Кітапхана – ғылым мен білімнің, даналық пен дарқандылықтың киелі кеніші, ал кітапханашылар – осы қасиетті қарашаңырақтың шын жанашырлары.
Қоғамымыздың дамуы ақпараттың кең тарауымен, мәдениет мәйегін халыққа тереңдетіп түсіндіру мәселелерімен тиянақтала түседі. Осындай маңызды істерге жарқылдаған аралдай, оты өшпеген қара ошақтай, қараңғы түнде алдан жарық сәуледей жол нұсқайтын – кітапхана. Рухани тарихын, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан-теңіз. Бүгінде кітапханаларда жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелейтін, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын әртүрлі зияткерлік мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.
“Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік”, – деген еді жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі.
Міне, осы мақсатта біздің кітапханада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, көптеген қызықты “дөңгелек үстел” отырыстары, талқылаулар өтеді. Жыл сайын өткізілетін “Үздік оқырман” атты шараға қызығушылардың қатары қалың. Төменгі сынып оқушылары әр сәрсенбі кітаптармен жұмыс жасайды. Жыртылған кітаптарды жамап, сөрелерге қояды. Мұны біз “Дәрігер Айболит” деп атаймыз.
Үстіміздегі жыл “Балалар жылы” деп бекітілді. Осыған орай мәдениет ордасында бірнеше іс-шара өткізілді. Балаларға арналған кітап көрмелерін безендіріп, жас оқырмандарға балалар әдебиеттерін насихаттаудың түрлі жолдарын ұсынудамыз. “Сәкен сері” атындағы Мәдениет үйінде жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған “Кітап менің досым” атты конкурс ұйымдастырылды. Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Жүнісов, Сафуан Шаймерденов сынды қаламгерлердің туындыларын оқыған Меруерт Мұратбек III орынға ие болып, Мадина Мүтәлләп, Аяулым Мұрат, Гүлнұр Мұратбек Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай кітапханаларда іс-шаралар өткізілуде. Кітап көрмелері қойылып, келушілерге ақынның өмір жолы, шығармалары жайында мағлұматтар берілуде. Оқырмандарымыз республикалық “Жас дарын” және “МедиаБілім” республикалық журналының “Тіл тағдыры – ел тағдыры” атты онлайн байқауына қатысып I дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Кез келген кітапханашының мақсаты – оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, сапалы тәрбие алу үшін көп оқып, көп іздену керек екенін түсіндіре отырып, кітапқа ерекше күтім керектігін айту деп санаймын. “Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге”, – деп ұлы ақын Абай атамыз жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.
Гүлзада МҰХАМЕДИЯРОВА,
Қулыкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Уәлиханов ауданы.