Асық – қазақ халқының ұлттық қазыналарының бірі. Халқымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, күнделікті тыныс-тіршілігіміз осы саламен біте қайнасқан. Таң атқаннан кеш қарайғанға дейін мал күтіміне қолғанат болған ауылдың малсақ балалары асық ойынының небір түрлерін жетік меңгергенін үлкендер өзгелерге мысал етіп, айтып отыратын. Жеткіншекті ұстамдылыққа, байсалдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеп, жақсы мінез қалыптастыратын бұл ойын түрі көзімізден бұл-бұл ұшқандай болып еді, соңғы кездері қайтадан жандана бастағаны қуантады. Қазір ауылдарда, мекттептерде түрлі жарыстар ұйымдастырылып, дамыған спорт түрлерімен теңестірілуі бала денсаулығына тигізер ұшан-теңіз пайдасын бағалағандық деп білеміз. Ойын барысында жүгіру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, дәлдеп лақтыру, ату баланы физиоолгиялық және психологиялық жағынан дамытады.
Балабақшада асық ойынын жиі қолданамын. Асықтан арнайы денсаулық жолақшасын жасап, балдырғандарды толыққанды жетілдіру мақсатына пайдаланып жүрмін. Осылайша аяқ, табан, бұлшық еттер қозғалыстарын жақсартуға күш саламын. Бес асық түрінен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Тіпті балалардың сөздік қорларын көбейтуге де түрлі-түсті асықтарды пайдаланып, сөздерге дыбыстық талдау жасаймын. Асықтарға буындарды жазып, сөз құрастыруға болады. Кішкентай тәрбиеленушілер ақ қағаз бетіне сызылған шеңбердің ішіне боялған асықтарды қойып, әртүрлі бейнелер жасауға машықтанады.
Қарапайым логикалық математикалық түсініктерді қалыптастырудағы танымдық мағынасы да мол. Кеңістікті бағдарлау арқылы асықты ұяшықтарға орналастыру, шертіп ату, санау, топтау және жіпке тізу баланың саусақ буындарын жаттықтыруға өте пайдалы. Сондай-ақ кез келген ортада бірлесе әрекет ету арқылы бір ұжымда біріге отырып, шешім қабылдауда асық ойынының орны ерекше. Бала өз ортасында дос табады, өзін еркін сезінеді, ойын ашық айта алады.
Ұмытылып бара жатқан асық ойындарын жаңғырту арқылы балаға тәрбие беру ұтымды бағыттардың бірі болып табылады. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, тәрбие құралы рөлін де атқарады.
Бағлан МҰХАМЕДЖАРОВА,
“Күншуақ” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.
Уәлиханов ауданы.