар 20-дан аса киіз үй мен біраз жылқы-қой әкетіпті”. Тағы бір хабарда, “қоңтайшы қалмақтары 200 түндікті шауып, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті”, – деген құжат бар…
– Әбілқайыр хан мен Абылай ханның арасы қандай болған деп ойлайсыз?
– Ойламаймын, білетінімді айтамын. Абылай сұлтан, біріншіден, Әбілқайыр ханның інісі, (Абылай өзі солай дейді) екіншіден – күйеу баласы, үшіншіден – ұстазы, яғни, Әбілқайыр ханның жаңылыс басқан ізіне түспей, тартынып отырған. Мен білетін Абылай сұлтан күншіл, таққұмар, баққұмар, дүниеқоңыз болмаған. Өзгенің абырой-атағына таласпаған. Әбілқайыр ханды сыйлап өткен, мысалы, Әбілқайыр ханның қазасына, бүкіл қазақпен бірге қатты қапаланған, тіпті Барақ батырды мерт қылуға дайын екенін өз аузынан айтқанын оқыңыз.
Қазақ тарихшыларына беймәлім болып келген мына жай да Әбілқайырдың қазаққа аға хан болып сайланғанын білдіретін құжаттар негізінде дәлелденді. 1737 жылы шілде айында Қаз дауысты Қазыбек би бастаған Хан кеңесі Кіші жүз бен Орта жүздің шекарасында, Елек өзені бойындағы, екі жүздің бірігуі түрінде өткен құрылтайына Абылай сұлтан да қатысқан. Әбілқайырды ортақ аға хан сайлағанда дауыс берген 25 жасар “Абылай-Мұхаммет сұлтан баһадүр” атымен хаттамаға түскен. Сол жолы Абылай сұлтанды башқұрттар хандыққа шақырды, қазақтар бермек болды. Бірақ бұл шақыру Ресейдің ішкі шаруасына араласу болып табылатындықтан, жас сұлтан хандықтан бас тартты деуімізге болады.
– Кейіпкеріміздің мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасынан бірер мысал келтірсеңіз.
– Келтірейік. Абылай 1740 жылғы 28 тамызда Әбілмәмбет ханның бас уәзірі ретінде Ор бекінісінде Ресей патшасы деңгейіндегі келіссөзге қатысып, рәсім үстінде Орынбор комиссиясының бастығы генерал В.Урусовпен тең дәрежелі әріптес ретінде қазақ қоғамының маңызды мәселелерін шешіп, екі жақты қауіпсіздікке кепілдік алды. Осы келіссөздің барысында Абылай өзін ханнан кейінгі екінші ресми тұлға ретінде ұстап, ішкі мәдениеті бай, ой-пікірін айқын және батыл жеткізе білетін, дипломатияның қалтарыс-бұлтарыстарын сергек танитын, әбден пісіп-жетілген мәмілегер тұлға ретінде Ресейдің биік шенді әкімдерін таңғалдырған. Ресми әңгіме, сөзжарыс, пікір алысу үстінде партнердің аңысын аңдып, дер кезінде ескертпе жасап, қажет десе жауап беруден тартынбаған жас Абылайды олар келешекте бірден-бір әріптес ретінде мойындағаны сол жерде қағазға түскен. Осы кездесудің қорытындысы бойынша патша сарайына 1740 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатында генерал Урусов қазақтардың келіссөз мәдениетінің мұнша жоғары болатынына өзінің таңданысын жасыра алмаған.
– Жас Абылайдың жекпе-жекте Қалдан Сереннің ұлы Шарыш есімді қалмақ батырдың басын қағып алғаны рас па?
– Жазба деректерге қарағанда жоңғарлар 1739 жылы бір рет, 1740 жылдың соңы – 1741 жылдың басында екінші рет қазақ жеріне шабуыл жасайды. Сол жолы орыстардың жазуы бойынша, “Қалдын Серен әулетінің бір жақын ағайынын” мерт қылған Абылай сұлтан, қолға түсіп қалады. Ол адамның есімі құжатта аталмаған. Ал аңыздағы Шарыш батыр дегенді төрт ойраттың біреуі, қалмақша Цорс, қазақша Чорұс, орыстар Шорос деген тайпаның атауын қазақтар бұрмалап, Шарыш деп атап кеткен деп білемін. Яғни, Қалдан Сереннің руы осы Чорұс. Демек, ол жеке кісінің аты емес, этноним. Сөйтіп, “Қалдан Сереннің рулас ағайынын мерт қылыпты” деп түсінсек жарайды. Өйткені жоңғар ханында ондай ұл болмаған.
– “Абылай хан тарихы” кітабының құрылым жүйесін айтыңызшы.
– Кітапта төрт монография және 1015 құжат бар. Қазақша, түсініктерімен берілген. Есім көрсеткішінен байқайсыз, алпыстан аса қазақ батырының аттары аталады. Бұл да – қызық дерек. Ойдан шығарылмаған, тарихта болған, ұрпақтары құрметтеуге лайық тұлғалар туралы мағлұмат. Абылай хан туралы ел жадында сақталған әртүрлі әңгіме көп. Бері қойғанда екі ғасыр бойы халқымыз Абылайға байланысты көптеген аңыз-әфсаналар тудырды, әр кезеңде ақындар жыр-дастандар арнады. Қазақ халқының басынан өткен қилы-қилы оқиғалар мен құбылыстар туралы сөз болғанда, ХVІІІ ғасырдағы ауыз әдебиетінің асқақ кейіпкері, халықтың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасын көреміз. Ауыздан-ауызға жетіп, уақыт көші ілгерілеген сайын, жаңғыра жаңарып келе жатқан халық мұрасында Абылайдың адал ұл, ержүрек батыр, көреген қолбасшы, ұлттың кемеңгер көсемі екендігі паш етіледі.
Бірақ бұл шығармалар тарихтағы Абылайдың өмірі мен қызметін жан-жақты әрі толық көрсететін іргелі ғылыми-зерттеудің орнын толтыра алмайды, нақты дерек те бола алмайды. Рас, ХVІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарының соңын ала тарих сахнасынан көріне бастаған Абылай есіміне қатысты орыс, қытай, моңғол мұрағаттарында сақталған құжаттар мен материалдар әр кезде тарихшылар үшін бағалы деректердің қайнар-көзі ретінде ғылыми айналысқа түскен. Оның ішінде бір еңбекте іске жараған деректің басқа зерттеулерге сол күйінде ғана көшіп отырғаны, кезекті зерттеушінің сол үзінді алынған құжаттың толық мәтініне қолы жете бермей, ғылыми таным өрісі тарылғаны да ақиқат.
Кезінде орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бойынша арнайы мақсатпен дайындалған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ ол материалдар да қалың көпшіліктің танысып, пайдалануына бірнеше себеппен жете қоймады. Біріншіден, орыс тілінде сақталған бұл материалдар кеңес заманында, басым насихат уағызының мүддесіне лайықталып, сұрыпталып, кейде едәуір ықшамдалып қана басылып шықты, оның өзінде “Қазақстанның Ресейге өз еркімен ғана қосылғаны” жөнінде қалыптасқан ұшқары ұстанымды дереккөздері арқылы тиянақтау мүддесіне қарай бұрмаланды. Демек, ол деректердің танымдық құны қымбат болғанымен, әлі де объективтілік жағынан кемшін жатқаны түсінікті.
Қытай мұрағаттарындағы деректер ақтарылып, қазақ тарихының қажетіне жаратыла бастағаны да қазір ғана. Ал бұл құжаттарды басқа қайнар көздермен салыстыра, ұштастыра пайдаланудың жөні мен маңызы бір басқа.
Осы және басқа да кемшіндердің орнын толтыру мақсатында Абылай тарихына байланысты мұрағат деректері мен ХVІІІ ғасырдан сақталған басқа да құжаттық материалдарды салыстыра зерттеп, жинап, қазақ тілінде бір арнаға түсіру жұмысы біздің тарапымыздан арнайы қолға алынды. Бұл арада негізгі ұстаным – деректер сол заманның елеулі оқиғалары бойынша емес, құжаттардың шыққан асыл тегі қандай екеніне қарамастан, тек қана хронологиялық тәртіппен жүйелеу екенін байқайсыз. Осылайша уақыт жүлгесімен қуа таныстырып отырғанда, ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының сипатын, сол арқылы Абылай сынды тұлғаның бейнесін неғұрлым шындық тұрғысында ашып, оның тарихымыздағы орны туралы нақты ғылыми тұжырым жасауға болады деп ойлаймыз.
Суреттер, оқиғалар, жеңістер де, жеңілістер де қаз қалпында, құжат түрінде, Абылайдың айналасында өрбиді. Мен икемдеп, бұрып әкелген жоқпын. Таң атып, күн батқандай, жаз шығып, күз өтіп, қыс түскендей, өз қисынымен, өз ретімен келіп отырады.
– Билеушілер туралы сіздің: “Жаман патша болмайды” деген пікіріңіз бар еді. Осындай жағдайда көз алдымызға Сталин, Гитлер секілді билеушілер елестейді. Яғни, Сталинді де ақтап алуға бола ма?
– “Жаман” дегенде, қатардағы қазақ хан болмайды, дегенім. Сол Сталиніңіз жай грузин емес, Гитлеріңіз жай неміс емес дегенім ғой. Ұмытылыңқырап бара жатқан бір тәмсіл бар, “халқы қандай болса, патшасы да сондай” деген немесе, керісінше, “патшасы қандай болса, халқы да сондай” деген. Әр пенде – өз заманының перзенті. Иә, мен “пенделер” туралы айтып отырмын. Байыптап қарасаңыз, осы сөздерден, ең болмаса, шындықтың ұшығын көресіз.
– Қазақстанның өткен 30 жылына, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік жолына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстанның 1991 жылдан бергі отыз жылына, Тұңғыш Президентке беретін бағамды айтып қойдым-ау деймін. Ешқандай ғажайып жоқ. Бәрі табиғаттың құбылысындай, заңды, қисынды. Сол қисынымен өкінішті. Өкінгеннен де пайда жоқ. Осы оқиға биылғы қаңтарда болмаса да, кейін болар еді. Қайғысы мен қасіреті, әрине, басқаша да көрінуі мүмкін.
Енді, сол өтіп кеткен отыз жылымызды бізге ешкім қайтарып бермейді. “Тәуелсіздік” деген сөзді тек қана бас әріппен жазушы едім. Шәкірттерімді де солай үйреттім. Олар: “Неге бас әріппен жазуым керек, жалқы есім емес қой”, – деп дауласатын. Жоқ, сен үшін, мен үшін, қазақ үшін Тәуелсіздік – біреу ғана. Басқа ұлттар үшін жалпы есім, қатардағы сөз шығар. Біз үшін арман болған бақытымыз. “Ұлымыз құл болмай, қызымыз күң болмай өссін”. Міне, Тәуелсіздікті мен осылай түсінемін. Оның ар жағындағы тұрмыс, байлық-кедейлік, демократия, ұлтаралық қатынас, т.с.с. түсініктер ұсақ-түйектер, екінші кезекте.
– “Қаңтар қасіреті” тек саяси басқарудың ғана қателігі емес, мәдени, рухани жағдайымызды да көрсетіп берген секілді. Біздің халықтың архивке, тарихты сақтап қорғауға деген ынтасыздығы – болмыстан ба, ол бағыттағы тәрбиенің жоқтығынан ба?
– Ұлы даланың иесі – қазақ екенін түсінбегендік. Советтік, коммунистік идеология сарынындағы жалған интернационализм, өтірік достықты қағаздың бетіне шимайлап жазып қойдық та, өзімізді өзіміз алдап келдік. Мәселенің мәнісіне бармадық. Білім жетпеді. Оны тергеп, тексеріп, себептер мен салдарларды салыстыра бағалап отыратын қоғамдық ғылымдарды аяққа бастық. “Әуелі – экономика, содан соң ғана саясат” деген сөздің өзі қате түсінік. Біз оқығанда, орысшасы: “Политика – есть искусство управления государством”. Осында бәрі айтылған.
Алғашқы жылдары “Тәуелсіздігіміздің қалт-құлт еткен қайығын шайқамайық, бәрі орнына келеді” дедік. Уақыт өте берді. Қазақты сыйламадық. Ұлттың тілін, салтын, ғұрыптарын сыйламадық. Біле тұра, қазақты басқа тептік. Өкініштісі, қаншама жігіттерді құрбандыққа шалып жібердік.
– Тарихты зерттеу, орыс отаршылығы, қазақтың Тәуелсіздігі туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Бородавкин таяуда: “Ресейліктер үшін моңғол шапқыншылығы мен 300 жыл бодандық ретінде қабылданады. Әрине, әркім өзінің тарихи көзқарасын ұстануға құқығы бар. Бастысы тарихи оқиғаларды саралағанда объективтілік болғаны дұрыс, тарихты бұрмалап, оны саяси мақсатта қолданып, елдер арасына сына қағуға қолданбау керек. Бұл сонымен қатар өте нәзік мәселелер болып саналатын 1916 жылғы Түркістан көтерілісі, 1920-1930 жылдары болған аштық, сталиндік репрессияға да қатысты. Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс”, – деді. Яғни, тарихқа тиіспейік. Әйтпесе, араздасып қалуымыз мүмкін, тарихта болып өткен жағдайлар жөнінде пікірлеріміз әртүрлі, тіпті кереғар болуы мүмкін, деген емеуірін танытты. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Ғылыми түсінік туралы айтқанда, бұл пікірдің қатесі жоқ сияқты. Бірақ мен елшінің, басқа емес, мемлекеттік тұлға ретінде елшінің: “Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс”, – деген сөздерді түсінетін Ресей азаматтарына, ресми қызмет адамдарына бағыттап айтқанын тілеймін. Қазақ – тәубешіл халық. Жүз жыл бұрынғы, мың жыл бұрынғы жерімізді жоқтамаймыз. Ұлы даланың өзімізге бұйырған осы пұшпағы да жетеді деп тәубе қыламыз. Бірақ бізден басқалар жер сұрамасын. Екіншіден, тәрбие түрінде пайдалану үшін нақты деректер керек. Келешекке сабақ болуы үшін керек. Солтүстіктегі көршілеріміздің “Солтүстік Қазақстан – орыстың жері”, “біз сыйлыққа бергенбіз…” деген сияқты былтырғы сандырақтары естіле бастаған кезде бірнеше автордың басын қосып, атауын “Ел менікі, Жер менікі!” деп қойып кітап жаздық. Кітапта қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының, 1901-1908 жылдардағы Петропавл уезінің тұрғындары, яғни, қазіргі ұрпақтардың аталары тіркелген. Әрі сол жерлердің ежелгі атаулары – топонимдер бар. Бұл тарихи деректер керек болады. “Сақтықта қорлық жоқ!” дегеніміз ғой. Сол кітапты жарыққа шығаруға қол ұшын беретін адам керек.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!
Әңгімелескен
Есбол НҰРАХМЕТ,
“Qazaqstan tarihy” порталының тілшісі.