«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірде көктемгі дала жұмыстары ерте басталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр күзде жаңбыр, қыста жарытып қар жаумады. Оның үстіне көктемнің басында күн ысып, жел күшейді. Солтүстікқазақстандық диқандар мұндай ауа райы егістік жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, «Хабар 24»-ке  сілтеме жасап.

Сол үшін  аграрийлер көктемгі дала жұмыстарына жылдағыдан ертерек кірісті.

-Биыл қар ерте еріді, ылғал аз. Бірде – бір су жиналған ойпат жоқ. Оның үстіне, қатты жел жердің  бетін құрғатып жатыр. Сондықтан ылғал жабу жұмысын бір емес, екі рет өткіземіз,-дейді Шағлы тәжірибе шаруашылығының бас агрономы Ренат Валеев.

Аграрийлердің сөзінше, қазір топырақтың ылғалдылығы орта есеппен 100 мм шамасында ғана. Құрғақ ауа-райынан жердің беті жарылуда. Сондықтан бүгінде егістік алқаптарында ылғал жабу жұмыстары мықтап қолға алынды.

Бұл процестің арқасында топырақтағы ылғал буланбайды. Оның үстіне арам шөптер де жойылады. Дегенмен, диқандар егін егуге әлі асықпайды, шаруаға өз уақытымен кірісеміз дейді.

– Біздің көпжылдық зерттеулеріміз көрсетіп отырғандай, егінді уақытында себу керек. Мысалы, кеш пісетін бидайды мамырдың 17 – і мен 25 – і аралығында, ал қалған дәнді дақылдарды маусымның 5 – іне дейін себуге кеңес береміз. Жаз ыстық болады,- дейді егін шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Олег Соловьёв.

Синоптиктердің болжамы да соған саяды. Мамандардың айтуына қарағанда, биыл қуаңшылық болуы мүмкін. Ал маусым айында облыстың оңтүстік – шығыс бөлігінде шаңды дауылдар соғады деген болжам бар.

– Жазда жауын аз болады. Кей жерлерде тіпті нормадан төмен. Қыстың  алдында жиналған ылғал қоры да көп емес. Әсіресе, Тайынша, Ақжар аудандарында қар аз жауды,-деді «Қазгидромет» филиалының  инженер-метеорологы Роман Гиричев.

Фото: Хабар-24

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp