«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адамзаттың азығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапхана – ғылым мен білімнің, даналық пен дарқандылықтың киелі кеніші, ал кітапханашылар – осы қасиетті қарашаңырақтың шын жанашырлары.

Қоғамымыздың дамуы ақпарат­тың кең тарауымен, мәдениет мәйегін халыққа тереңдетіп түсіндіру мәселелерімен тиянақтала түседі. Осындай маңызды істерге жарқыл­даған аралдай, оты өшпеген қара ошақтай, қараңғы түнде алдан жа­рық сәуледей жол нұсқайтын – кітап­хана. Рухани тарихын, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан-теңіз. Бүгінде кітапханаларда жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелейтін, кітапқа деген қызы­ғушылығын арттырып, олардың бо­йы­на рухани-адамгершілік құнды­лықтарды қалыптастыратын әртүрлі зияткерлік мәдени іс-шаралар ұйым­дастырылуда.

“Кітап оқудан тыйылсақ, ой ой­лау­дан да тыйылар едік”, – деген еді жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қа­жетіне жарата білу – әрбір адам­ның білігі мен білімін, пайымы мен па­расатын айқындайтын алғышарт­тардың бірі.

Міне, осы мақсатта біздің кітап­ханада түрлі іс-шаралар ұйымдасты­рылып тұрады, көптеген қызықты “дөңгелек үстел” отырыстары, талқы­лаулар өтеді. Жыл сайын өткізілетін “Үздік оқырман” атты шараға қызы­ғушылардың қатары қалың. Төменгі сынып оқушылары әр сәрсенбі кі­таптармен жұмыс жасайды. Жыр­тылған кітаптарды жамап, сөрелерге қояды. Мұны біз “Дәрігер Айболит” деп атаймыз.

Үстіміздегі жыл “Балалар жылы” деп бекітілді. Осыған орай мәдениет ордасында бірнеше іс-шара өткі­зілді. Балаларға арналған кітап көр­мелерін безендіріп, жас оқыр­ман­дарға балалар әдебиеттерін наси­хат­таудың түрлі жолдарын ұсыну­да­м­ыз. “Сәкен сері” атындағы Мәде­ниет үйінде жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына арнал­ған “Кітап менің досым” атты конкурс ұйымдастырылды. Мағжан Жұма­баев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқа­нов, Сәкен Жүнісов, Сафуан Шай­мерденов сынды қаламгерлердің туындыларын оқыған Меруерт Мұ­рат­бек III орынға ие болып, Мадина Мүтәлләп, Аяулым Мұрат, Гүлнұр Мұ­ратбек Алғыс хат­тармен марапатталды.

Сонымен қатар биыл Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жылдық мерей­тойына орай кітапханаларда іс-шаралар өткізілуде. Кітап көрмелері қойылып, келушілерге ақынның өмір жолы, шығармалары жайында мағ­лұматтар берілуде. Оқырманда­ры­мыз республикалық “Жас дарын” және “МедиаБілім” республикалық журналының “Тіл тағдыры – ел тағ­дыры” атты онлайн байқауына қа­тысып I дәрежелі дипломдармен ма­рапатталды.

Кез келген кітапханашының мақ­саты – оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, сапалы тәрбие алу үшін көп оқып, көп іздену керек екенін түсіндіре отырып, кітапқа ерекше күтім керектігін айту деп санаймын. “Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге”, – деп ұлы ақын Абай атамыз жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Гүлзада МҰХАМЕДИЯРОВА,

Қулыкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp