Диас Аяған
Солтүстік Қазақстан облысының статистика департаменті өткен жыл бойынша өңірдегі инфляция туралы көрсеткіштерді жариялады. Департамент таратқан деректерге сүйенсек, 2022 жылдың соңында облыстағы инфляция 20,6 пайызды құраған. 2021 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болған еді.
Инфляция деңгейі халық жиі тұтынатын тауарлар мен қызметтердің 508 түрінің бағасының өзгеруімен анықталады. Оның ішіне азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер кіреді. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ, Қызылжарда азық-түлік тауарларының бағасы 25,7, азық-түлік емес тауарлар 19,6, ақылы қызметтер 14,2 пайызға өсті.
Бір жылда өңірдегі қанттың бағасы – 55, ұн 44,2 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 41,1, макарон өнімдері 33, сүт өнімдері 29,9, алкогольсіз сусындар – 23,3, ет – 21,5, жемістер – 24,8, жаңа піскен көкөністер 16,9 пайыздық өсім көрсеткен.
Департамент деректері 2022 жылы жуу және тазалау құралдарының құны – 36,7, тұрмыстық құралдарға – 23,5 , тұрғын үй-жайға қызмет көрсету және жөндеуге арналған материалдарға – 19,2, киім және аяқ киімге – 16,8, фармацевтикалық өнімдерге – 14,2 пайызға артқанын көрсетеді.
Қоғамдық тамақтандыру қызметтерінің бағасы – 29,9, шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтерінің бағасы 26,4 пайызға ұлғайды. Ал теріскейлік тұрғын үйді жалдаушылар болса 2021 жылмен салыстырғанда пәтер иелеріне 46,8 пайызға артық сомманы төлейтін болады.
Өңірдегі инфляция деңгейі ел бойынша көрсеткіштен 0,3 пайызға артық. Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы өткен жылдағы инфляция 20,3 пайыз екенін жариялады. Баға өсімі бойынша ең жоғары көрсеткіш Жамбыл, Қостанай облыстарында тіркелсе, төмені Шымкент пен Маңғыстау өңірлерінде.