Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың аудандарға сапары жалғасуда. Бұл жолы өңір басшысы Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Жамбыл аудандарында болып, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, аудан басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айдарбек Сапаров Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаеводағы “Алтын ұрпақ” атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына барды. Былтыр ашылған орталықта қазір 152 бала тәрбие алуда, қолданбалы өнер, өлкетану, домбыра, робототехника сияқты бірнеше үйірме жұмыс істейді. Жасөспірімдерге жеті ұстаз дәріс береді. Бір жылдың ішінде балалар облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алған. Солардың бірі – Алдияр Бердіқұлов. Алты жасар балақай жасыл технология бойынша өткен республикалық байқауда 1-орынға ие болыпты. Ол пластикалық бөтелкелерден жасаған “көңілді” алфавитін әкімге де көрсетті.
“Алтын ұрпақ” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының филиалдары аудандағы басқа мектептерде де ашыла бастаған. Мәселен, №2 Булаев орта мектебіндегі филиалда экологиялық туризм үйірмесі жұмыс істейді. Жақында тағы бір осындай орталық Писаревка ауылындағы орта мектепте ашылмақ. Айдарбек Сапаров орталық мамандарына ризашылығын білдіріп, балаларға сәттілік тіледі.
Облыс әкімі Булаеводағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де барды. Ауданда соңғы төрт жылда бірнеше спорттық нысан салынған. Бүгінде тұрғындардың 38 пайызы спортпен айналысады. Жақында ғана бокстан Азия чемпионы атанған Нұрсұлтан Жақыпов пен хоккейден жастар арасындағы ұлттық құрамаға шақырту алған Михаил Калиниченко – осы ауданның тумалары. Айдарбек Сапаров ауданның спорт саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Мұндай нысандарды аудан орталығында ғана емес, ауылдарда да ашу керектігін айтты.
Облыс әкімі аудан әкімшілігінде тұрғындармен кездесу өткізді. Алдымен аудан әкімі Қайрат Омаров әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндады. Келер жылға арналған жоспарымен бөлісті. “Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 8 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Аудан орталығы Булаевода үш қабатты 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бір шаршы метрінің құны 160 мың теңгеден аспайды. “Тұрғын үй және инженерлік желілер салуға кететін шығын шамамен 900 млн. теңге. Биыл 381 млн. теңге бөлінді”, – деді аудан әкімі.
Ауданда кенже қалған салалар да бар екен. Соның бірі – мал шаруашылығы.
– Өздеріңізге белгілі, біз жыл сайын жарты миллион тонна сүт импорттаймыз. Шаруашылықтардың ілуде біреуі ғана мал өсірумен айналысады. Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмаған. Бұл саланы дамытуға бағытталған көптеген тиімді бағдарлама бар. Аудан аумағында не сүт, не құс фермасы жоқ. Осы жерде шаруашылық басшылары отыр. Аудан әкіміне дереу осы саланы дамытуды қолға алуды тапсырамын, – деді Айдарбек Сапаров.
Аудандағы білім деңгейі де мәз емес. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, аудан түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші – 69 ұпай. Бұл – облыстық деңгейден әлдеқайда төмен. “Білім басқармасы қайда қарап отыр? Неге түлектердің білім көрсеткіші өте төмен? Мектеп директорларын жинап, жиналыс өткізіңіздер. Себебін анықтаңыздар. Мектептер мен педогогтарға қажетті жағдай жасаңыздар”, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында аудандағы денсаулық сақтау саласы, сумен жабдықтау және жол мәселелері талқыланды. Аудан бөлінген қаражатты толық игере алмаған, мәселен бюджеттен жолдарды жөндеуге берілген 660 млн. теңге кері қайтарылған. Әкімнің айтуынша, бұл – аудан басшылығы жіберген олқылық.
– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ оны аудан әкімдері игеріп үлгермейді. Өйткені жоспарлау жағы ақсап тұр. Қаражатты басқа салаларға да жұмсауға болар еді. Биыл Булаево қаласына кіреберіс жолды жөндеуге, тағы бірқатар көшені қалыпқа келтіруге қаржы бөлінді. Аудан әкімінің міндеті – сол қаржыны уақтылы игеру, – деді өңір басшысы. Әкім кездесу барысында аудан тұрғындарынан түскен әр сауалды өз бақылауына алатынын жеткізді.
Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Мамлют ауданының Покровка ауылына барып, су құбырын тарту барысын көрді. Бұл жұмыс келер жылдың тамыз айында аяқталмақ, нәтижесінде елді мекеннің 1,5 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының не себепті кеш басталғанын сұрады. Мамандардың айтуынша, ауыл батпақты жерде орналасқан, сондықтан жердің қатқанын күтуге тура келген. Қазіргі уақытта жұмыстың 80 пайызы атқарылыпты. Жалпы аудандағы 38 елді мекеннің 24-і ғана орталықтандырылған сумен қамтылғанын айта кеткен жөн.
Бұдан кейін өңір басшысы Мамлютка қаласына соғып, тұрғындармен кездесу өткізді. Алдымен аудан әкімі биыл атқарылған жұмыстарға тоқталды. Владислав Лукиннің айтуынша, келер жылы орталықтандырылған су жүйесіне 7 елді мекенді қоспақ. Бұл ауданда да бюджеттен бөлінген қомақты қаржының бір бөлігі игерілмей қалған. Салдарынан 410 млн. теңге кері қайтарылған. Айдарбек Сапаров тиісті бақылау жүргізбеген аудан басшысының жұмысын сынға алды.
– Халық ақша бөлінбейді деп ойлайды. Ақша бар, ол игерілмеген. Мәселен, білім саласының өзіне 4,5 млрд. теңге, ал жолдарды жөндеуге 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Басқа салаларға да осылай қыруар қаржы бағытталған. Соның дұрыс жұмсалуын неге бақылауға алмайсыз? Жауапсыз мердігер болса, уақытында әрекет ету керек. Сізге бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын, – деді Айдарбек Сапаров.
Мамлют ауданындағы мал шаруашылығының дамуы да облыс әкімінің көңілінен шықпады. Аудандағы агроқұрылымдардың жартысы ғана мал ұстайды екен. Бұл бағытқа мемлекеттен түрлі қолдау бар. Сондықтан ерекше көңіл бөлу қажет.
Бұдан кейін өңір басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Ауылдағы ағайын бірқатар әлеуметтік мәселенің шешілгенін қалайды. Көбі Мамлютка қаласындағы жолдың жағдайына алаңдаулы. Жол тар әрі шұрық тесік. Өңір басшысы бұл мәселенің шешілетінін айтты. Аудандағы тағы бір өзекті мәселе – медициналық мамандардың жетіспеушілігі.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары дәрігерлермен бірге елдегі алты медициналық жоғары оқу орнына барып қайтты. Жыл басында 283 маман қажет болса, атқарылған жұмыстың нәтижесінде өңірге 180 дәрігер тартылды. Мамлют ауданына оның алтауы ғана келді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Кездесуден кейін өңір басшысы Мамлютка қаласындағы орталық аудандық ауруханаға барды. Емдеу мекемесіне былтыр 82 млн. теңгеге бірқатар заманауи техника алынған. Орталық аудандық аурухананың директоры Карина Граувергтің айтуынша, келер жылы аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Ауданда 21 медициналық және 6 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Бас дәрігердің сөзінше, солардың бірнешеуінде келесі жылы жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, 2024 жылы Новомихайловка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Жамбыл ауданында да болды. Мұнда да бюджет қаржысы толық игерілмеген, серіктестіктердің бір бөлігі ғана егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысуда. Аудан әкімі Марат Ескендіровтің айтуынша, келер жылы тауарлы-сүт кешенін ашу жоспарланған.
– Осындағы агроқұрылымдардың 60 пайызы мал шаруашылығымен айналыспайды. Яғни ауыл тұрғындары жыл он екі ай жұмыспен қамтылмаған. Сондықтан қалаға көшпегенде не істейді? Ауданда бірде-бір тауарлы-сүт кешені жоқ. Сүт өнімдері қаладан жеткізіледі, – деді Айдарбек Сапаров.
Жамбылдық шаруалар мемлекет тарапынан берілетін түрлі қолдауларды да пайдалануға құлықсыз. Әкім тұқым, тыңайтқыштар сатып алуға субсидия берілетінін жеткізді. “Неге соны пайдаланбасқа? Әлде, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу барысында қиындықтар туындап жатыр ма?! Олай болса айтыңыздар. Мәселені бірлесіп шешеміз”, – деді облыс әкімі кездесу барысында.
Биыл Жамбыл ауданына бөлінген қаржының 172 млн. теңгесі игерілмей қалған. Өңір басшысы бюджетті жоспарлауға тиянақты қарау қажеттігін қатаң ескертті. Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров орталық аудандық ауруханаға да соқты. Емдеу мекемесі 60 орынға шақталған. Жансақтау бөлімшесіне оттегі станциясын сатып алуды тапсырды. Аудандық емхананың да ғимараты ескірген, сондықтан емдеу мекемесін жөндеу қажеттігін айтты. Өңір басшысы жас дәрігерлермен кездесіп, жағдайларын білді.
Мағжан ҚАЗБЕКОВА,
журналист.