Ақерке Дәуренбекқызы
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Юрий Краснопер балаларға арнап биік сырғанақ жасады.
74 жастағы зейнеткер биік сырғанақты Бескөлде бесінші жыл қатарынан тұрғызып отыр. Ол биыл қыс түсісімен үйінің жанынан ұзындығы шамамен 150 метрге жететін сырғанақты ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі салыпты. Қазір ол мұндағы қауіпсіздікті өзі қадағалайды әрі сырғанақты қалыпта ұстап, маңайындағы қоқысты жинайды.
“Балаларым есейіп кетті. Біз зайыбым екеуіміз ғана қалдық. Бірде осындай сырғанақ жасау ойыма келді. Зейнетақыма барлық қажетті материалдарды сатып алдым. Қазір ауыл балалары сабақтан бос уақытта осы жерден табылады. Петропавлдан арнайы келетіндер де бар. Тіпті шетелден де қонақтар келді. Олар – канадалықтар, ағылшындар, ресейліктер. Қазақстанның басқа өңірлерінен осы жаққа қонаққа келгендер де мұнда соқпай кетпейді. Жұртқа пайдам тиіп жатқанына мен де қуаныштымын”, – дейді Юрий Краснопер.
Көпшіліктің көңілінен шыққан сырғанақтан бір мезетте екі адам қатар түсе алады. Биыл зейнеткер оны кеңейтіп, екі жолақты етіп жасаған. Ол бұл жұмысқа екі апта уақытын сарп еткен.
“Үйде жатсаң ауыра бересің, аяқ-қолың сырқырайды, басың ауырады. Сол себепті мен таңертең ерте тұрып, осы сырғанаққа келемін. Беті тайғанақ болуы үшін күнде су құямын, айналасын қардан тазартамын. Сағат 23.00-ге дейін сырғанақ ашық. Балалардың саны көп. Олар кеткеннен кейін де маңайды жөнге келтіру керек. Мұндайда мен барлық ауру-сырқауымды ұмытамын. Таза ауа денсаулыққа пайдалы ғой. Сәбилердің дені телефон мен компьютерден көз алмайды. Олардың бір сәт табиғатқа жақын болулары үшін қолымнан келген шаруаны атқарғаныма қуанамын. Бұл керемет емес пе?!” – дейді Юрий Краснопер.
Петропавл тұрғыны Ирина Волкова Бескөлдегі сырғанақ жайында естіп, оны көрмекке баласымен келіпті. Келіншек ұлымен бірге сырғанақ теуіп, бой жазып, балалық шағын еске түсірді.
“Біз қалада тұрамыз. Бұл сырғанақ жайлы талай естідік. Мұнда бірінші рет келіп тұрмыз. Оны жасаған Юрий Красноперге алғыс айтамыз. Бұл жерде осыншама халық болады деп ойлаған жоқпыз. Сырғанақ біз ойлағаннан да үлкен екен. Баламның сырғанақтан кеткісі жоқ, оған да, маған да қатты ұнады”, – дейді Ирина Волкова.
Зейнеткердің айтуынша, сырғанақ тебушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті ол келесі жылы оны бұдан да үлкейтіп, төрт жолақты етпек.