Соңғы кездері облыста жұқпалы вирустық инфециялық аурулар мен тұмауға шалдыққандар көбейді. Соның әсерінен дене қызуын төмендететін дәрілерге сұраныс артқан. Петропавлдағы дәріханаларда парацетамол дәрісінің тапшылығы байқалады.
Қала тұрғыны Гүлжиһан Қайыржанқызы парацатамол іздеп, 1 күннің ішінде 10 шақты дәріханаға бас сұққан.
– Дәріханаларда дене қызуын төмендететін дәрілер жеткілікті. Солардың ішінде тұрғындар жиі тұтынатын парацетамол тапшы. Тіпті жоқ десек те болады. Бұл препарат арзан болған соң сұранысқа ие, – дейді ол.
Шынында, қаладағы 200-ге тарта дәріхананың біреуінен ғана парацетамолды табуға болады. Бұл мәселемен жіті таныс фармацевт мамандардың айтуынша, бүгіндері өңірдегі парацетамол қоры бір-екі аптаға ғана жетеді. Әзірге дәрінің бағасы қымбаттамаған, ол 85 теңгеге саудаланып келеді.
– Күніне орта есеппен 300-400 адам парацетамол іздеп келеді. Біз дәрі-дәрмек тапшылығы болатынын болжап, күзде көп алып қойғанбыз, – дейді фармацевт Евгения Сенченко.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыстық департаментінің мамандары қолайсыз ауа райына байланысты дәрі-дәрмектің кезекті партиясы өңірге дер кезінде жетпей қалғанын айтты. Тапшылықтың туындауына сұраныстың артуы да себеп болып отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.