«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мерейлі белес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнап, өз қолтаңбасын қалдыра білген өңір мақтаныштарының бірі – практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Клара Мінайдарқызы Атығаева. Ол мектеп қабырғасында жүргенде ұстаз болуды армандап, алдына асыл мақсат етіп қойған екен. 14 жасында асқар тауы – әкесі дүниеден озғаннан кейін бар салмақ отбасындағы балалардың үлкені де, бас көтерері де Клараға түседі. Анасының көмекшісіне, бауырларының қамқоршысына айналады. Ауыртпалықтарға қарамастан мектепті үздік аяқтап, К.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының студенті атанады.

Жоғары білімді маман алғашқы еңбек жолын қазіргі Аққайың ауданы Трудовое ауылдық мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастады. Тәжірибесі толысып, кәсіби шеберлігі шыңдала түсті. Жүрек қа­ла­уымен таңдап алған ұстаздық жо­лы жан-жақты білімділік пен білік­тілікті, әдістемелік ізденісті, ерекше балажандылықты, мейірімділік пен кең жүректілікті қажет ететінін түсінді. Оның ойынша, ұстаздық, ең алды­мен, оқушылармен тығыз қарым-қа­тынаста болып, білсем, үйренсем де­ген шәкірт арманына қанат бітіріп, бо­лашақ тағдырына ықпал ететін жа­уап­кершілігі зор мамандық. Мұға­лімнің қарапайым да сыпайы киім киі­сінен бастап, мәнерлі де мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі тек шәкіртке ғана емес, олардың ата-анасына да, айнала­сы­на да нұр болып төгіліп, шуақ шашып тұруы шарт деген ұстанымнан ай­ныған емес.

Клара Мінайдарқызының студент­тік кезден ғылымға деген құштар­лығын аңғарып, болашағынан үлкен үміт күткен институт оқытушылары өзі білім алған кафедрасына жұ­мысқа шақырады. Күтпеген ұсы­ныс­қа бастапқы кезде таңдана қараса да, жақындарымен ақылдаса келе келісті. 1977 жылы Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік педагогикалық инс­ти­тутына “Орыс тілінен сабақ берудің әдістемесі” мамандығы бойынша ас­пирантураға қабылданды. Оны ой­да­ғыдай бітіріп, 1988 жылы Н.Круп­ская атындағы педагогикалық инсти­тутта “Предупреждение и преодо­ле­ние речевых ошибок в русской речи учащихся-казахов” деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойда­ғыдай қорғап шықты. Ол кезде қазақ қызының Мәскеу төрінде диссер­тация қорғамақ түгіл дипломды студент атануының өзі үлкен ерлікке пара-пар болатын. Ресейден жас ғалым болып оралған тәжірибелі маман орыс тілі кафедрасына мең­геруші болып тағайындалады. Бұл тұста оның ұстаздық еңбегімен қатар ұйымдастырушылық қарым-қабілеті де ашылады. Кафедраның алдына қойған мақсат-міндеттерді білгірлік­пен атқара отырып, өңір мектептері үшін орыс тілі мен әдебиетінің мұға­лімдеріне теориялық пәндерден дә­ріс оқиды. Өзінің бойындағы бар біл­генін болашақ мамандардың жүрегі­не құяды.

1989 жылы 22 қыркүйекте “Тілдер туралы” заңның қабылдануы орысы ормандай Қызылжар өңірінде зор саяси серпіліс туғызып, тіл майда­нын­да өрелі өзгерістерге бет бұрыл­ды. Әсіресе ана тіліміздің мемле­кеттік тіл мәртебесін алуына өзге­лердің қатарында Клара Мінайдар­қызы да қатты шаттанды. Өлгені тірі­ліп, өшкені жанғандай күй кешті. Осы тұста ол өңірге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мамандары ауадай қа­жет­тлігін, елдің болашағы мемлекеттік тілді меңгерген ұрпақтың қолында екенін жақсы сезініп, айналасында­ғы­лардың көзін жеткізуді басты мұрат етті. Өйткені қазақ тілінің келешегіне сенбейтіндер қатары жыртылып айырылатын. Оның үстіне қазақ тілді ұстаздар, оқулық құралдары қасқал­дақтың қанындай қат болатын. Инс­ти­тут басшылығына қарап, қол қусы­рып отыра берсе, ештеңе өнбейтінін біліп, орыс тілі бөлімі жанынан қазақ тілі кафедрасын ашуға ұйытқы бол­ды. Бұл – алда атқарылатын игілікті шаралардың бас еді. Осылайша қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Университеттің тарихында тұңғыш рет оның басшылығымен қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарына сту­денттер қабылданды. Облыс мектеп­терін қазақ тілі мамандарымен қам­тамасыз ету мақсатында кафедра жанынан екі жылдық курстар ұйым­дастырылды. Студенттерге күндізгі бөлімде де, сырттай оқуға да жан-жақты жағдай жасалды.

Қажетті құрал-жабдықтарды, оқу­лық­тарды, әдеби және ғылыми ма­териалдарды тірнектеп жинап, елді мекендерді аралаған кездері де бол­ды. Студенттердің арасынан үздік­терін республиканың алдыңғы қатар­дағы жоғары оқу орындарына жіберіп оқыту және жұмысқа қалдыру ар­қылы еліміздің солтүстігінде қазақи ғылыми орта қалыптастыру ісін де назардан тыс қалдырмады.1996 жылы қазақ тілі кафедрасында орыс­ша білім алушыларға мемлекеттік тілді оқыту қолға алынды. Кафедраға жұ­мысқа қабылданған жас маман­дар­мен қатар осы салада еңбектеніп жүрген тәжірибелі ұстаздардың өз­дері қазақ тілін оқытудың әдістемесін меңгертуде Клара Мінайдарқызы орасан күш-жігер жұмсағанын құр­метпен атайды.

Кафедраға жетекшілік ете жүріп, ұйымдастырушылық жұмыстармен бірге өзінің ғылыми әлеуетін шыңдау­ды да қатар алып жүрді. Атап айтқан­да, 1994 жылы жоғары аттестаттау комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағын алса, 1997 жылы “Со­рос – Қазақстан” қоры жариялаған “Развитие критического мышления через чтение и письмо” атты тақырып бойынша халықаралық байқауға қа­тысып, грантқа ие болды. Сондай-ақ әртүрлі халықаралық, республи­ка­лық ғылыми-тәжірибелік конферен­цияларда баяндама жасап, білімі мен білігін арттыруға ден қойды.

Тарих-филология факультетінің деканы ретінде де зор ұйымдасты­ру­шылық қабілетін көрсетіп, болашақ ұс­таздар мен тілші мамандар қата­рының молаюына айтарлықтай ық­пал етті. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, адамгер­ші­лік қасиетті бойларына дарытуда­ғы, толыққанды елдің азаматы етіп тәрбиелеудегі еңбегі өлшеусіз. Құрметті зейнет демалысында болса да, ғылыми-әдістемелік және педаго­гикалық қызметтен қол үзген емес. Орыстілді аудиторияларға арнап қазақ тілі пәні бойынша силлабустар мен оқу-әдістемелік құралдар дайын­дады. Қазақ тілін оқыту әдістемесін зерделеп, оның нәтижелері бойынша жетпіске тарта ғылыми мақала жа­риялап, олар халықаралық жинақ­тарға енді.

Халқымыздың қаһарман ұлы Ба­уыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбек­қор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді”, – дегендей, бала бойына бі­ліммен бірге ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам ре­тінде Клара Мінайдарқызының жас­тарға әлі де берері мол. 70 деген ме­рейлі белестен аман өтіңіз, келешек ұрпаққа берер тәліміңіз таусыл­масын!

Татьяна АХМЕТОВА,

Жазира ҚОШАНОВА,

Данагүл ҚУАНДЫҚОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың практикалық қазақ тілі кафедрасының қызметкерлері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp