Барыс жылы өңірімізде өрттің көптігімен де есте қалғандай. Былтыр ормандарда 34 рет өрт шығып, салдарынан 1,4 мың гектарға жуық алқап жанып кетті. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, 12 орман шаруашылығы мекемесі мен “Красный бор” жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық мамандары қызыл жалынның алдын алуға атсалысуда.
Жалпы өрттің алдын алу – орманшылардың негізгі жұмыстарының бірі. Десек те тілсіз жау ойда жоқта пайда болатыны белгілі. Биыл орманды өрттен сақтау мақсатында 1,3 мың километр жер жыртылып, қауіпсіздік жолақтары салынды.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 47 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 834,4 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеген. Облыс аумағында тұрғындардың демалысын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін орман учаскелерін жалға алған 27 орман пайдаланушы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Басқарма мамандарының мәліметінше, биыл орман заңнамасын бұзудың 130 дерегі анықталып, кінәлі адамдарға 2 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған.
Облыста ұзақ мерзімге келісімге отырған 18 орман пайдаланушысы бар, олар ағаш дайындаумен және өңдеумен айналысады. Жыл сайын цехтарда шамамен 100-130 мың текше метр ағаш өңделеді екен. Бұдан облыстық бюджетке 273 млн. теңге қаражат құйылады. Өткен жылы 387 мың текше метр ағаштың 252 мың текше метрін орман шаруашылықтары, ал 135 мың текше метрін орман пайдаланушылар дайындаған.