«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәуелсіздіктен қымбат қазына жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған Тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көте­ре­тін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. 1991 жылы азаттықты аңсаған елдің сан ғасырлық мақсаты орындалды. “Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” заң қабылданды. Елдіктің, мемлекеттіліктің барлық нышандары, белгілері орнықты. Кейбір сарапшылар “Тәуелсіздік бізге Алланың берген сыйы”, “Егемендік оңай уысқа түсті” дегенді айтып жатады. Мен бұл жаңсақ пікірге “Қазақ энциклопедиясын” құрастырушылардың бірі, ондаған жылдар бойы көз майымды тауысып, бірқатар елдердің және өзіміздің архивтерден Қазақ елінің тарихын зерделеген маман ретінде үзілді-кесілді қарсымын. Ондайларға айтатын уәжім де бар. Егемендік қазаққа оңайлықпен келген жоқ.

Иә, біз өткен ғасыр соңында Кеңес одағы аумағында орын алған дағдарыс жағдайында Тәуелсіздікке ие болдық. Қазақ елінің тарихын парақтасақ, оған жету үшін ғасырлар бойы қаншама күрестер жүрді. Сансыз қан төгілді. Елім деп еңіреген әрбір қазақ елдіктің жайын, ел болудың қамын ешқашан ұмыт­пады. Сондықтан Тәуелсіздік халқымыз үшін тосыннан пайда бола қалған үлес те, сый да емес. Тәуелсіздік – ғасырлар бойы толастамаған айқастың, елім деп еңіреген ерлердің қаны арқылы келген жеңіс. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен келген тарихтан өз жерін жау табанына бастырмау, ұлын құл, қызын күң етуге жол бермеу, батырлық, ержүректік, жауына қаталдық, досына адалдық, ұлтымыздың жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Әлемнің тоғызыншы территориясын сақтап қалып отырған қазақтың бойындағы қандай күш, әр кезеңде орын алған қиын-қыстаудан жол тауып шығуға қанат бітірген қандай құдірет деген сұрақтар туындайды. Бұл мәселе мені ғана емес, ұлтын сүйетін әр азаматты толғандырары хақ.

Ең алдымен, осының бәрі ұлттың асқақ рухы­ның арқасы. Рухы биік халық қиынға қайыспады, ауырға мойымады. Қазақ халқы үшін ежелден “азаттық”, “бостандық” ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер болды. XV ғасырдың орта кезінде тарихи аренаға шыққан Қазақ хандығы бар әлемге жаңа ел, жаңа мемлекет бар екенін жариялады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым жас мемлекеттің негізін құрады, ал Ақназар мен Тәуекел, Шығай мен Тәуке оны нығайтып жер көлемін анықтап берді. Жүз жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батыр­лары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма” заманында да мойымады, болашаққа деген үмі­тін жоғалтпады. Себебі азаттық қазақтың ежелгі арманы еді.

Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ есіл ер арыстандай арпалысты. “Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айыры­лады” дейді дана халқымыз. Өткен ғасыр басында Ресейдің бодауына түсіп, санасы сарсылған, ерік-жігері жаншылған қазақ халқын дербес ел етуге ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті.

Қазақтың басын біріктіріп ерікті ел болуын көксеп, бойларындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін қазақ халқы мен Алашқа арнаған халқымыздың нар тұлғалары ақтық демі қалғанша тәуелсіздік үшін күресті, өздерінің жандарын ұлы күресте құрбан қылып, бүгінгі егемен елдің негізін қалауға өз үлестерін қосты. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей тұтатып кетті. “КСРО құлады, Қазақстан дербес ел болады” деп естігенде бөрігімізді аспанға атып қуанғанымыз осы күнге дейін есімде.

Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі болды деді. Осы уақытта мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. “Қазақстан – 2030” стратегиясын қабылдадық. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.

Екінші онжылдық жылдарында мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. Тарихымызды түгендедік. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.

Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. “Қазақстан – 2050” стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Әр бағыт бойынша “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму”, “Нұрлы жол”, “100 нақты қадам” сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік. “Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылмағанын атап көрсетті. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымыз тартылуда. Сонымен қатар шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы. Мен де осы жобаларды орындаушы топтың ішіндемін.

Үстіміздегі жылы елімізде Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Республика күні мемлекеттік мереке ретінде қайта оралды. Биылғы маусым айында Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтті. Кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандық сайлаушылардың зор сеніміне ие болды. “Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ. Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін. Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына Құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым. Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі”, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада өткен ұлықтау рәсімінде.

Мен өз мақаламды “Тәуелсіз Қазақстан мәңгілік болсын!” деген бірауыз сөз ұмытылмас ұранымыз болуға тиіс деп аяқтағанды жөн көріп отырмын.

Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp