«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Сырғанақ тебеміз, шынықсын денеміз!”

Ақерке Дәуренбекқызы

 51651651@soltustikkaz.kz

Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Юрий Красно­пер балаларға арнап биік сырғанақ жасады.

74 жастағы зейнеткер биік сыр­ғанақты Бескөлде бесінші жыл қа­тарынан тұрғызып отыр. Ол биыл қыс түсісімен үйінің жанынан ұзын­дығы шамамен 150 метрге жететін сырғанақты ешкімнің көмегінсіз жал­ғыз өзі салыпты. Қазір ол мұндағы қауіпсіздікті өзі қадағалайды әрі сырғанақты қалыпта ұстап, ма­ңайын­дағы қоқысты жинайды.

“Балаларым есейіп кетті. Біз зайыбым екеуіміз ғана қалдық. Бірде осындай сырғанақ жасау ойыма келді. Зейнетақыма барлық қажетті материалдарды сатып алдым. Қазір ауыл балалары сабақтан бос уақыт­та осы жерден табылады. Петро­павл­дан арнайы келетіндер де бар. Тіпті шетелден де қонақтар келді. Олар – канадалықтар, ағылшындар, ресейліктер. Қазақстанның басқа өңірлерінен осы жаққа қонаққа келгендер де мұнда соқпай кетпейді. Жұртқа пайдам тиіп жатқанына мен де қуаныштымын”, – дейді Юрий Краснопер.

Көпшіліктің көңілінен шыққан сырғанақтан бір мезетте екі адам қатар түсе алады. Биыл зейнеткер оны кеңейтіп, екі жолақты етіп жа­саған. Ол бұл жұмысқа екі апта уа­қытын сарп еткен.

“Үйде жатсаң ауыра бересің, аяқ-қолың сырқырайды, басың ауы­рады. Сол себепті мен таңертең ерте тұрып, осы сырғанаққа келемін. Беті тайғанақ болуы үшін күнде су құямын, айналасын қардан тазарта­мын. Сағат 23.00-ге дейін сырғанақ ашық. Балалардың саны көп. Олар кеткеннен кейін де маңайды жөнге келтіру керек. Мұндайда мен барлық ауру-сырқауымды ұмытамын. Таза ауа денсаулыққа пайдалы ғой. Сә­би­лердің дені телефон мен компью­терден көз алмайды. Олардың бір сәт табиғатқа жақын болулары үшін қолымнан келген шаруаны атқарға­ныма қуанамын. Бұл керемет емес пе?!” – дейді Юрий Краснопер.

Петропавл тұрғыны Ирина Вол­кова Бескөлдегі сырғанақ жайында естіп, оны көрмекке баласымен келіпті. Келіншек ұлымен бірге сыр­ғанақ теуіп, бой жазып, балалық шағын еске түсірді.

“Біз қалада тұрамыз. Бұл сыр­ғанақ жайлы талай естідік. Мұнда бірінші рет келіп тұрмыз. Оны жа­саған Юрий Красноперге алғыс айтамыз. Бұл жерде осыншама халық болады деп ойлаған жоқпыз. Сырғанақ біз ойлағаннан да үлкен екен. Баламның сырғанақтан кеткісі жоқ, оған да, маған да қатты ұнады”, – дейді Ирина Волкова.

Зейнеткердің айтуынша, сырға­нақ тебушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті ол келесі жылы оны бұдан да үлкейтіп, төрт жолақты етпек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp