Мен қазақ тілінде әріп таныған жастардың бірімін. Яғни, қазақ тілін үйренген жоқпын, сол тілде білім алдым. Менің туып-өскен жерім Есіл ауданындағы Горное ауылында тек қазақ мектебі болды. Мектеп жасына жеткенде мені ата-анам сол білім ордасына жетектеп апарды. Яғни, қазақ тілін үйрену мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталды. Менің отбасымда ешкім қазақша білмейді. Себебі олардың бәрі орысша білім алған. Басында сабақты түсіну қиын болғанын жасырмаймын. Бірақ ұстаздарым мен жақындарымның қолдауының арқасында қазақ тілін еркін меңгеріп алдым.
Алғашқы ұстазым Үміт Таласпайқызы сабақтан кейін қалып, кітапты ежіктеп болса да оқуға үйреткені есімде. Қазір оның маған бөлген уақыты үшін алғысым шексіз. Егер мен үйге берілген тапсырманы түсінбесем, не болмаса қазақ тілінен жаттығуды орындауда қиналсам, көрші-көлем көмектесетін. Олардың мен тіл білсе екен деген ниеті мен ықыласы әлі күнге дейін көңілге жылылық ұялатады. Бірақ тіл үйренуде тәжірибе аса маңызды. Күнделікті өмірде қазақ тілін қолдану арқылы өзімнің сөйлеу дағдыларымды жетілдірдім.
Отбасымызда екі баламыз. Менен сегіз жас үлкен ағам бар. Ол қазақша түсінеді, ойын еркін жеткізе алмайды. Бұрын Горный негізгі мектебі орыс тілінде білім берген екен. Сондықтан маған дейінгілердің барлығы орыс тілінде білім алды. Біздің ауылда қазақ тілінде екі бала оқыппыз.
Елімізде қаншама этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың бір-бірімен тату-тәтті болуы өмірге деген көзқарасына байланысты шығар деп ойлаймын. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті елімізде соңғы уақытта мен сияқты қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл – түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Мен үшін қазақ тілі ана тілім сияқты. Достарым, таныстарымның барлығы – дерлік қазақ ұлтының өкілдері. Осы уақыт ішінде олармен арамызда еш түсініспеушілік болған емес.
Қазір біз Петропавл қаласында тұрамыз. Мектепті тамамдағаннан кейін ата-анамнан жыраққа кетпей, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің журналистика мамандығына оқуға түстім. Құжат тапсырарда қазақ тобын таңдадым. Себебі мен қазақша ойлаймын. Қазір үшінші курстың студентімін. Теориялық білімімді тәжірибемен ұштастыру үшін жоғары оқу орнының студенттік “Парасат” редакциясында оператор болып жұмыс істеп жүрмін. Болашақта осы ұжымда қаламын деп айта алмаймын. Қазір оператор болуыма мектеп кезінен бастап фотоға түсіруге қызығушылығым әсер етті. Фотоға түсіру – хас өнердің өзі. Фотография құр бейне емес, сөйлеп тұрған жанды дүние болуы қажет. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде операторлардың жұмысына қарап, оқушы кезімдегі осы қызығушылығым қайта оянды. Ал болашақта медиа саласына өз үлесімді қоссам деймін. Әсіресе осы саланы дамыту үшін зерттеу жұмысымен айналысуды жоспарлап отырмын. Мәселен, елімізде журналистика екі тілде дамып келеді. Соның ұқсастықтары мен ерекшеліктерін зерттегім келеді. Осы тақырыпты таңдауыма да екі тілді жетік білетіндігім себеп болып отыр. Жалпы мемлекеттік тілді меңгеруді әркім өзінен бастауы тиіс. Егер ниет болса, кез келген тілді үйренуге болады. Ал қазақ тілін үйрену тіпті оңай. Себебі біз қазақтілді ортада өмір сүріп жатырмыз. Теорияда үйренгеніңді тәжірибеде қолдана білуден қорықпау керек. Көпшілігі осыдан қысылады деп ойлаймын. Түсіне білген адамға Қадыр ақынның: “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген өлең жолдары – әр қазақстандықты қамшылайтындай-ақ сөз.
Наталья ХАЛИНА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті.