«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСЫЛЫМ ОҚЫРМАНЫМЕН БАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқырман – газеттің негізгі тірегі, қолдаушысы, ал газет, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, сол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Өз оқырмандарымен жиі-жиі кездесіп, олардың ой-пікірлерін біліп отырған басылымның ұтары мол. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің дәстүрінде бар, кейінгі жылдары сәл ұмыт қалған осы үрдіс қазір қайта жанданғандай. Қаракөздеріміз көбірек шоғырланған Уәлиханов, Ақжар, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болып, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелескеніміз жайлы басылым бетінде бұған дейін жарияланған мақалалардан оқыған шығарсыздар. Бұл жолғы сапарымыз Шал ақын ауданында жалғасты.

1928 жылы аудан болып құры­лып, содан бері атауы да, аумағы да бірнеше рет өзгерген Шал ақынды есімдері теріскей өңірге ғана емес, елге мәлім талай мықты азамат басқарды. Биыл бір ғасырлық мерей­тойын атап өткен Ніл Болатбаев, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин, мемлекет және қоғам қайраткері Мәркен Ахметбеков, қазір тоқсанның төріне шыққан абыз ақсақалымыз Жақсылық Ысқақов жетекшілік еткен тұста аудан қарыштап дамыған еді. Егін бітік шығып, мал егізден тапқан, өндіріс өрге басқан кезеңді аға буын өкілдері ауыздарының суы құрып әлі күнге дейін айтып отырады. Жақын­да ғана облыс әкімі болып тағайын­далған Айдарбек Сапаров та Шал ақын ауданын біліктілікпен басқар­ған болатын. Ауданның қазіргі екі тізгін, бір шылбыры Рахат Сма­ғұловтың қолына сеніп тапсырылған.

Соңғы уақытта ауылдағы жер да­уы­на байланысты әлеуметтік желіде сынға көбірек ұшырап жүргенімен аз уақытта атқарған жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай екенін бай­қадық. Жалпы сын дегеннен шыға­ды, ақ-қарасын ажыратпай жатып жаптым жала, жақтым күйе дейтін­дер көбейді қазір. Ал сын шындыққа жанасса ғана сындарлы. Шал ақын ауданына өткен жылдың жазында ғана тағайындалған әкімнің осыдан он-жиырма жыл бұрын сатылып кет­кен жерлерге еш қатысы жоқ. Соған қарамастан қол қусырып қарап отыр­мағанын айтады. Тиісті жерлерінен айырылып, пайларын ала алмай жүргендердің мәселесі­мен айналы­сып жатыр екен. Бірне­ше қолдан өтіп кеткен жер телімдерін аукцион ар­қылы сатып алып, егін егіп отырған қазіргі иелерін шақыртып, заңға том­пақтау болса да ауылдың тұрғын­да­рына материалдық көмек көрсе­туді міндеттеген. Былтыр 10 мың теңге­ден төлесе, биыл 30 мың­нан бер­гіз­ген. Ал жерді қайтарып алу – соттың құзырында. Бүгінде аудан­дағы бірнеше ауылдың тұрғындары сотқа жүгінгенін әкімнің аузынан естідік.

Қызылжардан Шал ақын ауданы­ның орталығы Сергеевка қаласына дейінгі жолдың қырық жамау екенін, кей жерлері ойдым-ойдым тесіле бастағанын осы бағытта қатынайтын жолаушылар жақсы біледі. Әсіресе Шал ақын, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындарына қиын. Николаевкадан кейін көлік кібіртіктеп тіптен жүре ал­май қалады. Аудан әкімі келесі жылы осы аралықтағы 45 шақы­рымға жөндеу жұмыстары бастала­тынын сүйіншілей жеткізді. Қалған бөлігі одан кейінгі жылдар­дың еншісінде.

Жалпы жол құрылысы мықтап қолға алынғанын бір жылда атқа­рылған жұмыстарға қарап-ақ аңғару­ға болатындай. Ауданның автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 557 шақырым болса, соның 182-сі республикалық, 79-ы облыстық, ал қалған 297 километрі аудандық маңызға ие. Соның 170 шақырымы жөнделген, 80 километріне асфальт төселген екен. Сергеевка қала­сы­ның ішкі жолдары жаңаланғанын да айта кеткен жөн.

Жол мұраты – жету. Сапалы жол­дың рақатын Мерген ауылының тұр­ғындары көріп отыр. Біз де тақ­тайдай тегіс асфальтпен аталмыш елді ме­кенге қалай лезде келіп қалғаны­мыз­ды аңғармай қалдық. Мерейі тасыған Мерген жайлы газетімізде бұған де­йін де жазылған болатын. Сондық­тан көп тоқталмай­мыз. Туған жерді тү­летіп отырған Виктор Окунев жұ­мыс­шыларына ар­нап жиырма шақты жаңа үй тұрғы­зып­ты. Тұшпара цехы, наубайхана, кондитерлік цех тоқтау­сыз жұмыс істеп тұр. Көрші Жалтыр ауылынан және аудан орталығынан тұр­ғындар қатынап еңбек етеді. Се­ріктестік басшысы шағын ғана ауыл­дағы игі істерді жалпақ жұртқа сүйін­шілей жариялаған “Soltüstık Qazaq­stan” газетіне жазылатындарын ай­тып бізді шығарып салды.

Келесі аялдама – Ысқақ Ыбы­раев ауылы. Оған да лезде жеттік. Биыл ғана жаңадан асфальт төсе­ліпті. Мәркен Ахметбеков атындағы мектеп жанынан бізді күтіп алған алып денелі азамат ауылдық округ­тің әкімі Серік Шәйінов болып шық­ты. Бұрын аудандық полиция бөлі­мінде, облыстық әкімшілік полиция­да басшы болған оның қазір ауылда да құқық қорғау органдарындағыдай темірдей тәртіп орнатқысы келетінін сөздерінен аңғару қиын емес. Ол үшін алдымен әлеуметтік мәселе­лерді шешіп алу маңызды. Кеңес Ода­ғы Батырының атындағы ауылда қазір 140 үй түтін түтетіп отыр. Со­лардың 80-і ауызсуды үйлеріне дейін кіргізіп алған, яғни қаладағы өмірден бір кем емес. Интернет сапасын жақ­сарту үшін байланыс мұнарасын ор­нату туралы шешім қабылда­ныпты.

Жергілікті мектепте өткен оқыр­мандармен кездесуде “Soltüstık Qa­zaqstan” газетінің жанашыры және тұрақты авторларының бірі Қой­шыбай Шәниев ағамызды көріп, жақын туысымызды кездестіргендей бір марқайып қалдық. Ағамыздың қысқа-нұсқа астарлы әзіл-оспақтары оқыған адамды әрі күлдіріп, әрі терең ойдың тұңғиығына бастайтын қасиетке ие. Жазғандары кезінде “Ара” журналында да жарияланға­нын айта кеткен жөн.

– Сүйікті газетіміздің тілшілері ауыл-аймақты аралап жүргені – өте құптарлық іс. Журналистер мұндағы тыныс-тіршілікті өз көздерімен көре­ді ғой. Оқырмандармен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдайды дегендей. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің байырғы оқырманы ретінде мен де бірнеше ұсыныс білдіргім ке­леді. Басылымда жергілікті автор­лар­дың шығармаларына, өлең-жырларына көбірек орын берсеңіз­дер дұрыс болар еді. Әсіресе сенбілік нөмірдің бір беті арналса тіпті жақсы, – деді өз сөзінде ағамыз.

Ауылдағы Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектеп осыдан 90 жыл бұрын ашылған екен. Содан бе­рі мыңдаған шәкірт тәрбиелеген оқу ор­дасында қазір 74 бала білім нә­рімен сусындауда. Оларға 24 мұ­ға­лім сабақ береді. Мектеп ди­ректоры Есен Баржақсиннің айтуын­ша, мұға­лімдерді бұрынғыдай ешкім мәжбүр­лемесе де, өздері белсен­ділік таны­тып, бәрі бірдей газетке жазылады екен. Себебі ұстаз газет, журнал, кі­тап оқуда үлгі көрсетпесе, те­лефонға телмірген жастардың бетін бері қарату қиынға соғып тұр­ған жайы бар. Мектеп табал­дырығын жаңа ат­таған бастауыш сынып оқу­шылары­ның өзінің көз жанар­лары нашарлап, алды көзілдірік таға бас­та­ған. Мінез-құлықтағы ауытқу­шы­лық, сөз көтере алмау да – соның салдары.

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіле баста­ғанын көріп, көтеріңкі көңілмен келесі ауылға аттанғанбыз. Алайда іргедегі Көктеректі көргенде көңіл құрғыр су сепкендей басылды. Кезінде талай тарланды құндақтаған қасиетті ме­кен қазір жойылудың сәл-ақ алдын­да тұр. Енді бірнеше жылдан кейін кел­сеңіз есімдері елімізге жақсы таныс қаламгерлер Жарасбай Нұрқанов пен Ермек Қонарбаевтың туған ауы­лының жұртын ғана сипап қа­луыңыз мүмкін.

Бұл ауылда мамандығы ор­ман­шы болса да, отты жырларымен оқырманның есінде қалған Ахмет­жан Нұртазин аунап-қунап өскенін де айтпай кетуге болмас. Ел арасында Көктерек “генералдардың ауылы” де­ген атқа ие. Олай деуге себеп те бар, осында туып-өскен бес бірдей аза­мат генерал шенін алған екен. Алай­да ауылдың қазіргі жағдайына қарап отырып, иықтарына жұлдыз тақ­қандардан көп қайыр жоғын бай­қауға болатындай. Шен тағып, шек­пен кимеген, яғни қарапайым бри­гадир болған мергендік Виктор Оку­невтен үлгі алса ғой дейсің осын­дайда.

Осы округке қарайтын Қаратал ауылы болашағы бар елді мекен­дердің қатарында. Аудан орталығы­на тиіп тұрғандықтан көшіп кетіп жат­қандар жоқтың қасы. Керісінше, ке­лем деушілер басым. Бұл ауыл тұр­ғындарының басты мәселесі – мек­теп үйінің тарлығы әрі әбден тозығы жеткендігі. Кезінде 60 орынға шақта­лып салынған бір қабат ғи­маратта 79 оқушы білім алады. Біз­бен бірге ауылдарды аралап жүрген аудан әкі­мінің әлеуметтік мәселелер жөнін­дегі орынбасары Арман Дүй­сенби­нов алдағы жылдары екі бір­дей мо­бильді мектеп салу жоспар­ланып отырғанын айтты. Біріншісі Мер­ген ауылында бой көтерсе, екін­шісін Қа­раталда тұрғызу ұйғарылған. Мо­бильді мектептің артықшылығы – қан­дай да бір жағдаймен тұрғын­дары жан-жаққа кетіп қалса, білім оша­ғын басқа жерге көшіруге бо­лады.

Аудан орталығындағы қазақ орта мектебінің де ғимараты ескі екені бірден аңғарылады. Жамап-жасқап қойған. Бірақ ескінің аты ескі ғой, бір жерінің сылағы опырылып түсіп жатса, екінші жағының едені сы­қырлайды, кейде төбесінен су ағып, ыңғайсыздық тудырады дегендей. Аудан әкімінің орынбасары 328 оқушы білім алып жатқан мектепке келер жылы күрделі жөндеу жүр­гізілетінін айтып сендірді. Аталмыш мектептің ұжымы да, одан кейін бас сұққан аудандық кітапхана қызмет­керлері де, аурухана дәрігерлері де газетке бір кісідей жазылуға уәде берді. Тек дәрігерлер күні бойы науқастарды қабылдайтындықтан поштаға барып жазылуға уақыттары жоқ екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары пошта торабының бас­шысына хабарласып, пошташыны ауруханаға жіберуге келісті.

Сергеевка қаласындағы оқыр­ман­дармен кездесу де қызықты өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Тұрар Оразалин 1962 жылдан бастап бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақ­ты оқырманы екенін жеткізді.

– Бұл газет – басты мінберіміз. Талай ақын-жазушыларымыздың шығармаларымен де осы басылым арқылы таныстық. Мәселен, Ермек Қонарбаев, Жарасбай Нұрқанов, Амандық Әбжановтардың тырнақал­ды туындылары осы газетте басы­лып еді. Кейін олар қарымды қалам­герлерге айналды. Кезінде ұлағатты ұстаздарымыз бізге газетте осындай ақынның өлеңі шықты, соны оқып кел деп тапсырма беретін. Қазір мұғалімдердің өздері газет алуды басы артық шығын көреді. Оқымаған мұғалім қалай сабақ береді? Мен соны түсінбеймін. Қазір заман өз­герді ғой, бірақ газеттің қоғамдағы рөлі сол қалпында сақталып қалды, – деді Тұрар Сейітжанұлы.

Ауыл-аймақты аралап жүргенде аңғарғанымыз, газет оқымайтын адамның бірден көзге түсетіні. Өзінің оқымағандығын ақтап алғысы кел­гендей, елден бұрын газетті қара­лауға кіріседі. Мысалы, тағатын не­гізгі міндері – билікті, әкім-қараларды мақтайсыңдар дегенге саяды. Жер­гілікті жерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін қазынадан қаржы алып отырғандықтан биліктің атқарып жатқан жұмысын көрсету – басылымның міндеті. Оның өзінде әкімдердің есептік кездесулері, қоғамдық қабылдаулар, жұмыс сапар­лары туралы материалдар ары кетсе екінші бетке дейін басылады. Одан әрі қарай оқырманды қызық­тырады-ау деген танымдық, тарихи мақалалар жарияланады. Оқитын адам осының бәрін біледі. Тіпті қай нөмірде қандай мақала жариялан­ғанына дейін айтып бере алады. Сергеевкадағы кездесуде сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төр­ағасы Хамит Найманов жақында басылған “Атағы жер жарған Жанбаев” деген мақала туралы жылы пікір білдірді.

– Интернет арқылы оқығанды не­месе теледидар арқылы көргенді лез­де ұмытып қаласың. Ал газетке жа­зылған дүние тасқа қашалғанмен бір­дей. Ғасырлар бойы сақталады. Қа­зір жазылып жатқан әрбір мақа­ла­да­ғы деректер ертең тарихи фак­тіге ай­налады. Кезінде ел басқарған Сағал­бай Жанбаев деген азамат туралы ел арасында аңызға бергісіз әзіл әң­гімелер бар. Оны көбіміз біле­міз, алайда солтүстікте қызмет етке­нін бі­рінші рет осы мақаладан оқы­дым. Мұн­дай атақты адамның біздің ау­данда еңбек еткені мақтаныш емес пе? – дейді Хамит Әбілқасымұлы.

Қазақ ауылдарының көбінің ша­ңырағы шайқалып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұруының бір себебі – күре жолдан алыстау орналасуы. Алайда жол бойына жақын жатса да тұрғындары үдере көшкен елді мекендер де баршылық. Солардың бірі – Жаңаталап. Бастауыш мектеп­те жеті бала қалыпты.

Негізгі жұмысымыз – оқырман­дармен жүздесу, газет тарату бол­ғандықтан ауылдағы пошташыны әңгімеге тарттық. “Жалақымыз мүл­дем мардымсыз, қолыма тиетіні бес мың теңге ғана. Хат-хабар ауылға аптасына екі рет – сейсенбі, жұма күндері жеткізіледі. Көлік болмаса немесе ауа райы бұзылса, кейде бір рет қана әкеледі. Бүгін пошта келуі керек еді. Хабарлассам, көліктері сы­нып қалыпты”, – дейді пошташы Раушан Есімсейітова.

Аудандық пошта торабына тие­сілі көліктердің әбден тозғанын аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов те айтты. Жақында төрт көлік бірдей сынған. Кесірінен кейбір ауылдарға зейнетақының өзі кешеуілдетіп жеткізіліпті. Облыс орталығынан бір көлік берілген, өздерінің бір машинасын жөндеген. Осылайша қазір аудан көлемінде хат-хабар, газет-журнал мен зейнет­ақыны осы екі көлік қана тасымалдап жүрген жайы бар.

Көршілес орналасқан Жаңажол ауылында интернеттің жылдамдығы төмен екен. Ғалым Малдыбаев атын­дағы мектептің кітапханашысы Бақыткүл Сейтқазинаның айтуынша, ғаламтор болмай қалған кезде он­лайн күнделік толтыруда қиындық туатын көрінеді. Мұндағы 89 оқушы­ға 25 мұғалім сабақ береді.

Бала саны азайып кеткен ауыл­дар­д­ың бірі – Кеңес. Орта мектеп деген аты болғанымен, бар-жоғы 55 оқушы қалған. Мектепалды даярлық тобында 8 бала бар. Шағын орта­лықта 13 бүлдіршін тәрбие алып жа­тыр. Балалардың саны аз болғаны­мен сапа жақсы. Былтыр мектеп бітірген 8 оқушының бәрі жоғары оқу орнына грантқа түскен. Біреуі Лит­вада оқиды. Биыл емтихандарын сәтті тапсырса, екі оқушы “Алтын белгі”, бір түлек үздік аттестат алмақ. “Уақытша отбасы” жобасы бойынша сырттан келіп оқитын балалар да бар. Мысалы, 8 отбасы Еңбек, Жал­тыр, Социал, Ступинка ауылдары­нан қатынайтын оқушыларды үйле­ріне тұрғызған. Ауыл күре жолдан төрт шақырым жерде орналасқан. Келесі жылы жолға асфальт төселеді деген жоспар бар. Мектепке спорт зал салынбақшы. Жобалық-смета­лық құжаты да дайын екенін білдік.

Бірлік ауылы да жол бойында жатыр. Мешіт салынған, дәмхана бар. Осындай игіліктер жасалып жат­қанына қарамастан, тұрғындар саны аз. Оны мұндағы мектепте 20 оқушы ғана қалғанынан-ақ білуге бо­лады. Әріптесіміз Өмір Есқалидің тұрғын­дармен кездесуінде меди­циналық бекеттің суық екені ай­тылды.

– Жас фельдшер келді. Мед­пункт­тің іші өте суық, қора ма дерсің. Ит байласа тұрғысыз. Сондықтан фельдшер үйінде отырады. Ауыра қалсақ, үйінен шақыртамыз. Мед­пункт деген құр аты ғана. Онда қа­жетті дәрі-дәрмек те жоқ. Аудан ор­талығына баруға мәжбүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Айман Ысқақова.

Ауданға сапар барысында Жа­ңасу, Ақсу, Социал және Алқағаш ауылдарына да барып, оқырмандармен жүздестік. Осы жерде алдымен жолдың жайын айта кеткен артық болмас. Аудан орталығынан шығып, Волошинканы бетке алғаннан-ақ тақтайдай тегіс трассаға түстік. Осы­ған дейін дәл осы жолдың сапасына қатысты сын түскенін естігеннен кейін ой-шұқыры қай жерде екен деген күдік болғаны жасырын емес. Тек Новопокровкаға жетер-жепесте 30 метр жолдың ойдым-ойдым болып қалғанына куә болдық. Өзі де сортаң жер екен, мердігер компания келесі жылы олқылықты жоятын болыпты. Жол әлі толық аяқталма­ғанымен, кезең-кезең бойынша асфальт төселіп, алдағы екі жылда Тимирязевке дейін толық жаңармақ.

Оқырмандармен кездесуіміз Жа­ңасу мектебінде өтті. Қос қабатты ғи­мараттың үсті жабық, бірінші қаба­тын­да ғана сабақ өтеді. Өйткені бір кездегідей бала сыймай жататын ор­та мектеп жоқ, тек бастауыш сынып­тар ғана қалған. Айналдырған 4-5 мұ­ғалім және бір кітапханашымен әңгімелесіп, келуіміздің мәнін түсіндірдік. Өйткені ауылдың қазіргі зиялысы – мұғалімдер болғасын, сол кісілерге баса айтуға тырыстық. Ұлттың саулығы да, рухани байлығы да мұғалімдердің қолында емес пе?! Бір қуантқаны, Жаңасу мектебінің жанындағы кітапхана. Кітап қоры мол, жас оқырмандарымен түрлі шаралар өткізіп тұрады екен. Меңгерушісі жүргізген түрлі шаралар үшін Алғыс хаттармен марапаттал­ғандарын мақтанышпен айтты. Осыдан-ақ бұл ауылда кітапқа деген құрмет барына, оқырмандары мол екеніне көз жеткізгендейміз. Тек урбанизацияның салқыны айналып өтпепті. Бір кездері кеңшар орта­лығы болған іргелі ауылдың жұқа­насы ғана қалған.

Ал Ақсудағы жағдай жақсырақ, 45 үй мығым отыр. Негізгі мектепте 40-тан астам бала бар. Бұл ауылда­ғы мұғалімдердің де құлшынысы жоғары. Редакция ұжымына кездесу барысында балаларды оқуға баулу үшін түрлі конкурстар өткізу туралы ұсыныс тастады. Яғни, жасөспі­рім­дер өз жерлестері, туған ауылы туралы мақала, эссе, очерк жазып, газетте жариялау туралы өтініш білдірді. Әрине, газеттің тірегі – ав­тор емес пе, сондықтан бұл ұсыныс­ты құп алып, болашақта арнайы айдар ашуды жоспарлап та қойдық. Түтіні түзу ұшқан ауылдың береке-бірлікте тұрып жатқанын бақуатты тірлігінен де байқадық.

Алқағаш ауылындағы жағдай да осыған ұқсас. Алқа-қотан отырған ауылдың тірлігі түзу. Ең бастысы, қазақылығы таймаған құтты мекен­дер­дің бірі. Қалаға көшкен жастар көп болса да, мұғалімдікті таңдап, қайтып оралғандары да бар екен.

Жолымыз түскен Социал ауы­лында да бастауыш мектеп қана қал­ған. Ауылдың негізгі тірегі – осы білім ошағы. Дүкен де жоқ. Тұрғындар қажеттісін аудан орталығынан әке­леді. Жергілікті тұрғын Амангелді Гәккуовтің айтуынша, биыл ғана жердің пайын бере бастаған. Оның өзінде жаңа келген серіктестік басшылығы тек ауылда тұрып жат­қандарға ғана үлестірген. Бұл да бір көмек дейді олар. Бір өкініштісі, жемшөп қымбат. Жайылым мен шабындық мәселесі де өткір тұр. Осы мәселелер біртіндеп шешілсе деген тілектерін жеткізді.

Біз Қызылжарға бет түзегенде, дала қараңғылық құшағына кірген еді. Екі қапталдағы ауылдар күре жол­дан шеткері жатыр, тек Бірлік қа­на көз ұшында. Кеңестің сайынан өт­кесін-ақ қамшылар жақтан жарық кө­рінді. Самаладай жарқырап, ат тө­беліндей ғана ауылды қала кей­пінде көрсетіп тұр. Осы ауылдың ту­масы, әріптесім Сағындық Мауғазин да таң­данысын жасыра алмады. Ауылдың дәл осылай жарқырағаны еміс-еміс есінде. Тоқырау жылдары­нан бері түн болса қараңғылық құ­шағына ене­тін. Енді міне, көшелерге баған ор­натылып, жарық тарты­лып­ты. Бұдан бөлек, алдыңғы жылы күре жолдан ауылға дейін 1,5 шақырым асфальт төселген екен, орталықтан­дырылған су құбыры да тартылып жатыр.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp