Тайынша қаласында тарихи-өлкетану мұражайы ашылып, салтанатты іс-шараға аудан әкімі Берік Әлжанов, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Көрнекті жерде орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, аудандық және ауылдық кітапханалардың қызметкерлері жәдігерлер жинауға көмек көрсеткен.
Архив деректеріне сүйенсек, ертеде аудан аумағында ағылшын артельдері, мал шаруашылығымен, зергерлік және темір ұстасымен айналысатын ауылдар болған. Мұражайды тамашалаушыларға сол өткен кезеңнен сыр шертетін көптеген деректер ұсынылды. Оның ішінде Тайынша қаласы атауының пайда болуы жұртшылықты ерекше қызықтырды. Бір кездері Ресейден, Германиядан, Орта Азиядан, Қытайдан керуен жолымен келген көпестер осындағы көл жағасында ірі қара (құнажын, тайынша) саудалаумен айналысқан екен.
Залдың бірінен түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары орын алған. Оларды қазақ, орыс, украин, поляк, неміс және шешен-ингуш мәдениет орталықтары сыйға тартқан.
Ұлы Отан соғысына, тың жерлерді игеруге, ислам, православие, католик діндеріне қатысты тарихтан сыр шертетін жәдігерлер бар. Мұражай қабырғаларының бірінде аудан картасы бейнеленген.
Болашақта мұражай қорын толықтыру жоспарланған. Қала, ауыл тұрғындары ата-бабаларынан қалған ескі фотосуреттерді, көне ыдыс-аяқтарды, құжаттарды жинастырып, мұражайға тапсыра алады.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша ауданы.