Зымыран уақыт алға жылжып, заман өзгерген сайын атадан балаға мирас болып жеткен көптеген рухани және материалдық құндылықтарымыз жойылып барады. Оларда қазір көп айтылып жүрген біздің ұлттық кодымыз жасырылып жатқандай көрінеді маған. Оқырман назарына көзден кетсе де, көңілдің түкпірінде қалып қойған ескірмейтін естеліктеріммен бөліскім келеді.
Шошала
Мен ес білгенде ауылдағы барлық үйде бірдей шошала болған жоқ. Әсіресе жастар жағы оны құнттамайтын. Біздікі алты қанат, алты бұрыш еді, төбесін үшкірлете ағаштан қиып жапқан, үстіне шым ойып салған. Дәл ортасында шаңырақ секілді тесігі бар, оны қыста қар түспесін деп жауып тастайды. Шағын әйнегі болды. Жарығы шамалы, бірақ көз үйренгесін қажетіңді тауып алуға жетіп жатыр. Ішінде төрт жерден ашаны тіреу қылып қойған. Оны ерекше еске алып отырғаным, қараңғыда талай соғылғаным бар. Қабырғасы талдан өріп жасалғанын да көрдім, біздікі тақтайдан еді, сырты ақ балшықпен сыланған. Апам марқұм жыл сайын әктеп отыратын.
Ішінде не жоқ дейсіз ғой, ашып қалғанда дәл ортада ыстауға қойған ет ілініп тұрады – жылқының, қойдың, ешкінің. Үрленген қарын да сонда. Оң жақ апамдікі болатын. Қазан, леген, шелектеріне арналған сөре бар. Ұзындығы бір метрден асатын қара астау да сонда. Оған апам соғымның қазыларын тұздаушы еді. Жанында кебеже тұрады. Ана бір жерде ойық бар, оған сүт, қаймағын қоятын. Сол қабырға атама тиесілі. Бірінші шегеге жіптер ілінеді, екіншісіне сым. “Ақ сым, қара сым” дейді өзі, ол да керек дүние. Одан кейінгілерге жүген, ноқта, қамшы, қамыт, доға, сейдолқа (ершікті солай атайтын), божы (делбе), айыл секілді ат әбзелдері тұрады. Төрге қарай атамның қастерлі қара шалғысы ілінген. Қайрағы мен төстігі жанында. Жоғарырақ, қол жететін жерге талдан аспа жасап, кенептен тігілген центнерлік қанарларын іледі. Тышқан теспес үшін әдейі биігірек қойғаны. Қобдиларда шегенің небір түрі бар. Түзуі де, майысқаны да, жолдан тауып алғаны да сонда.
Шошаланың алдында дөңбек тұратын. Талайды көрген. Әкемнің балалығын да көрген болуы мүмкін. Сол дөңбекте атам отырушы еді. Қасында ұршығын иіріп апам жайғасады. Осының бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Атам қайтып, ет асып жатқан кезде шошаланың төбесіне ұшқын түсіп, өртеніп кетті. Қайтып ешкім жөндеген жоқ.
Кебеже
Атам марқұм көк биені “малымның құты” деп ерекше әспеттейтін. Онысы түсінікті де, жыл сайын құлындап, аузын саумалдан айырмайды, малға шөп пен отынды сонымен тасиды. Қыстың күні тебінге жібермей қорада ұстайды. Шөптің көгін, отынан, сұлысынан молырақ салады. Оны суаратын шелегі де бөлек болады. Бейсауат жеккізбейді, мінгізбейді.
Ал апам болса шошаладағы қара кебежені “үйімнің киесі” деп толғанып отырушы еді. Таңғалатынмын. Атамдікі түсінікті, ал апамның мұнысы несі, қайдағы бір қара жәшікті кие тұтып. Оны жылына бір шығарып, күнге кептіреді. Қаңсып кетеді деп, шамалы дегдітіп алады да, қайта кіргізеді. Төрт қатар тақтай, бұрыштарына қаңылтыр ұстатқан, сырты ыс пен майдан әбден қарайған кәдімгі қорап. Ойнап кетпейтіндей қылып шақтап істеген қақпағы, төрт сирағы бар. Екі бүйіріне темірден иіп құлақ жасатқан. Шошаланың іші қараңғы әрі сәкі болмағандықтан сыз тартып тұрады. Сондықтан асты шірімес үшін сөреге қояды өзін.
Үйге сыйлы қонақ келсе кебежесін ашып, ұнның арасынан омыртқа, жая, қазысы бар, бір асым етін алып шыға қояды. Ауыл арасындағы қыдырмалар болса, сөреде ілулі тұрғандарынан асады. Қазының шыныдай сарғайған майын айтсаңшы. Табаққа түскендегі аңқыған иісінен бөлек, жылт-жылт еткен түрінің өзі тәбетіңді ашып жібереді.
“Әдейі сақтаған сыбағаң еді, алып отыр”, – деп қонақтың алдына үйе береді. Атам да білегін түріп тастап, мүйізсап бәкісімен жапырақтап турап, “жеженің” астына алады. Сүрдің майы қанша асасаң да жүрекке тимейді, тіл үйіретін ерекше дәмді болады.
Кебежедегі ұннан пісірілген бауырсақты айтсаңшы. Сүрдің иісі мен дәмі сіңген. Оны жесең ет жегендей боласың. Тіпті суығанын да тоспай, шырпыға шаншып алып, добалдай бауырсақты тістеп қалғанда таңдайыңа жабысып, көзден ыстық жас ыршып шығады. Оған да қарамай жей бересің, жей бересің…
“Менің берекемді кіргізіп, өзімізді асырап отырған осы кебеже, одан айырылсам үйімнен құтым қашады”, – дейтін апам. Қазір атам да, апам да, қара кебеже де жоқ. Бұл да бір көшпенді ата-бабамыздан көнеріп жеткен ырым шығар, әлде, қилы заманның қиындығын көрсе де сынбаған қайсар ұрпақтың көшелі өмір салты ма екен? Әйтеуір, әр үйдің, әр адамның құты, киесі, берекесін кіргізетін сүйікті заты болатынына сеніп өстім. Әлі де сенемін.
Шыжық
Көктем. Қар еріп жатыр. Бастауышта оқып жүрген кезім болу керек, даладан қарным ашып келді. Апам ауыз үйде қара тушаны жатқызып қойып түбітін тарап отыр. Ескі алашаны жайған, ешкінің үш сирағын байлап тастапты. Бір аяғымен мойнынан басып отыр, бишараның көзі алақ-жұлақ етеді. Қой қырқатын машинканың темір қайшысына шүберек орап, тарақ қылып алған. Аямай жұлады. Қара ешкі бақырып-бақырып алады, дауысы сай-сүйегіңді сырқыратады. Апамнан тамақ сұрап едім, үстелдің үстін көрсетті. Жұмысын бітірмей маған қарамайтынын білемін, әрі ойнап жүріп, шақырғанда келмеген өзім кінәлімін. Жылғаға қайық ағызудың қызығына батып, уақыттың қалай өткенін де білмеппін. Тамақты жапқан ақ орамалды жұлып алдым. Дастарқаннан үзілмейтін добалдай-добалдай қызыл бауырсақ, сары май бар екен. Шәй кеседе шыжық. Кәдімгі шыжғырылған май. Қойдың іш майын ұсақтап турап, қазанға салып шырылдатып, түтінін будақтатып қуыратын. Майын бөлек, шыжығын бөлек алады.
Шәйнектен кесеге су құйып алдым. Бауырсаққа май жағып алып жеп отырмын. Шыжықтың иісі мұрнымды қытықтай бастады. Бұрын тыжырынып жемейтінмін, қарным ашқасын ба аңсарым ауды да кетті. Қасықпен біреуін іліп алып, аузыма салдым. Тістелеп көріп едім, қызыл иекке жабысатыны болмаса дәмді екен. О, құдайым, бұрын неге жемегеніме өзім таңғалып отырмын. Астың төресі екен ғой деп қоямын. Содан бері шыжық – менің сүйікті асым.
Күпі
Біздің ауылдың үлкендері бұрын күпі киетін. Ауылда өскендер біледі ғой, дегенмен бертінгілер таңырқауы да мүмкін. Өйткені олардың көргені күпәйке киген қазақ қой. Күпі деген – қойдың жабағы жүнін бөлмей қырқып, сырып тігілген қалың киім. Сыртын қалың матамен қаптап, далитып қаусырма жаға тігеді. Тоннан әлдеқайда жеңіл, мол қылып тігілгендіктен, шаруаға киюге өте ыңғайлы. Сондай күпі атамда да, апамда да болды. Атамдікі қоңыр мақпалмен тысталған, жағасы қара болатын. Сыртынан белбеу тартып алады. Баста қара құлақшын, аяқта галош кигізілген пима. Қасы қалың, мұртты кісі еді, аязды күндері қырау түгілі мұз тұратын. Оны киімнің жоқтығынан емес, ыңғайлы болғасын киеді екен ғой.
Осыны жазып отырған кезде мына көрініс көз алдыма келе қалғаны. 8-9 жастағы кезім, атам мен апам көрші Өрнек ауылындағы Марс ағамызға қонаққа жиналды. Бұрын ілулі тұратын біркиерін үстіне іліп шығыпты. Аяқта саптама етік, қара тонның үстінен үш адам сиятын тұлыпты желбегей жамыла салып, шанаға отырғанының өзі бір керім. Апамның үстінде пүлішпен қапталған түлкі ішік, аяқта қолдан басылған биязы қара пима, баста түбіт шәлі. Делбені қағып қалып, төрт білем ұзын қамшыны сілтеп, апам екеуі аттанып кетті. Шыңылтыр аязда көк биенің қатқақ жолды қарш-қарш басқаны мен шананың сықыры музыкалық сүйемелдеу сияқты осы көрініске.
Күпіні көрген соңғы буын менің замандастарым шығар. Қазір ешкім тікпейді ғой. Сол күпі киген шалдармен бірге ауылдың қасиеті де бірге кеткен секілді көрінеді.